Келісім формуласы

prrrrrr Қоғам

Халқымыз үшін татулық ұғымы бәрінен құнды. Қазақстан тағдыр талайымен жер ауып келген жүздеген ұлтқа құшақ ашып, пана болды. Өзіне жетпесе де өзгеге бір үзім нанын бөліп берді. Осы даналығының арқасында талай ұлттың ұрпағын аман сақтап қалды. Ал, сол ұлттарды бір шаңырақ астына біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына да келер жылы отыз жыл толмақ. Қазақстандық іргелі институтты әлем елдері мойындады. Оның дәлелі – біздің елдің тәжірибесіне сүйеніп, Ассамблея секілді құрылым құрған мемлекеттер бар. Тәубе, өзгелердің іргесі сөгіліп жатқанда, осы келісімнің арқасында еліміз талай қиын заманнан сүрінбей өтіп келеді. Сондықтан да Ассамблеяны тәуелсіздіктің бірегей туындысы деп білеміз.

Жасыратыны жоқ, Ассамблеяның жұмысы көзге көрінбейді, қолға білінбейді, оның қиындығы да осында. Ұйым өмірге келген алғашқы жылдары оның болашағына күмән келтіріп, сынап қараушылар көп болған. Уақыт өте келе өзінің өміршеңдігін дәлелдеген құрылым қоғамдағы белді институтқа айналып, елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауда үлкен роль атқарды. Оған ешкімнің таласы жоқ.

1995 жылы 1 наурызда құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарған жұмыстардың нәтижесінде тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, елдің абыройы артып, асқақ армандарға қол соза білдік. Халқымыз «Ел бірлігі – ел теңдігі» деп тектен-тек айтпаса керек. Соңғы жылдары бірлігі жоқ кейбір елдерде орын алған дүрбелең мен ұлтаралық қақтығыстар, жалпы геосаяси ахуал ауызбірліктің басты байлық екенін көрсетеді. Мұны о бастан-ақ халқымыз «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі мықты ел озады» деп бір ауыз сөзге сыйғызған. Қазақ халқы қашанда өткеннен өнеге ала отырып, болашаққа бағдар жасаған. Біздегі бейбітшілік формуласының сыры да осында болса керек.

Кез келген елдің тұрақты дамып, жаһандық бәсекелестік алаңында жоғары деңгейден көріне білуі алдымен мемлекет ішіндегі береке-бірлікке, қоғамдық тұтастыққа, халықтың ынтымағына байланысты екені сөзсіз. Осы тұрғыдан қарар болсақ, ҚХА шын мәнінде еліміздің өшпес құндылығы – тәуелсіздігіміздің тірегі. Ел бірлігін еселеп, тәуелсіздігін тұғырлы етуге Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің де қосқан үлесі зор. Олар қоғамның белсенді мүшесі ретінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениет пен өнердің, ұлттық салт-дәстүрдің өркен жаюына атсалысып келеді. Әсіресе, алғашқы жылдары Ассамблеяны аяққа тұрғызып, оның дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегі зор. Олар ешбір қиындыққа қарамай түрлі ұлт өкілдерін жинап, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің басын қосты. Олардың өз ортасын қалыптастыруына, мәдениетін дамытып, сақтауына айтарлықтай тер төкті. Солардың бірі – Ассамблеяның Атырау өңіріндегі жұмыстарына бірнеше жыл жетекшілік еткен Жаннат Асабаева. Ассамблея ардагері тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елден өзге ұлт өкілдерінің көп кетуі себепті, бейбітшілік пен келісімді сақтап, қазақстандық қоғамды шоғырландыру қажеттілігі туындағанын, сол себепті ұйым құрылғанын айтады.

– Алғашқыда Ассамблеяның жергілікті атқарушы хатшылығы бөлім мәртебесін иеленіп, құрамына үш қызметкер енді. Оның басшысы – облыс әкімшілігінің кеңесшісі Мәжит Сәрсекенов пен кеңесшісі Алевтина Воронцова ұлттық-мәдени орталықтардың жұмысын үйлестіруші болды. Сосын хатшылықты мемлекеттік басқару ісінде және қоғамдық өмірде мол тәжірибесі бар қайраткерлер Қатимолла Ризуанов, Софья Сейітқалиевалар басқарды. Мен бұл жұмысқа 2000 жылы келдім. Осы кезең менің ең елеулі жылдарым болып, Ассамблеяның қалыптасу тарихына қоян-қолтық араластым. Осы уақыт аралығында Атыраудың этномәдени бірлестіктері өңірдегі халық бірлігі мен татулықты сақтауды өз қызметтерінің маңызды тетігіне айналдыра білді. Сонымен қатар бірлестіктер елдер арасындағы достық көпіріне айналды. 2009 жылдан бастап «Дос жүрегін шекара бөле алмайды» тақырыбында дәстүрге енген халықаралық фестиваль де мемлекетаралық байланыстарды орнатуға оң ықпал ете отырып, өңірдегі міндетті іс-шаралар күнтізбесінде орнықты. Бүгінде этномәдени бірлестіктердің қызметі әлдеқайда кеңірек, олар тек өз міндетімен шектелмейді, ізгілікті істердің ұйытқысы бола біліп,  ҚХА кафедраларын, қоғамдық келісім Кеңестерін, басқа да құрылымдарды неғұрлым белсенді түрде жұмысқа тартуда, – деді Жаннат Уақитқызы.

Ассамблея құрылғаннан бері тағдырлы оқиғаларға үн қосып, стратегиялық маңызы жоғары шешімдердің қабылдануына да бастамашы болды. Сол сәттерге куә болған еңбек ардагері Ассамблеяның елдегі ешбір маңызды оқиғалардан тыс қалмағанын айтады.

– Ассамблеяны қалыптастыру үдерісі біраз уақытқа созылып, бұған көпшілік бастамашы болды. Белді институт елдегі маңызды оқиғаларға атсалысты. Жас тәуелсіз мемлекет үшін аса маңызды республика Президентінің өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту және 1995 жылы жаңа Конституция қабылдау бойынша екі республикалық референдум өткізді. Ассамблея тарихындағы екінші маңызды кезең – астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы идеясын қолдау болды. Жоғарғы Кеңестің шешімі қабылданғанына қарамастан, оны орындау басқару эшелонының әртүрлі қабаттарында тежелді. Алайда, Ассамблея жаңа елордаға алғашқы қадам жасады, – деді Ж.Асабаева.

ҚХА құрылуына куә болғандардың бірі – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Халит Джамалетдинов ол кезде татар-башқұрт мәдени орталығының басшылығына кірген болатын.

– 1995 жылы наурызда Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының тұңғыш сессиясы өтті. Ол кезде Атырау облысының әкімі Равиль Шырдабаев болатын. Мен Ассамблеяның құрылуына куә болып, ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысында бұл жаңа, ерекше, әрі өте қажет қозғалыс екенін түсіндім. Көптеген бастамалар қарастырылып, түрлі сипаттағы мәселелер көтерілді. Тарихи, мәдениет, дәстүрлер, мерекелер туралы көп айтылды. Татар мен башқұрт ұлттарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдар жинақталып, ауқымды шаралар ұйымдастырылды, – дейді Ассамблея ардагері.

«Ассамблеяның миссиясы ХХІ ғасырда кеңейе түседі» деген мемлекет басшысының сөзі бар. Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіздік жылдарында Ассамблея құрылымының жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен жөн. Бірегей институттың қолтаңбасын еліміздің заң шығару, рухани, мәдени өмірінен, әлеуметтік саласынан да көруге болады. Мәселен, Атыраудағы бір ғана «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің жетекшісі Зураб Бобохидзенің бастамасымен бүгінде жас балалар грузин биімен үлкен сахналарда өнер көрсетіп, елдің атын танытып жүр. Олардың арасында қазақтың да, орыстың да балалары бар. Бұл бірлестікпен біз ғана емес, бүгінде бүкіл ел мақтанады.

«Довира» ұлттық-мәдени украин орталығының «Память» деп аталатын ерекше акциясы да жыл сайын жалғасып келеді. Ондағы мақсат – Ұлы Отан соғысы кезінде Украина майданында қаза болған қазақстандықтарды анықтау. Мұндай жүздеген мысалдарды  келтіре беруге болады.

Бастысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы тәуелсіздікті ту етіп, елдегі бірлік пен берекені нығайту жолындағы игі істерде үлгі болып келеді.

Түйін:

Әлемді тамсандырған «қазақстандық бейбітшілік пен келісім формуласының» қарапайым кілті де осында. Ол – бүкіл халықты ел игілігі жолында ортақ мүдде мен мақсатқа біріктіру, тәуелсіз де бейбіт өмір сүру.

«Тату елдің тұғыры биік». Қазақстанның келісім идеологиясы бүгінде бүкіл әлемге үлгі. Бұл – 130-дан астам этнос пен 18 діни конфессия өкілдері өмір сүретін ел үшін үлкен жетістік. Біз әлемдегі геосаяси ахуалға қарап, Ассамблея артқа тастаған 30 жылға жуық кезеңнің бекерге өтпегенін бағамдаймыз. Түрі, тілі, діні басқаның бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешуі қазақ көңілінің даладай дархандығын, жұдырықтай жұмыла білетін жұрт екенін айқындай түссе керек.

Иә, ұлт бірлігі – біздің басты байлығымыз!..

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз