Жайықтың түбін тереңдету септігін тигізуде

6bb2456b dec5 4928 8e6d b8341873e3ef 1 Жаңалықтар

Атырау өңірінде тасқыннан келер қауіптің алдын алуда Жайықтың түбін тереңдету жұмыстары біраз септігін тигізіп жатыр. Бұл туралы аймақтағы су тасқынының жағдайы туралы 6 мамыр күні өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов хабарлады.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір Жайық өзенінің жағасында бөгеттерді бекіту жұмыстары 99,6 пайызға бітіп тұр. Яғни, 522 шақырымнан астам бөгет соғылған.

– Махамбет, Индер аудандарындағы қауіптің алдын алу мақсатында биіктігі 2-4 метр болатын бөгет соғылды. Екі аудандағы бөгеттерге өр суы енді жетіп жатыр. Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданынан келе жатқан су Индер ауданына жетіп, кейбір жердегі арналарды толтыруда. Сондай-ақ кейбір жерде арнасынан асып жатқан жағдайлар да бар. Биыл қазылып, арнасы тазаланған каналдардың барлығына су шыға бастады. Атап айтқанда, Қараөзек, Соколок, Зарослый, Нарын каналдарына келген су қазір өз арнасымен ағып жатыр. Соколок жағындағы жайылымға да су шыға бастады. Демек Каспий теңізіне дейін су әлі жеткен жоқ, – деді Нұрберген Мәлікұлы.

Сонымен қатар, Жайық өзенінің теңізге құяр сағасында 4 шақырымнан астам жердің түбін тереңдету жұмыстары аяқталған. Басқарма басшысы мұның да өз деңгейінде көмегін көрсетіп жатқанын айтты. Ал Еркінқала ауылдық округіне қарасты балық өткізетін каналдың су өткізу деңгейі жақсы.

– Жайық өзеніндегі судың ағу қарқыны әлі бірнеше күнге дейін жалғасады деген болжам бар. Одан соң сол деңгейде ұстап тұруы тиіс. Қазір қауіпті учаскелерге кезекшіліктер қойылған, жауапты адамдар мен үйлестірушілер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Әзірге жағдай қалыпты, қауіп жок, – деді Н.Құсайынов.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз