Баннер 9 мая от газеты Атырау

АРДАГЕРЛЕР – ӘРКЕЗ САПТА

Балықшы аймақтық ардагерлер кеңесіне соғыс және тыл, еңбек ардагерлері мен майдангерлердің жесірлері тіркелген. Бұлардың ең жас дегендері – жетпісті алқымдап қалғандар. Көпшілігі ұзақ уақыт бойы үлкен мекемелерді басқарып, халықпен жұмыс жасап тәжірибе жинақтағандар, бұрынғы партия, кеңес органдарында, мәдениет бөлімдерінде, бұқаралық ақпарат құралдарында жауапты қызметтерде жасағандар, ардагер ұстаздар, яғни көпшілігі халықтың зиялы қауым өкілдерінен құрылған аузы дуалы қарттар.

Ардагерлер ұйымдары осы ардагерлердің білімдері мен тәжірибелерін халық арасында, әсіресе жастар арасында патриоттық тәрбиені жүргізуде ұйымдастырып, басшылық жасап келеді. Ал, бастауыш ұйымдар жергілікті округтік, ауылдық, селолық әкімшіліктермен бірлесіп жұмыс жасап келеді. Мәселен, жақында Геолог округіндегі №36 мектептің ұжымымен бірлесе отырып, қала округтеріне қарасты мектеп оқытушыларымен арада волейболдан қалааралық жарыс өтті. Ондағы мақсат Отан соғысы және еңбек ардагері Ж.Шахаевты еске алу, ерлік істерін ұрпаққа үлгі ету еді.
Қазақта «өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деген тамаша бір тағылым бар. Біздің ардагерлеріміз өткенге тағзым етуді қашанда қасиетті борыш санап келді. Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың «Бірлік» поселкесінде орналасқан ескерткішіне барып, майдангер рухына тағзым еткен күн өз алдына үлкен бір тағылымды шара болды. Шара барысында ардагерлер отты жылдар туралы естеліктерімен бөлісіп, батырдың бойындағы тамаша қасиеттерді тағы бір еске алды.
Ардагерлер әркез сапта. Олар ұрпақ тәрбиесін қашанда басты назарда ұстап келеді. Исатай Тайманов атындағы орта мектепте өткен жастармен кездесу осы сөзімізге бірден-бір дәлел бола алады. Кездесу барысында майдангерлер жастарға тағылымы мол әңгімелерін арнады. Жалпы жастарға патриоттық тәрбие беру жөнінде БАҚ және телеэкрандарда да көрсетіліп жатады ғой. Дейтұрғанмен, осы іске ардагерлердің тікелей қатынасып, жастарға ауызба-ауыз ақыл-кеңестерін айтуы тиімдірек секілді.
Тәрбиенің ең үлкені, ең маңыздысы – жастардың тәрбиесі. Өйткені, бүгінгі жас – еліміздің ертеңі. Сондықтан, жастар тәрбиесінің бағзы заманнан қалыптасқан ұлттық дәстүрін, әдептілік қағиданы ешқайдан іздемей-ақ, білімді де тәжірибесі мол ардагерлерімізді пайдаланып, қайта жалғастыруымыз керек.
Бүгінде діни сауатсыздық мәселесінің, әсіресе, жастар жағын адасушылыққа алып бара жатқаны белгілі. Бұл мәселе майдангер ретінде біздерді де қатты толғандырады. Жуырда Балықшы ауылдық әкімшілігі кездесу ұйымдастырды. Шараға облысымыздағы белгілі теолог мамандар мен мешіт имамдары арнайы шақырылды. Кездесуге ардагерлер де қатынасты. Біздің ойымызша, әкімшіліктің жауапты адамдары осындай кездесулерге әсіресе теріс ағым жетегінде еріп жүрген жастардың ата-аналарымен бірге қатысуына мейлінше жағдай жасауы керек. Сонда ғана сауатты маман пікірлері адасушы жастардың ойына ой салар еді.

Әлібек ТҮСІБӘЛИЕВ,
Балықшы соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы,
Қамза ҒАБДОЛЛА,
алқа мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз