«НОҒАЙТЫ, САҒЫЗ — ҚОС ӨЗЕН» кітабы жарық көрді (+ФОТО)

fb img 1651013688640 1 Мәдениет

Алдымызға ұлы мұрат етіп отырған «Мәңгілік ел» бағдарламасының бастауы – мәдениет пен өнерден бастау алатыны бесенеден белгілі жәйт.

Осыны терең түсініп отырған Қызылқоға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, білікті басшы Ақтаев Асқар Жаңбырбайұлының бастамасымен ауданның мәдениеті пен өнерін дамыту саласында қыруар шаруалар тындырып келеді. Өркениетке қол созған еліміздің бір өңірі – Қызылқоға жұртшылығын халқымыздың рухани бай құндылықтарымен сусындату мақсатында мәдени-көпшілік шаралар көптеп қолға алынып отыр. Ауданның бірнеше елді мекенінде заманауи жабдықталған мәдениет ошақтарының құрылысы басталуда. Мәдени саланың маңызды құрылыстарын салуға қаржы көздерін табуда аудан әкімі Нұрсұлтан Орақұлы Бисембиевтің табандылық танытты. Аудан көлеміндегі мәдениет үйлері мен кітапханалар халықтың рухани дүниесін байыту жолында өз жұмыстарын замана талабына сай жаңа ұйымдастыруы арқасында бұл салада зор табыстарға жете білді. Қызықоға ауданының көлеміндегі өткеннен сыр шертетін, ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері – тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, қалпына келтіру және мемлекет қарауына алу мәселесі бойынша атқарылған іс-шаралар жөнінен облыс көлемінде бірінші орынға шықты. Соның ішінде ауданның жергілікті сазгерлері мен әншілерінің, өнер адамдарының, ақындары мен журналистерінің шығармашылығын насихаттау, дәріптеу, халық арасына тарату саласында жасалып жатырған мәдени шаралар шоғыры бір төбе.

Мысалы, күні кеше ғана 25 сәуір күні аудандық «Арман» мәдениет үйінде «НОҒАЙТЫ, САҒЫЗ-ҚОС ӨЗЕН» атты кітаптың тұсауы кесілді. «Өлкенің ардақты ұстазы» деген атаумен өткен бұл шара кезінле «КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері», «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерінің ,»Еңбек ардагері» және Еңбектегі ерекшелігі үшін» медалінің иегері, «Методика изучения русской литературы 19 века» атты әдістемелік көмекші құралының, «Сіздерге деген сағыныш» жинағының авторы ардақты ұстаз-ақын Ізімберген Тұрғантайұлының «Ноғайты, Сағыз-қос өзен» атты кітабының тұсау кесер рәсімі өтті. Салтанатты рәсімге аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев, аудан ардагерлері мен оқырмандар, автордың отбасы мүшелері, сондай-ақ, Ізімберген Тұрғантайұлының замандастары мен алғашқы шәкірттері жиналды.
Шара шымылдығы автордың өмірдерегі мен шығармашылығы туралы әзірлеген видеороликпен ашылса, одан әрі тұсау кесу рәсімі жүргізілді.

Балғын шағынан-ақ, киелі ұстаздық жолын таңдап 1964 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиетін тәмамдаған Ізімберген Тұрғантайұлы аяулы ұстаз ретінде сәулелі ғұмырының 45 жылын ауданның оқу-саласына арнаған. 73 жасқа дейін еңбекпен қол үзбеген методист – ұстаздың қаламынан туған қарымды жазбалар тұңғыш рет 2021 жылы «Ақжайық» баспасынан «Сіздерге деген сағыныш» атты жинақпен жарық көрген. 2019 жылы 82 жасында бақилық болған ақынның «Ноғайты, Сағыз-қос өзен» жинағы «Атырау-Ақпарат» баспаханасынан шыққан екінші кітабы. Бір жағынан презентация ретінде басталған бұл шара екінші жағынан жергілікті ақынның шағын творчестволық кеші ретінде өте тартымды өтті. Көрермендерге берері мол өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған мәдени шара болды деп айтуға толық негіз бар. Барлық әріптестері, шәкірттері, басқа да танитын ауылдастары, Қызылқоға жұртшылығы жиналып, автор Ізімберген Тұрғантайұлының рухына үлкен қошемет көрсетті. Осы шараны ұйымдастыруға тікелей атсалысқан аудан әкімі Нұрсұлтан Орақұлы Нурсултан Бисембиев мырзаға, аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиевқа, бөлім басшысы Асқар Ақтаевқа, жалпы оқырманға ақын отбасы атынан үлкен алғыс айтылды. Мұның өзі аудан басшылығының халықтың рухани азығы мәдениет саласына үлкен көңіл бөлінуінің арқасы екені даусыз.

Сондай-ақ, рухани кеште сөз алған автордың жары мен туыстары, алғашқы шәкірттері мен замандастары, аудан ардагерлері жарқын естеліктерімен бөлісіп, мектеп оқушылары Ізімберген Тұрғантайұлының өлеңдерін оқыды.

Рауан ТҰРҒАНТАЙ,

облыстық «Шапағат» үкіметтік емес мүгедектер ұйымының төрағасы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз