«Суперасфальт» технологиясы қолданысқа енгізіледі

585766360646ca956 Инфрақұрылым

Қазақстанның жол құрылысы ғылыми-зерттеу институты еліміз үшін жаңа отандық өнім – суперасфальт технологиясын меңгеруде. Бұл жол-құрылыс индустриясы саласында жағымды жаңалық болып отыр.

Айта кету керек, бұл жоба республика Көлік министрлігінің автокөлік жолдары комитетінің тапсырысымен жүзеге асырылуда. Бүгінде аталған институт Қазақстан үшін жаңа ,,Superpave» деп аталатын асфальт жабындыларын жобалау технологиясын қолға алған.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір ғылыми-зерттеу институты болашақта отандық асфалт-бетон зауыттарын заманауи технологиямен жұмыс істеуге бейімдейтін нормативтік құжаттардың бірінші кезекте рәсімделуге тиісті кезеңіне шықты.
Осымен бір мезгілде жаңа технологияны өндіріске енгізудің кезеңдік бағдарламасы жасақталуда. Сонымен қатар жаңа құрал-жабдықтармен жұмысты басқару тәсілдері әзірленіп, есептеулердің шетелдік үлгілері сынақтан өткізілуде.
Сарапшылардың түйіндеуінше, ,,Superpave» технологиясы кәсіби мамандардың арасында ,,Суперасфальт» деп аталады. Қазірдің өзінде ол АҚШ, Канада, Сауд Арабиясы, Жапония, Корея, Қытай, Катар мемлекеттері, Еуропа, сондай-ақ бірқатар дамыған және дамушы елдерде тиімділігін көрсетіп, кең қолданысқа ие болып үлгерген.

–Жобалаудың жаңа жүйесі өзінің өміршеңдігімен ерекшеленіп, жол құрылысында үлкен сұранысқа ие асфалтт-бетонның сапасын жақсартып, автомобиль жолдарының жөндеуаралық және жарамдылық мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Жаңа әдіс-тәсілдер қолданылуымен байланысты жолдардың бойындағы ой-шұңқырлар проблемасы да оң шешімін тауып, асфальт-бетонның тұрақтылық және төзімділік деңгейі артады, – дейді жобалаушы ғылыми-зерттеу институты жаңа технологиялар басқармасының басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз