Сахна саңлақтары марапатталды

45232 Мәдениет

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры Халықаралық театр күнін атап өтті. Мерекелік кеш әдеттегідей театр әртістерінің сахналық қойылымымен басталды. 

Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов төл мерекемен құттықтап, театрдың дамуына атсалысқан өнер майталмандарының еңбегін ерекше атап айтты. 

Салтанатты жиында  актер Ерасыл Ертелеуов, оператор Бауыржан Мусин, сахна машинисі Мансұр Өтебаев пен реквизит бөлімінің қызметкері Батиха Зұлқашева облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.  Сондай-ақ бірқатар сала маманы облыстық мәслихат төрағасының, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының Алғыс хаттарына ие болды.

Бұл күні сахна сыртында тер төккен мамандар да қалыс қалған жоқ. «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісі  Бақыт Қаржауов пен Айгүл Асмағанбетоваға табысталды.

Атырау мәдениетінің қара шаңырағында өшпес ізі қалдырған корифейлер бар. Олардың есімдерін өшірмеу мақсатында дәстүрлі түрде әр мереке сайын номинация тағайындалады. Қуат Төлеков атындағы арнайы номинация актер Қанат Ізетке, Жұпар Манапова атындағы номинация актриса Айнагүл Мұхтароваға, Алма Ахметова атындағы номинация жас актриса Шахизада Күзенбайға берілді. Ал Бибінұр Қамешова Зарипа Сүлейменова атындағы номинацияның иегері атанса, Чапай Зұлхаш атындағы номинация Сағыныш Мақсотовқа табыс етілді. Төлеген Қуанышев атындағы арнайы номинацияны  Ғазиз Сұрапбаев, Рақымжан Отарбаев атындағы номинацияны  Жомартбек Жасталапов иеленді. Берік Жәменов атындағы номинация  бас режиссер Жанат Телтаевқа табысталды.

Сонымен қатар мерекелік кеште «Үздік көрермен» номинациясы Эльвира Өтешова мен Роза Дәулетоваға берілді. «Caspian News» облыстық телеарнасы «Үздік ақпараттық демеуші» атанды.

Көпшілік таңдауымен үздік атану – өнерпаз үшін үлкен мерей. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Сағынтай Көпжасаров театрға көрерменді көп тартқан премьераны сахналаған үшін театр режиссері Гүлназ Қамысбаеваны «Үздік режиссер» деп таныды.

Айта кету керек, биыл тарихта есімі қалған Қасым хан, бард ақын Табылды Досымов туралы жаңа спектакль сахналанады деп жоспарлануда. Сондай-ақ мамыр айында театр ұжымы Ресейдің Санкт-Петербург қаласына гастролдік сапарға шығады.

Малика ТӘКЕЖАНОВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз