Бутадиен: зауыт қашан салынады?

81c1cd8c7d6cb5a37b06231d8ebece1cc3bfcf1f Экономика

Биыл қыркүйек айында біраздан бері айтылып келе жатқан бутадиен және синтетикалық каучук өндіру зауытының құрылысы басталуы мүмкін. «Бутадиен» ЖШС бас директоры Шыңғыс Сұртаевтың айтуынша, бүгінде оны жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Бутадиен жобасында бес түрлі өнім шығару көзделген. Зауыт пайдалануға берілген кезде 754 маман, құрылысқа екі мыңнан жуық адам тартылмақшы. Зауыт қаладан 500 шақырым жерде, яғни, арнайы экономикалық аймақта орналасады. Жобаға негізінен сутексіздендіру, полимерлеу бойынша инженер-технологтар керек. Жобаның жалпы құны 900 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұл жолы серіктестік С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті және техникалық бағыттағы бірқатар жоғары оқу орнымен келісімге келген. Яғни, дуалды оқыту жүйесі арқылы кадрларды өндіріске тартып, кейін жұмысқа орналастырмақ ниетте.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, бутадиен жобасы бойынша негізгі мәселе шешілген. Бүгінде ҚМГ, ТШО, Татнефть пен «Бутадиен» ЖШС арасында шикізат шартының жобасы келісілген. «Бутадиен» ЖШС ұйымдық құрылымы мен бюджеті бекітілген. Жоба конфигурациясының өзгеруіне байланысты ҚМГ мен Татнефть арасындағы бірлескен қызмет туралы келісімге өзгерістер енгізілмек. Қазір Lummus, Versalis (Eni) және ETIC сияқты жетекші әлемдік технологиялар лицензиарларымен келіссөздер жүргізілуде.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз