Бірлігі бекем ауыл

uuuuuuuuu Қоғам

Соңғы бірнеше жыл бойы Қызылқоға өңірі жыл сайын көктемгі өр суына қарсы күресті күшейтіп, алдын алу жұмыстарын жасап келе жатқаны белгілі. Ал, биыл наурыз айының соңы мен сәуір айының басында аудан елді мекендеріне тасқын судан қауіп төніп, ел-жұртты әуре-сарсаңға салғанда аудан халқы түгелге жуық жұмылып, су тасқынына қарсы алдын алу шараларын өз күштерімен бастап кеткен болатын. Әсіресе, «Ақтөбе облысынан шекаралас жатқан аудан орталығы – Миялы ауылына арнасынан асқан Ойыл өзенінің суы бағыттап келе жатыр» деген хабар естілгеннен-ақ дегбірі қашқан ауыл тұрғындары дереу шешім қабылдап, бөгет соғып, ауылды тасқын судан құтқаруға асықты. Оның басы-қасында жүрген ауыл тұрғындарының бірлігі мен тату тірлігіне күллі ел сүйсінді. Артынша Ойыл өзенінің бойында орналасқан өзге де елді мекендердің тұрғындары түгел жұмылып, тілсіз жауға тойтарыс берді.

Ресейден ентелеп келе жатқан Жайық өзені облыс орталығы мен өзен бойын жағалай орналасқан Индер, Махамбет ауданына қауіп төніп келе жатқанын естіп, жан ұшырған азаматтар қызылқоғалықтардың ауызбірлігін айтып, соларды үлгі қылып жатты.

Сол уақытта ауылын аман алып қалу үшін жанталасқан жастардың қатары аз болған жоқ. Солардың бірі – Миялы ауылының тұрғыны Қайырнұр Рысмағамбетов. Ол вахталық әдіспен бір компанияда жұмыс істеп жүрген ауылдың алты жігітімен бірге жұмыстан сұранып, бөгет соғуға көмектесуге келген.

– Су тасқыны болатыны алдын ала хабарланып, төтенше жағдай жарияланды. Ол кезде мен жұмыста едім. Хабарды ести сала жұмыстан сұранып, ауылға көмек қолын созуға асықтық. Содан еңбек қатынастары және кадр бөлімдеріне ауылдағы жағдайды баяндап, арнайы өтінішпен жұмыстан босатуды сұрадық. 31 наурыз күні ауылға келген бойда бөгет соғып, қапшық қаптау жұмыстарына кірісіп кеттік. Шынын айту керек, ауылдың су тасқынына дайындығы жоқ болатын. Ауылда техника да жеткіліксіз, ауылдағы 5-6 техниканың өзі компаниялар мен жеке кәсіпкерлердікі. Ауылды айналдыра жалпы ұзындығы 43 шақырымнан астам бөгет соғылды. Ең қиын жұмыс 31 наурыздан 2 сәуірге дейін жалғасты. Сәуірдің 31-інде түстен кейін сирена ойнағанда, оған үйренбеген халық абдырап, бөгет басындағы тұрғындардың саны азайып, әркім үйді-үйіне барып, хал-қадерінше қамданып жатты. Бір жағынан судың деңгейі сағат сағайын өсіп, халықты үрей биледі. Бөгет басында санаулы-ақ адам қалды. Содан WhatsApp желісі арқылы топ ашып, оған 1000-нан астам ауылдас жігіт қосылып, азаматтардың басын қайта қостық. Сол кезде де бөгетті биіктету жұмыстарын жалғастыра бердік. Тіпті, кейбір әлсіз тұстарды жырып кіре бастаған суды қайтадан бітеп, бір кісідей жұмылғанның арқасында ауыл тасқыннан аман қалды. Жанұшыра көмектесіп жүрген жігіттердің үстері малмандай су болып, тіпті қара басының қауіпсіздігін бір сәтке ұмытып, ортақ мүдде жолында жанталасып жатты. Жергілікті әкімдік те ауылдағы әр мекемеге 100 метрден бөгет соғу үшін учаскелерді бөліп беріп, тәулік бойы қарауыл ұйымдастырды. 7 сәуірге дейін ауылдың азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұйымдасқанның нәтижесінде жұмысты толассыз жалғастырды. Бір-бірінің сөзіне тоқтап, кикілжіңге бармай, үлкендер жағы бөгет соғу жұмыстарын жастардың қолына бірауыздан тапсырды, – дейді Қайырнұр.

Мұндайда ауызбірлікке ұйыған жігіттер ауылдан түлеп ұшқан азаматтарға хабар айтып, 1-2 сәуір күндері олар да туған жерге ағылып келіп жатты. Бір жарым тәулік бойы бел жазбастан тасқынмен алысқан ауылдастар өзге іске алаңдамастан туған жердің аман қалуы үшін жандарын шүберекке түйіп тер төкті. Ойылдың жоғары ағысындағы, басқа да өңірлердегі су тасқынының зардабына көз жеткен соң, солардың күйін кешпеу үшін барлығы да жан-тәнімен атсалысты. Артынша судың деңгейі де біртіндеп төмендей бастады.

– Тасқыннан қорғану жұмыстарына елдің үлкені де, кішісі де жұдырықтай жұмылды. Бөліп-жаратыны жоқ, кәсіпкерлер мен еріктілер, тіпті әр көшенің тұрғындары – әйелдер мен балаларға дейін ораза күндері ауыз ашып, ауыз бекітер кезде де бөгет басындағы жұмысшыларға ас-суын дайындап, тік тұрып қызмет қылды. Судың қарқыны қайтып, жағдай тұрақтала бастағанда ғана жұмысымызға кеттік. Осы кезде бізге түсіністік танытқан компания басшыларына алғысымыз шексіз. Тіпті диплом табыстап, ақшалай марапаттарын да беріп жатты, – деді Қ.Рысмағамбетов.

Бірліктің көрінісі сол шығар, тұтас ауданды тасқын судан аман алып қалған қызылқоғалықтар барша халықты Атырау қаласына төніп келе жатқан су тасқынынан сақтау үшін бөгет соғу жұмыстарына шақырып, өздері де қаланы қорғап қалуға атсалысты. Бір топ ерікті су тасқынына дайындық жұмыстарына қол күшімен көмек беруге аттанып, бөгет тұрғызуға асықты. Олар осындай қиын-қыстау уақытта жайбарақат отыру ер-азаматқа жараспайтын қылық екенін айтады.

«Ел басына күн туса, ат ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер» демекші, сондай қиын күндер туып, сыналар шақ келгенде жігіттердің ауылды «тілсіз жау» құрсауында қалдырып кетпей, соңына дейін табанды түрде қажырлылық таныта білуі – көпке дейін айтып жүретін ерлік.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Әмина Әскер Алтынбекқызы

    Ақ көке, алға!