Мәдениет өзімізден басталады

otbasy Мәдениет

Қазақта мәдениет деген ұғым бар. Ол сахнада ән айтып, би билеу немесе театрдағы қойылым емес. Әр адамның бала кезден алған отбасылық тәрбиесі арқылы көше мәдениеті, киім кию мәдениеті, сөйлесу (тіл табысу) мәдениеті, тамақтану мәдениеті, басқа да жағымды әдеттер қалыптасады. Бүгінгі қоғамда осы айтылғандардың барлығын бойына сіңіре білген мәдениетті, текті адамдар да кездеседі. Бірақ олар көп емес.

Керісінше, айналасындағының бәрі өзіне міндеттідей сезіну әдетке айналғанын көріп, көңілге қаяу түсетінін несіне жасырамыз. Бірақ бұған олардың өздері қымсына қоймайды. Бәлкім, өмір сонысымен де қызық шығар. «Қаз-қалпында…» дегеннің түп-төркінін осындайда ұғынғандай боламыз.

Кәмпиттің қағазы

Қоғамда қоқыс тастау мәдениеті әлі де кемшін соғып тұр. Мұны көшеде жатқан қалдықтардан анық байқауға болады. Жуырда сондай көрініске куә болғаным бар.

Әдеттегідей жұмысқа бару үшін аялдамада автобус күтіп тұрғанмын. Қасыма орта жастағы әйел адам келіп тұрды. Қалтасынан алған кәмпиттің орауын ашты да, жерге тастай салды. Жасы елуді алқымдаған әйелден мұндай оғаш қылықты күтпегенім рас. Әдетте, ересек адамдар мәдениеттің мәйегі, жастарға үлгі болып жүруші еді ғой, алған тәрбие-тәліміміз де сондай. Сол түсінік менің санамда сіңіп қалған соң ба, үлкен кісінің бұл әрекеті маған ерсі көрінді. Дап-дардай адамның бұл оғаштығына ескерту жасамақ болып оқтала бергенім сол еді, көше тазалаушы апай жердегі кәмпиттің қағазын дереу жинап әкетті.

Сол кезде әкемнің «адамның ішкі мәдениеті сыртқа теуіп тұруы керек» деген сөзі ойға орала берді!..

Смартфон опа берер ме…

Бүгінде ұялы телефон ұстаған көпшіліктің әлеуметтік желіге көрген-білгенін жазып, бейнежазба мен суретке түсіруі әдетке айналды. Мысалы, қоғамда болып жатқан немесе өзі куә болған келеңсіз жайттарды түсіріп сол бойда жүктейді. Сол арқылы жауапты органдардың әлеуметтік парақшаларына немесе түрлі чаттарға тегтеп, арызын жеткізеді. Мұның дұрыс та, бұрыс та тұстары бар екені белгілі.

Жақында теміржол вокзалының аялдамасынан сондай бір оқиғаның куәсі болдым. Ертеңгілік жұмысына асықса керек, аялдамаға қарай жүгіріп келе жатқан келіншек орнынан жаңа қозғалған №14 автобусты қол бұлғап тоқтатпақшы болды. Жүргізуші оны көрсе де тоқтамады. Мүмкін, талап солай шығар, әйтеуір өз бағытымен жүріп кетті. Сол кезде әлгі келіншек те ренішін білдіргісі келгендей, сөмкесінен ұялы телефонын шығарып, көлікті артқы жағынан камерасына түсіріп алды. Таңқаларлығы сол, әлгі әйел жүргелі тұрған келесі автобусқа емес, басқа бағытқа беттеп кетті…

Иә, қазір мұндай түсініксіз жайттар көп. Әлеуметтік желіде суретке немесе бейнежазбаға түсіріп, өзінің ісін дәлелдеп жатады. Тіпті, кейбірі түймедейді түйедей қылып та жататынын байқаймыз. Сондықтан, «смартфоным бар екен» деп мақтан қумай, қоғамдағы жайттарға түсіністікпен қараған жөн-ау.

Малика ТӘКЕЖАНОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз