Серік Шәпкенов: «Басты міндет – барлық жағдайға дайын болу»

screenshot 20240422 094748 instagram Жаңалықтар

Атырау облысында Жайық өзенінің көтерілуіне және Иректі су қоймасынан су ағызудың ұлғаюына байланысты жағалауды нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Мұндағы басты міндет – су тасқынында барлық жағдайға дайын болу.

Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жедел штабтың кезекті отырысында атап айтылды.

Су тасқынына қарсы іс-шаралар мәселелері қаралған жиында аймақ басшысы бірнеше талап-міндетті алға қойды.

-Қазір судың мүлдем келмейтіні туралы жағымды пікірлерден бастап қауіпті жағдайға соқтыруы мүмкін екеніне дейін түрлі пікірлер бар. Жергілікті атқарушы органдардың міндеті барлық жағдайға дайын болу. Біріншіден, Батыс Қазақстан облысындағы жағдайды ескере отырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Тұрғындарда егер су келсе қандай қадамдар жасау керектігі туралы нақты түсінік болуы керек.

Екіншіден, Жайық өзенінің бойындағы қауіпті жерлерге тағы да мұқият талдау жүргізіп, қалада ғана емес, Махамбет және Индер аудандарында да қажетті шараларды қабылдау қажет.

Үшіншіден, салынып жатқан бөгеттердің сапасы мен тығыздығына назар аудару қажет. Мамандар қажетті өлшеулер мен сынақтарды жүргізіп, осал тұстарын анықтауы керек. Егер тасқын су әлсіз жер тапса, мыңдаған атыраулықтардың, компаниялардың, жергілікті атқарушы органдардың орасан зор еңбегі бекер болмақ, – деді облыс әкімі.

Бүгінде Атырау қаласы бойынша 21 сәуірге жоспарланған 243 шақырымнан 221,1 шақырым бөгет тұрғызылды, орындалған жұмыс көлемі 91%-ды құрайды, жағалауды нығайту жұмыстарына 993 бірлік техника, 1496 түрлі мекемелердің қызметкерлері және 3000-ға жуық ерікті жұмылдырылды.

Өңір басшысы әрбір бөлінген учаскеде кезекшілікті алдын ала дайындаудың маңыздылығын атап өтті.

-Белсенділер, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, әкімдік, полиция өкілдері қатарынан кімнің және қай учаскеге жауапты екенін алдын ала тізім жасау қажет. Сондай-ақ, кезекшілерді барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ету қажет, – деп түйіндеді Серік Шәпкенов.

Жалпы облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға жоспарланған 512,2 шақырымның 462,88 шақырымына бөгет салу жұмысы жалғасуда. Орындалған жұмыс көлемі 90,3%, жағалауға құм толтырылған 2,7 миллионнан астам қап төселді. Бұл жұмыстарға 15 264 адам және 1745 бірлік техника жұмылдырылды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз