Түтінге тұншыққан қала қиянатқа төзе бере ме?

de3d6512 5554 41b5 84aa c0cadca63523 Экология

Күн өткен сайын Атыраудағы экологиялық ахуал нашарлап барады. Атмосфераға жіберілген зиянды қалдықтар тұрғындарды әбден қажытты. Жылдар бойы көпті алаңдатқан күрмеулі мәселенің қалай реттелетіні де беймәлім. Денсаулыққа тиіп жатқан зардапты дәлелдеудің жолы да жоқ. Енді атыраулықтардың «дертіне» айналған сан сауалдың жауабы қашан айтылары белгісіз…

«Аmanat» партиясы облыстық филиалының жанындағы экология жөніндегі қоғамдық кеңес мәжілісінде осы тақырып арнайы қозғалды.

Ауаны кім ластады?

Алқалы жиында əуелі Атырау мұнай өңдеу жəне КPI зауыттарының атмосфераға лас қалдықтарды шығару мəселесі қаралды. Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Əлібек Бекмұхамбетовтың айтуынша, соңғы уақытта əлеуметтік желілерде жағымсыз иіске байланысты резонанстық жағдайлар жиіледі. Соның бірі 3 сəуірде орын алған-ды.

– «KPI Inc.» компаниясының жұмысында технологиялық ақау орын алды. Компрессорлар, технологиялық жабдықтар жұмыс жасамай, пропан мен полипропиленді дегидрлеу өндірісі апатты түрде тоқтады. Автоматты режимде өндірістің қауіпсіз тоқтатылуын қамтамасыз ету үшін жоба бойынша барлық технологиялық операцияларды сақтап, пропанды дегидрлеу қондырғысынан факелге шығарындылар жіберілді, – деді бас эколог.

Мұнай өңдеу зауытындағы технологиялық режимнің бұзылуы сағат 10:32-де қысқа мерзімді түтіндеуден басталған. 15 минуттан соң түтін толық сөндірілді. Ал, сағат 10:40 жəне 11:10-да «KEGOK» компаниясы тарапынан электр қуаты кернеуінің төмендетілуіне байланысты технологиялық қондырғылардағы динамикалық жабдықтардың бір бөлігі тоқтатылып, қайта іске қосылды. Облыстың бас экологы аталған деректер бойынша жоспардан тыс тексеру жүріп жатқанын, нəтижесі аяқсыз қалмай, толық хабарланатынын айтты.

«Көтере алмасаң, қосып арқала» демекші, сол күні «Ақжайық» резерваты аумағында қамыс өртеніп, жел бағытының қалаға ауысуына байланысты ауа сапасы мүлдем нашарлады. Атмосфераны бақылау стансаларына ластаушы заттардың мөлшерден асып кеткені тіркелді. Күкіртті сутегінің шекті шоғырланудан асу көрсеткіші – 3 мг/текшеметр. Бірақ, заңдылық бойынша бұл мөлшер 10-нан асқанда ғана шара қолданылатынын ескерсек, түтінге тұншыққан атыраулықтар тағы шарасыз күйде қалды. Негізінен ауа сапасындағы күкіртті сутегінің қалыпты мөлшері 0,008 мг/текшеметр болуы шарт. Облыстың бас экологы ұсынған мəліметте Атырау мұнай өңдеу зауытының былтырғы экологиялық көрсеткіштері де көңіл көншітпейді.

– Былтырғы жоспардан тыс тексеру нəтижелерінде сарқынды суларды ағызу кезінде мөлшердің сақталмауы, қоршаған ортаға эмиссиялар мен технологиялық қондырғылардың жоспардан тыс тоқтап қалуы секілді заң бұзушылықтар анықталды. Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жалпы көлемі 100 миллион 672 мың теңге əкімшілік айыппұл салынды. Бұған дейін де бір жылда алауда газ жағу фактілері бойынша бірнеше рет жауапкершілікке тартылып, талапқа сай айыппұл төлеген еді. Бірақ сот қаулысымен келіспеген зауыттың аппеляциялық шағымы негізінде іс қысқартылды. Департамент Атырау облыстық сотының қаулысын кассациялық тəртіппен қайта қарау үшін Жоғары Сотқа наразылық жолдады, – деді Əлібек Мұратұлы.

Шынында, департамент пен зауыт арасындағы кикілжіңнің туындағанына бірнеше жыл өтті. Ендігі тексерудің нəтижесі əзірге белгісіз. Бірақ зауыттың Бас директоры Мұрат Досмұратов əдеттегідей өндіріс орнында атмосфералық ластануға қазір де жол берілмегенін айтып, жұмыс барысымен таныстырды. Ғылыми-зерттеу институты құрылса… Облыста соңғы жылдары өкпе, тыныс алу жолы қатерлі ісіктерінің көбеюіне экологиялық ахуалдың нашарлығы бірден – бір себеп. Облыстық онкологиялық диспансердің директоры, облыстық мəслихат депутаты Эльмира Сапарова дерт дендеп жатқанымен, дəрігерлер мұның себебін анықтай алмай отырғанын айтып ақталды.

 – Уақыт өткен сайын адам денсаулығы нашарлап барады. Бұл экологиялық ахуалдың салдары ма? Əлде басқа себебі бар ма? Мұны нақтылап, дəлелдейтін уақыт жетті. Сондықтан, мəселені төтесінен қойып, аймақта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүйелі жүргізілуі қажет. Бұл – алдағы кезек күттірмейтін жұмыс. 1983 жылы онкологиялық аурулар ауруханасында мұндай бағытта тəжірибе жүргізіліп, нақты нəтижесі анықталды, – деді Эльмира Ғарифоллақызы.

Мəжіліске төрағалық еткен «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңес төрағасы, облыстық мəслихат депутаты Əлібек Семғалиев бұл ұсынысты міндетті түрде назарға алып, аймақта арнайы ғылыми-зерттеу институты немесе оның филиалын құруға қадам жасалатынын атап айтты. Қамыстан келер қауіп көп Өңірдің экологиялық мəселелері қаралған басқосуда «Ақжайық» резерватындағы қамыс өрті де назардан тыс қалған жоқ. Зерделеу мақсатында өрт ошағында болып қайтқан облыстық мəслихат депутаты Айбар Ерекешов те өз ойымен бөлісті.

– «Ақжайық» резерватына 2001 жылы барғанымда, табиғаты əдемі, көз тартарлық еді. Қазір мүлдем басқаша. Теңіздің суы тартылып кеткен, аңқұсы мүлдем жоқ. Оның арнасын тереңдету үшін каналдар қазылған. Бір сорақылығы, одан шығарылған топырақ 5-6 метр биіктікте үйінді болып жатыр. Бұл су көтерілген кезде жайылымға су жібермей, кедергі келтіріп тұр. Ал, су қамысқа дейін емін-еркін жетсе, топырақтың ылғалы сақталып, қамыс-қоғаның шаласы бықсып, өрт тұтанбас еді. Ол үшін теңізді тереңдету жұмыстарын дереу доғару керек. Біз осылайша, қолдан апатты жағдай қалыптастырып отырмыз. Артық қыламыз деп тыртық қылуға болмайды. Каналды тереңдетудің бұл тəсілі дұрыс емес, оны қазғаннан теңіз суы көтерілмейді. Бұл жерде де ғылыми тұрғыда мамандар мен саланың байырғы қызметкерлерінің тəжірибесі қажет, – деді Айбар Асқарұлы.

Әрине, депутат пікірінің жаны бар. Қазір тиісті құрылымдар қамыстың өртін сөндіруге ғана жұмылып жатыр. Ал, оның негізі себебі зерделеніп жатқан жоқ. Егер осы бағытта жалғаса берсе, атыраулықтарға қамыс жалынынан да келер қауіп көп. Сондықтан, кеңестің келесі мәжілісінде осы мәселе күн тәртібіне шығарылмақ.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз