Теңдік ағайдың тәлімі

uuuuuuuu Қоғам

Замандастары журналистика саласының абызы атап кеткен Теңдік Жауырұлы көзі тірі болса биылғы сәуірде 90 жасқа толар еді. Алдынан дәріс алған шәкірттерінің бірі ретінде ұстаз туралы еске алуды жөн көрдім. Өз ісінің шыңына шығып үлгерген жанның аласармас биіктігі жөнінде жазарда, әуелі тосылып қалғаным рас. Өйткені, ардақты ұстаздың көзін көріп, бір қазанда қайнаған жолдастары, әріптестері сыршыл естеліктерін баяғыда-ақ жазып қойған. Ал, мен Теңдік ағайды студент атанған кезде ғана көрдім, бірақ ол кезде мәдениеті өте жоғары осы бір адамға деген ерекше ілтипатымның мәңгілік сақталып қаларын және ол кісі басқарған ұжымда жұмыс істейтінімді сезген де жоқпын.

Теңдік Жауырұлы алғаш еңбек жолын сол кезде «Социалистік құрылыс» деген атаумен шығатын облыстық газетте әдеби қызметкер болып бастаған. «Коммунистік еңбек», кейін «Атырау» газетінің редакторы болып 1976-1978 және 1987-1995 жылдары екі мәрте жемісті еңбек етті. Тілшілік қызметін қоспағанда, барлық еңбек өтілін қоса алғанда жиырма жылға жуық уақыт бас редактор қызметін абыроймен атқарды. Сол жылдары ол өзінің сырлы да сырбаз қалпынан таймаған екен. Кісілік келбетімен, өз ісіне деген кіршіксіз адалдығымен, талапшыл әрі ішкі мәдениетінің тереңдегімен, әріптестерінің жүрегінің төрінен орын алған ұстаздардың ұстазы бола білді. Қаламгер ұстаз, ардагер журналист ретінде ол кісіні әріптестері мен қатарластарынан шоқтығы биік, үлкен жүректі ұстаз деп білемін.

Мектеп бітірген соң Халел Досмұхамедов атындағы Атырау (сол кезде мемлекеттік) университеті гуманитарлық факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, студент атандым. Қызығы мен шыжығы мол студенттік өмірге аяқ бастық. Уақытында «Қазақ әдебиеті» кафедрасының жанынан журналистика бөлімінің ашылуына түрткі болған Теңдік ағайды да алғаш рет осы оқу орнының аудиториясында көріп, таныстым. Папкасын қолтығына қыса ұстап, жай басып келе жатқан кейпі, көзілдірігінің астынан сүзіле қарап, киіміне қылау тұрғызбайтын сырбаз қалпы әлі есімде. Ұстазымыздың қаламы қарымды журналист болғанын, облыстық, аудандық басылымдарда басшылық қызметтер атқарғанын да кейін білдік. Жастықтың буымен ұстаз сөзін жүре тыңдап, кейбірін ескермедік. Мұның бәрін кейін өмір жолында, әкем айтқандай, басымызға «таяқ тиген» қиын кезде ғана түсініп, сезініп жатамыз.

Ағай шәкірттерін алаламай, құдды бір өз баласындай жанашырлықпен қарайтын. Сабаққа құлқы жоқ студенттердің өздері ағайдың алдында қысылып, жауапкершілікті сезінуші еді. Ол кісінің көзінен «оқыңдар, адам болыңдар» деген сөздерді оқығандай болатынбыз. Дәрісін тұшына тыңдап, сабағына қызыға қатысатын біз аудиториядан шабыттанып шығушы едік. Студенттермен тіл табысып, қамқор болу – Теңдік ағайға ғана тән мінез. Дәріс кезінде өткен-кеткен тақырыптарға шолу жасап, пікірімізді тыңдаудан жалықпайтын. Топтағы студенттер белгілі бір мәселелерге қатысты өзара дауласып, пікір қайшылығы туындаған кезде де ағай әдетінен жаңылмай, әрқайсымыздың сөзімізді мұқият тыңдап, ортақ тоқтамға келуге жұмылдыратын.

Әрбір әрекетіне зор жауапкершілікпен қарайтын ол еңбек жолында байсалды мінезімен, терең білімімен, өнегелі ісімен де таныла білді. Ұжымдастарымен де жылы шырайлы қарым-қатынасын, сыйластығын көзіміз көрді. Замандас, кейде жасы кіші әріптестерімен де сыпайы әзілдесіп жүретін. Қарапайым да орнықты мінезі, ағайдың қадір-қасиетін биіктетіп тұрушы еді.

Жары Рахимаш апай өз естелігінде Теңдік ағайдың отбасында апасы, інісі және қарындасы болғанын айтқаны бар. Ол туыстары мен отбасына қамқор әке, жанашыр аға, аяулы іні болып, өзгенің де өзегінен теппейтін абзал азамат болыпты.

«Журналистік шеберлік» зертханасындағы кезекті бір дәрісінде «Привокзальный» деген сөзді «Вокзал маңы» деп қазақшалағаным үшін балаша қуанғаны әлі есімде. Әнебір көңіл аударатындай дүние емес қой деп ойласақ та, ағай ана тілінің шұбарланғанына жаны ауыратын. Сондықтан да тілге деген құрметі ерекше еді. Шәкірттерінің жылт еткен жетістігіне жүрегі жарыла қуанатын нағыз ұстаз ана тілінің мәртебесі орнықпай, тәуелсіз елдің де мәртебесінің артпайтынын ұғындыруға тырысатын.

Саналы ғұмырын Атырау өңіріндегі баспасөз саласының өркендеуіне сарп еткен ұлағатты ұстаз білікті маман даярлап, тәрбиелеу жолында аянбай тер төкті. Бүгінде одан тәлім алған шәкірттер журналистикамен қатар, басқа да салаларда іргелі істердің басынан көрініп жүр. Өз мамандығына шынайы берілген адал да еңбекқор жанның алар асуы мен шығар биігінің асқақ боларын ағайдың өмір белестері мен салған дара жолынан көреміз.

Алдынан тәлім алып, өнегесін көрген Теңдік ағайдың жарқын бейнесі жадымызда. Осындай айтулы тұлғаның алдын көріп, дәрісін тыңдағанымды мақтан тұтамын!

Соңғы бірер жылда университетте ағайдың сарқылмас қазынасы, қажырлы қызметінің жемісіндей оның еңбектеріне арналған дәрісхана қайтадан жабдықталып ашылған екен. Оған қоса, Теңдік Жауырұлы атындағы шәкіртақы тағайындалып, студенттерді ынталандыруды да ұмытпаған. Бұл да ұстаз еңбегінің еленгені емес пе?!

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, аяулы жанның еңбектері әлі талай ұрпаққа азық, бағыт берер бағдаршам болары даусыз. Былтыр Атырау өңірінің айнасына айналған «Атырау» газетіне 100 жыл толуына арналған торқалы тойға орай ресми іс-шаралардың легі  жыл басынан басталған болатын. Соның бірі – Теңдік Жауырұлы «Атырау» газетіне редакторлық еткен тұста 1989-2002 жылдары редакциясы орналасқан бұрынғы ғимараттың күншығыс бетіне мемориалдық тақта орнатылып, ғасырлық той өз бастауын алды. Бұдан өзге, екі жыл қатарынан газет бетінде қазіргі тілшілер мен ардагерлердің естеліктері шығып келеді. Сондай-ақ ұстаздың құрметіне өзі тұрған үйге орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтіп, онда көз көрген әріптестері мен ағайын-туысы бас қосты. Оған қоса «Атырау» газетінің ұжымы бастамашы болып, Теңдік ұстаздың есімін қаладағы көшелердің біріне беру жөнінде мәселе көтергенде облыстық ономастика комиссиясы бірден мақұлдап, қаулы қабылданды.

Осындай ұлық істердің ортасында жүріп, саналы ғұмырының жартысын қаламға арнаған ардақты ұстазымның есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы жұмыстарға өз үлесімді қосқаным үшін кеудемді ерекше сезім кернейді. Алдыңғы буынның көшелі істерін ұлығылайтын кейінгі толқын барда мұндай жандар ешқашан ұмытылмайды.

Алмас ҚАБДОЛОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 2012 жылғы түлегі

Гүлжан ТЕҢДІКҚЫЗЫ:

Журналистика – әкемнің жүрек қалауы

​– Әкем Теңдік Жауыров 1952 жылы педагогикалық техникумды үздік бітіріп, Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. Осылайша әкеміздің журналистикаға деген жолы басталды.
​1958 жылы Гурьев облыстық мәдениет басқармасы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысу үшін домбыра оркестрін ұсынуы керек еді. Үгіт-насихат бөлімінің бұйрығымен әкеме атақты талантты ұжымның шығармашылығы туралы көлемді эссе жазу тапсырылды. Бір жыл ғана еңбек өтілі бар журналист үшін бұл өте жауапты міндет болды. Бірақ ол өзіне артылған сенімді ақтап, домбырашылардың, бүкіл оркестр ұжымының шығармашылығымен мұқият, жан-жақты танысып, тапсырманы тамаша орындап шықты. Нәтиже өте мықты, көлемді материал.
​1962 жылы қыста өткен Қазақстан Журналистер одағының ІІ съезінде обком бюросының қаулысымен әкем делегация құрамына енді. Съезд қарсаңында бір топ үздік редакторлар қатарында «Социалистік Қазақстан» газетінің бірінші бетінде әкемнің суреті де жарияланды.

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз