«Димаш» пен «Он бірінші ауылдың Павлик Морозовы» жарыққа шығуда

fb img 1714234698720 Жаңалықтар

Әлемдік тасқа сөз бастыру өнерінің тарихын қарап отырсаң, онда жойқын кітап та, құйттай кітап та аз емес екенін көресің.

Ең қалыңы – Луи Фаригулдың 4959 беттен тұратын «Қайыр-ихсанды жандар» романы, одан соң – Карл Кнаусгордың» Менің күресім» кітабы ( 3600 бет ), одан әрі – Марсель Прусттың «Жоғалған уақытты іздеу» романы ( 3031 бет ), сосынғысы – Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГ» романы (1424 бет)… осылай кете береді.

Бұл жерде назар аударатын нәрсе – әлгіндей қалың кітаптардың дені ХХ ғасырда жарық көрген. Мысалы, Пруст кітабы 1913 жылы, Фаригул туындысы 1946 жылы, Солженицын романы 1979 жылы жарық көрсе, Кнаусгор өз шығармасын тіпті бертінде, 2009 жылы жариялаған екен. Демек, дәу кітапқа сұраныс бар. Адамдар ұзақ-сонар сериалдарды көрген кездегідей, ауқымды кітап оқығанда да ондағы кейіпкерлердің өмірхаятына қаныға отырып, олармен тонның ішкі бауындай жақын боп кетеді, қою сюжетіне елпең қағып отырып, кең атмосферасымен тыныстап, уаз шегеді.

Сол сияқты кіші форматтағы кітаптың да өз ұнасымы бар. Әлемдегі ең «зор» кітап – шоттар шығарған «Кәрі король Коул» дейтін балалар ертегісі, қалыбы 1×1 мм оның беттерін иненің ұшын тіреп отырып әрең аударасың. Жалпы, әсіресе қазірде уақыт жемейтін шағын форматты кітапшаларға сұраныс артып келеді.

Осы айтылғандай, кітапқа келгенде менде де «орта» дейтін ұғым болмайтын сияқты ғой. Не дөкей, не көпей. Не фолиант, не покетбук. Мысалы, мына сүгіреттердегі Димаш туралы кітабым әдеттегі А3 қалыпты ин-фолио кітаптан қалыңқы, А4 форматта, бірақ осы қалпымен ол да фолиант, ал жуырда ARNA b баспасынан жарық көрген «Он бірінші ауылдың Павлик Морозовы» кітабымды нағыз қалта кітап ( покетбук) деуге болады. Әдетте миниатюралық (шақалақ) кітаптардың ең үлкені 100×100 мм қалыппен шығарылса, мына повестің форматы 70×100 мм. Өзіңмен алып жүріп, жолда тез оқып тастауға ыңғайлы. Бәлкім бізге – жазушы қауымға осылай заман сазына бейімделе беру керек шығар.

P.S: «Димаш» фолиант әзірге жалғыз дана, жұмыс істеу үшін шығарып алған нұсқа ғой, ал баспадан шыққандағы ауқымы 800 беттей болып қалар. Покетбук 172 бет, 500 дана, презентациялық жолмен таратылады.

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ,

жазушы-эссеист, филология ғылымдарының кандидаты

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз