Атыраудағы оркестр үні

img 20240329 wa0257 Мәдениет

Атырауда Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі республиканың атақты композиторларының шығармаларынан рухани тарту ұсынды.

Шығармашылық концерт шымылдығы атақты Құрманғазы оркестріне алғаш симфониялық шығармалар жазған жерлесіміз Мәкәлім Қойшыбаевтың, аға буын композиторлар мектебінің негізін қалаушы Сыдық Мұхамеджановтың, көрнекті қазақ композиторы, дүлдүл дирижер Мұқан Төлебаевтың шығармаларымен ашылды.

Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, айтулы педагогтар, дарынды дирижерлер Сергей Шабельский мен Леонид Шаргородскийлердің, әйгілі композитор, дарабоз дирижер, академик Ахмет Жұбановтың туындылары көрерменге ерекше рухани демалыс сыйлады.
Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің Атырауды әлемге танытудағы өзіндік орны бар. Алаш жұртының мерейін асқақтатқан айтулы оркестрдің негізін қалаушы дарынды дирижер, дүлдүл домбырашы, ұстаз, композитор Сейілхан Құсайыновтың «Мереке» шығармасы да орындалды. Латиф Хамиди, Айтқали Жайымов пен Қаршыға Ахмедияров және Евгений Брусиловскийдің шығармалары көрерменді толқытты.
Екінші дүниежүзілік соғыста елде ерлердің еңбегін жоқтатпай отанға қапысыз қызмет еткен атыраулық арулардың өмірін ән қылған атақты композитор Әбілахат Есбаевтың әні «Маржан қыз» шығармасы мен күй патшасы Құрманғазы бабамыздың 200 жылдығына байланысты республикалық конкурсқа Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық оркестрі үшін арнайы жазылған жерлесіміз Арман Жайымның «Домбырамен оркестрге арналған №3 концерті» атты туындысы да орындалды.

Малика ТӘКЕЖАНОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз