Ұлы дала тарихы ұлағатқа толы

bez imenichyy Мәдениет

Ескерткіштер мен тарихи орындар, аты айтып тұрғандай, ерекше қорғауды талап ететін ел тарихының айғағы. Мұндай мәдени құндылықтардың тоналуы, олардың зақымдануы қай ұлттың болмасын тарихы мен мәдениетінің күйреуіне, жойылуына алып келетіні түсінікті. Сол себепті де  Ұлы даланың ұлттық құндылықтарын қоғам болып сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманат ету кімге де парыз болса керек. Бұл және пафостық әңгіме емес, шынайы өшпейтін тақырып. Біздің облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаевпен арадағы әңгімеміз осы бағытта өрбіді. 

– Толыбай Бисенбайұлы, әңгімемізді алдымен, облыстағы ескерткіштердің жағдайын сұраудан бастасақ…

– Қазіргі уақытта Атырау облысы бойынша барлығы – 317 тарих және мәдениет ескерткіші тіркелген. Оның 313-і облыс әкімдігінің қаулысымен жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілсе, төрт нысан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде. Олар Атырау қаласындағы Тұрғын үй қалашығы ансамблі (Жилгородок), оның ішінде Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы, су мұнарасы, Әуезов көшесіндегі 1-2 және Волгоград көшесіндегі 8-10 тұрғын үйлер, Жылыой ауданындағы Жұбан кесенесі, Индер ауданы, Қараой жазығындағы ақын, 1836-1838 жылдардағы көтеріліс басшыларының бірі Махамбет Өтемісұлының жерленген жері және ортағасырлық Сарайшық қалашығы. Сонымен қатар, 1000-ның үстіндегі нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала есепке алу тізіміне тіркелген.

Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала есепке алу тізімі дегеніміз – зерделеуге және тиісті мәртебесін айқындауға жататын, жаңадан анықталған тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізімі. Осы тізімге енгізілген объектілерді жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізу үшін «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңына сәйкес тарихи-мәдени сараптама жасалуы тиіс. Осыған байланысты өткен жылы облыс әкімдігінің қолдауымен сараптама жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлініп, 248 тарихи-мәдени мұра объектілеріне сараптама жүргізілді. Оның қорытындысына сәйкес 189 ескерткіш оң қорытынды алып, оларды өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембиевтің төрағалығымен өткізілген Атырау облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, мақұлданды.

Соның нәтижесінде 248 ескерткіштің 189-ын тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізу үшін Атырау облысы әкімдігінің қаулы жобасы дайындалып жатыр. Ол күшіне енген жағдайда ескерткіштің жалпы саны 489-ға ұлғайтылмақ. Оның ішінде Атырау қаласының ескі бөлігіндегі көпестер тұрған бұрынғы тұрғын үйлер де бар. Облыстағы ескерткіштердің жағдайы жалпы қанағаттанарлық деңгейде.

Тарихи-мәдени сараптама жұмыстарын биыл да жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жоспар бойынша тарихи-мәдени мұра объектілерінің 200-іне сараптама жүргізіледі.

– Жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, табу қандай деңгейде жүріп жатыр?

– Өткен жылы мекеме мамандары Атырау облысы аумағындағы керуен жолдары бойына тарихи-мәдени зерттеу экспедициясын жүргізді. Экспедицияның атауы айтып тұрғандай, оның мақсаты Атырау облысы аумағынан Ұлы Жібек жолдарын анықтап, картаға енгізу және оның бойындағы тарихи-мәдени маңызы бар нысандарды зерттеу болып табылады.

Зерттеу жұмыстары облысқа қарасты Махамбет, Мақат, Жылыой, Исатай, Құрманғазы және Индер аудандарының аумағын қамтыды. Алдымен, архивтік және картографиялық материалдар сарапталып, Жібек жолының жүрілген жолдарының аумағы сарапталды. Соның нәтижесінде, спутниктік түсірілімдерде Жібек жолының іздерінің бүгінге дейін сақталғанын байқауға болады.

Келесі бір барлау – Тайсойған құмына кешенді этно археологиялық зерттеу экспедициясы. Тайсойған құмы – Қызылқоға ауданының аумағында орналасқан. Географиялық орналасуы жағынан алғанда облыстың солтүстік-шығысы десек болады. Құмды алқап саналғанымен, бұл аймақ су көздеріне бай, шөбі шүйгін, ауыл шаруашылығына өте қолайлы болып табылады. Облыстағы ірі өзендердің бірі Ойыл, Сағыз өзендері ағады және жерасты тұщы су көздері мол. Сондықтан да, Тайсойған құмы ежелден адамдар қоныстанған мекен саналады.

Экспедицияның мақсаты – Тайсойған құмының аумағына және оның айналасында этно-археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу. Өйткені, бұған дейінгі уақытта аталған аймаққа тыңғылықты зерттеулер жүргізілмеген екен. Осы орайда, анықталған объектілерді картаға енгізу және оның бойындағы тарихи-мәдени маңызы бар нысандарды зерттеп, есепке алу  болып табылады.

Зерттеу жұмыстары барысында бұған дейін адам аяғы тимеген қорымдар зерттелді. Ондағы араб әрпімен жазылған жазулар оқылып, олардың кімдерге тиесілі екені айқындалды. Белгілі болғанындай, Тайсойған құмының аумағындағы анықталған қорымдардың негізгі бөлігі Шеркеш пен Ысық руларына тиесілі. Дегенмен, одан өзге Беріштің Қаратоқай және Адай руының бейіттері де кездеседі.

Экспедиция маршруты Тайсойған құмының оңтүстік бөлігінен басталды. Бұл аумақтан Белқұдық, Шаншар, Самалақмола, Аққыстау және өзге де ескі қорымдар анықталды. Бұл қауымдарда құмды әктасты блоктардан қашалып, араб әрпімен жазылған ХІХ ғасырға тән құлпытастар шоғырланған. Оларда Шеркештің Шумақ, Қойыс, Қылышкестен, Ысық руының Ақсары, Олжабай бөлімдерінің бейіттері жерленген. Шикі кірпіштен қаланған кесенелер мен құландылары да кездеседі. Зерттелген нысандардың толық сипаттамасы мен құлпытастардың оқылуы ғылыми есепке енгізілді, алдағы уақытта кітаптарға енгізілетін болады.

– Жуырда өткен Ұлттық құрылтайда да Мемлекет басшысы Ұлы жібек жолындағы қалалар туралы айтпап па еді…

– Иә, Атырауда Президенттің төрағалығымен өткізілген Ұлттық құрылтайда Президентіміз  «Ұлы Жібек Жолының бойында тұрған Сарайшық қаласы бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар» деп айтқан болатын.

Иә, Сарайшықтың еліміз үшін маңызы зор. Өткен жылы ортағасырлық қалашық аумағындағы 4 мың шаршы метр жерге археологиялық қазба жұмыстары жүргізілсе, соның 800 шаршы метрін біздің орталықтың тапсырысымен Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы жүргізді. Қазба жұмыстарының нәтижесінде тұрғын үйлердің бөлмелері ашылды. Орта ғасырға тән құмыралар табылды.

Өлкенің тарихын, тарих және мәдениет ескерткіштерін насихаттау және ғылыми айналысқа енгізу мақсатында жыл сайын мекеме баспа өнімдерін жарыққа шығару жұмыстарын ұйымдастырып отыр. Осы орайда, өткен жылы «ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы Атырау өңіріндегі мешіт, медреселер мен мектептер» атты кітап-альбом басылып шыққанын өзіңіз естіп-көрген боларсыз. Кітап-альбом мекеме мамандарының 2022 жылы Атырау өңіріндегі ескі мешіт-медреселер мен мектептер тақырыбында жүргізген зерттеу жұмыстарының қорытындысы негізінде жинақталған материалдардың нәтижесінде жарық көрді.

Аталған туындыда ХІХ ғ. – ХХ ғ. бас кезіндегі Атырау өңірінде пайда болған мұсылмандық мешіт-медреселер және мектептердің ақпараттары мен фото-суреттері қамтылған. Яғни, олардың салыну тарихы, құрылысының салынуына себепкер болған адамдар мен молдалар жөнінде ақпараттар берілген. Ақпараттар қатарында еліміздің және көршілес Ресейдің архив қорларынан алынған, сонымен қатар далалық зерттеу экспедициясы негізінде жинақталған мәліметтер мен фото-суреттер жинақталғанын да атап өткім келеді.

– Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғалуы мен сақталуы бағытындағы жұмыстарға тоқтала кетсеңіз?

– Біздің мекеменің негізгі міндеттерінің бірі тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтап, оны қорғау болып табылады. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңына сәйкес, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында әрбір тарих және мәдениет ескерткішіне оның қорғау аймағы, құрылыс салуды реттеу аймағы және қорғалатын табиғи ландшафт аймағы белгіленеді. Осы мақсатта өткен жылы 93 ескерткіштің қорғау аймағы облыс әкімінің қаулысымен бекітілді, сонымен бірге 36 тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймақтары анықталды. Биыл тағы да 40-тан астам ескерткіштің қорғау аймағын анықтауды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта анықталған қорғау аймақтарының жобалары облыс әкімінің қаулысымен бекітілетін болады.

Өткен жылы облыс әкімдігінің тапсырмасымен жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің бірі Атырау қаласы Жұлдыз 2 шағынауданы аумағында орналасқан көлемі 35 га, яғни 3 шақырымдай болатын ХІІІ-ХІV ғасырларға тиесілі Ақтөбе-Лаэти қалашығын өңірімізде туризм индустриясын дамытуға септігін тигізетін нысанға айналдыру мақсатында жұмыстарды қолға алған болатынбыз. Алдымен қалашық аумағын қоршау жұмыстарын жүргізу үшін ғылыми-жобалық сметалық құжаттама жасақталды. Биылға қоршау жұмыстарына қаржы бөлініп, қазіргі уақытта конкурстық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге осы қалашықты ашық аспан астындағы музейге айналдыру мақсатында ғылыми-жобалық сметалық құжаттама жасақталып, қазіргі уақытта құжаттама сараптамадан өткізілуде. Құжаттар дайын болған жағдайда облыстық құрылыс басқармасы құрылыс жұмыстарын жүргізеді деп жоспарланып отыр.

Ол жерге жобаға сәйкес әкімшілік ғимарат, қазба орнын қалпына келтіріп, ашық аспан астындағы музейдің үстіне ангар типтес жабынды құрылысы, садақ ату орны, абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл жұмыстар іске асырылған жағдайда қалашық аумағына жыл сайын археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп отырады.

Жалпы, жыл сайын тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауды, есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, пайдалануды және олардың жай-күйін мониторингтеуді қамтамасыз етіп отырмыз.

– Зерттеу жұмыстарында қиындықтар, проблемалық мәселелер бар ма? Бұрын араб тіліндегі жазбаларды оқитын маман жоқтығы сезілетін, қазір ше?

– Зерттеу жұмыстарында аса бір қиындықтар мен проблемалық мәселелер жоқ деуге болады. Қазір араб тіліндегі жазбаларды оқитын мамандарымыз бар. Ол маманымызды көршілес облыстарда жүргізілетін экспедициялық топпен тәжірибе алмасу мақсатында іссапарға жіберіп отырамыз.

2017 жылдан бастап орталық облыс көлеміндегі  Ұшқан ата, Ақмешіт, Дәрі, қаладағы Ноғай, Алып ана, Алтын, Атан, Жаналы, Кетебай,Көпмола, Қабдуалы, Қарабала-Қантемір, Қосай, Мыңбай, Сағаттай, Сұлтанәлі, Тайлан, Шелекмола, Шошақмола, Тайсойған секілді ірілі-ұсақты қорымдардағы араб әрпімен жазылған құлпытастардың қазақша аудармасын дайындап, «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» атты көп томдық кітап-альбомның 1, 2, 3 томдарын жарыққа шығарды. Енді осы кітаптың 4 томын дайындаған болатынбыз. Әрине, осы кітаптың жарыққа шығуына мамандарымыздың еңбегі зор. Алдағы уақытта кітап альбомның тұсаукесер рәсімін өткізіп, оған да өздеріңіз куә боласыздар деп ойлаймын.

Жалпы орталық ұжымында штаттық кесте бойынша барлығы 15 адам қызмет атқаруда. Көбі бұрыннан келе жатқан қызметкерлер. Жаңадан жас мамандарды жұмысқа тартқымыз келгенімен, жалақының аздығынан, жастар бұл жұмысқа аса келгілері келмейді.

– Естуімше, тағы бір тың бастаманы қолға алған екенсіздер, ескерткіштердің картасын жаңарта бастапсыздар, осы жөнінде айтып өтсеңіз…

– Бұған дейін облыс бойынша аудандардың тарих және мәдениет ескерткіштерінің картасы соңғы рет 2017 жылы дайындалған болатын. Одан бері күні-бүгінге дейін есептен шығарылған және жаңадан есепке алынған көптеген ескерткіштер бар. Осы себепті ескерткіштердің орналасу картасын өзгерту қажет болып отыр. Сондықтан, бұл картаны қайтадан жаңартуды қолға алып жатырмыз. Дайын болғаннан кейін олардың сақталуын қолға алу мақсатында жергілікті әкімдіктерге жолдайтын боламыз.

– Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз