Жеті жұрттың тілін білген Нұрай қыз

1714795309419 3 Білім

Бір кезде полиглот адамдар туралы кітаптардан оқып, олардың білім-білігіне ішек тарта таңданушы едік. Бүгінде сондай бірнеше тілді бір мезгілде меңгерген «оқыптуған» жандар өз арамызда жүр.

Әрине, жаһандану заманында көп тілді меңгерудің маңызы жоғары. Көңіл қуантарлығы, осы үрдіс жастар арасында көбірек кездеседі. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» демекші, он алты жасында-ақ жеті тілді жетік меңгеріп үлгерген полиглот Нұрай Жанестің еңбегін біз көпке үлгі етуді жөн көрдік.

Атырау қаласында туып өскен оның тіл үйренуге деген құштарлығы он жасынан бастап ояныпты. Қазақ, орыс тілдерінде сөйлейтін ол бесінші сыныпта ағылшын тілін үйрене бастаған. Алты жыл бойы ақылы курстарда оқып, ағылшын тілінің өкілінен дәріс алған Нұрай Нұрсұлтанқызы қазір бұл тілді жоғары деңгейде біледі. Одан кейін корей тіліне деген қызығушылығы оянып, оны өз бетімен үйренуге ден қояды.
– Корея киноларын, олардың әртістерін сүйсіне қараймын. Сөйтіп жүріп, олардың тілін де меңгергім келді. Интернет желілерінен ізденіп, оны меңгеруге құлшынысым тіптен артты. Осылайша тілге деген махаббатым хоббиіме айналғандай. Испан, француз, түрік тілдеріне де ден қоя бастадым. Әуелі қиын көрінгенімен, талмай ізденіс пен еңбектің нәтижесінде кедергілер біртіндеп артта қала берді. Қазір Франция, Түркия, Корея елдерінде әлеуметтік желі арқылы танысқан достарыммен күн сайын хабарласып отырамын. Бүгінде өзім тілін үйренген елдердің мәдениетімен танысып жүрмін, – дейді Нұрай.

Атырау қаласындағы Әл-Фараби атындағы «BINOM SCHOOL» мектеп-лицейінің Х сыныбында оқитын зейінді жас болашақта Кореядағы жоғары оқу орнының халықаралық қатынастар мамандығында оқығысы келеді. Арманына жету үшін қазір дайындық жұмыстарын еселеп арттырыпты. Жуырда корей тілінде сынақ тапсырады. Бұл тілде алты деңгей болса, Нұрай бүгінде оның үшінші сатысында екен. Испан, француз тіліндерінің бастапқы, ал түрік тілін орташа деңгейде меңгерген.

Тағы бір ерекшелік, Нұрай фортепианода еркін ойнайды. Ол Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыкалық академияда жеті жыл бойы дәріс алған. Сүйсінерлігі, ол қазірдің өзінде жекеменшік өнер мектебінде фортепианодан ақылы түрде дәріс беріп жүр. Бүгінгі сұранысқа ие бейнеконтенттер арқылы мобилографиямен шұғылданып, қосымша табыс тауып жүргенін де жасырған жоқ. Тіпті, ерекше балаға ерікті ретінде корей тілінде дәріс өткізген Нұрай бос уақытында спортпен де шұғылданады екен.

– Әкем заңгер, анам есепші, үйде сіңлім мен інім бар. Менің санамда бірнеше тіл жаттыққандықтан үйде басқа тілдерде де сөйлеп қаламын. Бірақ әрине, «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қағида мен үшін бірінші кезекте. Абайдың қара сөздерін қайталап оқудан ешқашан жалыққан емеспін. Қазір мұны үшінші мәрте қайталап оқып жүрмін. Үйдегі кітапханамда түрлі тілдегі 30-дан аса кітап бар, маған олардың әрқайсысы ыстық, ешкімге бере салғым да келмейді. Себебі бұлар – менің тіл үйренуімнің басты құралы. Кітапқа деген құштарлығым сонша, біреу кітап сыйласа қуанып қаламын және өзім де кітап сыйлағанды ұнатамын. Түрік тілінде ертегілер оқығанды жаным сүйеді, – дейді ол.
Озық ойлы адамдар қашан да бір елдегі бірнеше мәдениеттің, тілдердің қатар өрістеуіне зор мән берген. Басқа елде тең дәрежеде жүріп, сол елдің тыныс-тіршілігінен, толассыз ағылған ақпарат ағынынан хабардар болу үшін де түрлі тіл білудің мәні зор. Осынау мақсат-міндетті алдына талап ретінде қоя білген Нұрай енді жапон, араб, итальян, неміс тілдерін үйренгісі келеді. Бізбен әңгімелесе отырып, тіл үйренушілерге өз тәжірибесінен ақыл-кеңесін де айтты.

– Ең бастысы, күніне кем дегенде үш-төрт жаңа сөз жаттауды әдетке айналдырған жөн. Атырауда маған бәсекелес жан жоқ, кейде өзімді шыңдап, сөйлесуге адам таппай қиналамын. Сондықтан қайтадан шетелдік достарыма жүгінуге тура келеді. Олармен ұдайы байланыс орнатып, жаттығып отырамын. Қазір оқимын, үйренемін, білемін деген адамға толық мүмкіндік бар. Ақылы курстарға қаражат жоймай-ақ, талпыныс пен ізденістің арқасында алға қойған мақсатқа жетуге әбден болады. Онлайн форматта ізденіп, жетілудің жолдары өте көп. Тек әр адам уақытын босқа өткізбей, қолын мезгілінен кеш сермемесе болғаны, – дейді ізденімпаз қыз.
P.S. Өз бетінше осыншама тілді меңгеріп, ілгері ұмтылған өрімдей қыздың бойынан ерекше құлшынысты байқадық. Оның бүгінгі зейіні – тіл білу өз ортасындағы артықшылық пен ерекшелік екенін аңғартып-ақ тұрды. Біз Нұрайдың болашақта халықаралық дәрежедегі саясаткерлер мен нағыз табысты жандардың қатарынан орын алатынына кәміл сендік және оның талабына сәттілік тіледік.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз