Субсидиялау агросекторды тиімді дамытады

9751cda1 6bb6 4438 8a6e 25db63e61fe3 Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығын дамытудың бір жолы – субсидиялау. Бұл бағдарлама дамыған елдерде сан жылдар бойы жалғасып, оң нәтижесін беріп келеді. Аталған үрдіс елімізде де бір жүйеге қойылып, мемлекеттік қолдау тауып, қабылданған бағдарламалар негізінде бағыттары да көбеюде.

Бүгінде Қызылқоға ауданында ауыл шаруашылығы саласында 1 өндірістік кооператив, 2 агрофирма, 5 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 6 серіктестік, 557 шаруа қожалығы тіркелген. Олардың ішінде 142 шаруа қожалығы, 1 ауылшаруашылық өндіріс кооперативі, 2 ЖШС субсидия алып, ірі қара және қой шаруашылығын дамытуды қолға алған.

Айта кету керек, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау ережесі бойынша ірі қара селекция жұмыстарына  тауарлық аналық басқа – 10 мың теңге, асыл тұқымды аналық басқа 15 мың теңге төленеді. Сол сияқты бір аналық қойға 2 500 теңге берілсе, асыл тұқымды қойға 4000 теңге теңге көлемінде субсидия төленеді.

Ал асыл тұқымды отандық ірі қара малын сатып алғаны үшін – 150 мың теңге, асыл тұқымды қой үшін 15 мың теңге қарастырылған. Асыл тұқымды айғыр немесе түйе сатып алғаны үшін 100 мың теңге төленеді. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен ұсынылған ақпараттарға сүйенсек, тек өткен жылдың өзінде өңірде 82 шаруашылық құрылымына 1077 бас асыл тұқымды мал (оның ішінде 233 бұқа, 413  сиыр, 231 қошқар, 200 қой) алынды. Тұтастай алғанда, аудандағы шаруа қожалықтары мен шаруашылықтарға  барлығы  955 млн. теңге сомасында  мемлекеттік субсидия берілді.

Осылайша, алдыңғы жылмен салыстырғанда, мемлекеттік қолдау шараларының  қаржылай көлемі 114,3 пайызға  артты. Бұған қоса, қазіргі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға бағытталатын субсидия көлемі де ұлғайтылып отыр. Бұл мақсаттағы қайтарымсыз қаражаттың сомасы бюджеттен бөлінетін субсидияның  25-30 пайызын құрайды.

Сарапшылардың мәліметінше, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауылшаруашылық техникаларын лизингке алу кезінде бірінші төлемге шаруашылықтың қаражаты болмаған жағдайда тиісті субсидияның ақшасын бірінші төлем жасауға мүмкіндік қарастырылған.

Мәселен, мемлекет тарапынан жасалынған мұндай мүмкіндікті тиімді пайдаланып отырған қызылқоғалық шаруагерлер теңгеріміндегі ауыл шаруашылығы техникаларының базасын жаңартып, жақсарту мүмкіндігіне ие болып отыр.

Сөйтіп, олар 78 бірлік техниканы жаңадан сатып алған. Нақтылай кетсек, оның 21-і трактор, 57-і  мал азығын дайындайтын әр түрлі арнаулы техника. Мұның өзін аграрлық секторды алға бастыру үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған батыл қадам, байыпты бағдар деп бағалаған абзал.

Дәулетқали АРУЕВ
Қызылқоға ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз