Құрманғазыдағы қарекет қарқынды

img 20240422 wa0046 Қоғам

Өткен сенбіде Құрманғазы ауданының барлық ауылдық округінде су тасқынына қарсы жаға бекіту жұмыстарын жеделдетіп, бөгеттерді нығайту мақсатында сенбілік ұйымдастырылды.
Бұл күні техника мен қол күшінің басым бөлігі өзгелерінен гөрі мүмкіндіктері
аз Кудряшов пен Бірлік ауылдық округтерінде жоспарланған
жұмыстардың қарқынын арттыруға жұмылдырылды.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланғанындай, ерікті еңбек
мерекесіне өңір басшысы Абат Жанғалиев өзі бастап шығып, бекітілген дамбылар
бойында ауқымды жұмыстар атқарылды. Сенбілікке еріктілер, барлық салалық
бөлімдер ұжымдары мен оларға қарасты мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау
мекемелерінің қызметкерлері қатысты.

Бұдан бөлек, игілікті іс-шараға аудандық
Жастар ресурстық орталығы, Құрманғазы аграрлық колледжінің жастары және «Темірәлі» мешітінің жанындағы сауат ашу медресесінің шәкірттері, аудан және ауылдық округ әкімдері аппараты да белсенді атсалысып, үлестерін қосты.
Тұтастай алғанда, облыста төтенше жағдай жарияланғаннан бері екі
аптада жоспарланған жұмыстардың жүйелі жүзеге асырылуының арқасында өзеннің қауіпті тұстарын қамтуға тиісті жалпы ұзындығы 100 шақырымға жуық бөгеттің 70 шақырымнан астамы бекемделіп, меже 85 пайызға орындалған.

Дәулетқали АРУЕВ
Құрманғазы ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз