ӘЛЕМДІК ҮЛГІ – ҚАРУСЫЗ ҚАЗАҚСТАН

Кеңес Одағы кезіндегі көрсеткіштерге сай, Қазақстанда ірі ядролық арсенал болған-ды. Сонымен бірге, республика аумағында дүние жүзіндегі қуатты сынақ алаңдарының бірі – Семей ядролық полигоны орналасқан еді. Тәуелсіз Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алғашқы шешімдерінің бірі осы полигонды жабу болды. 1992 жылы Елбасы Лиссабон хаттамасына қол қойды. Бұл хаттамаға сәйкес, еліміздің ядролық қарудан бас тартуына жауап ретінде Қазақстанға әлемдік ядролық державалар тарапынан қауіпсіздік кепілдігі берілді.

 Еліміз ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартқа батыл да шешімді түрде қосылды. Елбасы ядролық қауіпсіздік туралы өткен екі саммитке де қатысып, жалпыға ортақ қарусыз әлем декларациясын қабылдау қажеттігіне назар аударып, бастама көтерді.

1992 жылы Қазақстанда Ядролық қаруға қарсы Қауіпті Бірлесіп Қысқарту бағдарламасы іске асырыла бастады. «Нанна-Лугар бағдарламасы» деп аталатын бұл бағдарлама шеңберінде 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан аумағында қалған ядролық, химиялық және биологиялық қарудың нысандары мен инфрақұрылымдарын жою және залалсыздандыру жөніндегі жобалар кешені, стратегиялық шабуыл қаруының демонтажы, экспорттық бақылау жүйесін құру, қорғаныс өнеркәсібін конверсиялау жүзеге асырылды.

Жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың халықаралық тәртібін нығайтудағы Қазақстанның іс-әрекеті сан алуан. Мәселен, 1994-96 жылдардағы ядролық қарусыздану саласындағы белсенді іс-әрекетінің арқасында Қазақстан 1996 жылы бақылаушы мәртебесіне ие болып, 1999 жылдың 5 тамызында консенсус арқылы Қарусыздану жөніндегі конференцияның мүшелігіне қабылданды.

Еліміз химиялық қаруы болмағанына қарамастан, оны жасауға, өндіруге, жинақтауға және қолдануға тыйым салу туралы және оны жою туралы конвенцияның қатысушысы болып табылады. Қазақстан оған 1993 жылы 13 қаңтарда қол қойды және 1999 жылы 24 маусымда бекітті. Конвенцияның ережелерін орындау үшін ұлттық орган құрылған. Қазақстан өкілдері Конвенцияға қатысушы мемлекеттер конференциясының сессиялары мен жыл сайынғы отырыстарына тұрақты түрде қатысады.

2002 жылы 13 мамырда Қазақстан Ядролық Жабдықтаушылар Тобының (ЯЖТ) 40-шы мүшесі болды. ЯЖТ-ға қатысудағы біздің мақсатымыз – лаңкестікке қарсы күрес, жаппай қырып-жою қаруының таралуына қарсы тұру шараларын жандандыру, ядролық материалдар мен қосарланған мақсаттағы өнімдердің пайдалануы мен қозғалысын бақылауды күшейту.

2005 жылдың шілдесінде Қазақстан «Краков инициативасы» деген атпен белгілі Жаппай қырып-жою қаруының таралуы саласындағы қауіпсіздік бастамасына қосылды. Бұл бастаманың мақсаты – күдікті әуе және теңіз кемелерін, сонымен қатар, жаппай қырып-жою қаруымен байланысты материалдарды тасымалдайтын құрлық көліктерін ұстау үрдісіне барлық мемлекеттерді жұмылдыру.

2005 жылы шілдеде Австрия Сыртқы істер министрлігіне – Баллистикалық зымырандардың таралуымен күрес бойынша Халықаралық кодексінің депозитариіне ҚР Сыртқы істер министрлігінің Қазақстанның Кодекске қосылуы туралы хабарлайтын нотасы жіберілді. Бұл еліміздің Зымырандық технологияларды бақылау тәртібіне енуіндегі маңызды іс болып табылады. Ал, 2006 жылы 8 қыркүйекте Қазақстан көрші мемлекеттердің қатарында Семей қаласында Орта Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды.

Қазақстан алғашқы елдердің қатарында, Ресей мен АҚШ Президенттерінің 2006 жылы шілде айында ұсынған, Ядролық терроризм актілерімен күресі жөніндегі жаһандық бастамаға қосылып, 2007 жылдың маусым айында Астана қаласында Жаһандық бастаманың үшінші кездесуі өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Бактериологиялық және токсиндік қаруды жасау, өндіру және жинақтауға тыйым салу туралы және жою туралы конвенцияға қосылып, оны 2007 жылғы 7 мамырда бекітті.

2009 жылдың 11 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Президент жанындағы Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселелері жөніндегі комиссия құрылып, сол жылы 20 қаңтарда Ақордада аталған құрылымның алғашқы отырысы өткен болатын. Қазақстанның сыртқы саясатындағы қарусыздану бағытын нығайтуға арналған бұл қадам өзінің ядролық қарусыздану тәжірибелеріне сүйене отырып, ядролық қарудан азат әлем құру идеясын қалтқысыз ұстанатын ел ретінде өзге мемлекеттерге үлгі болуымен де құнды. Бұған мысал – Қазақстан Республикасының бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттің халықаралық күні» деп жариялау туралы қарар қабылданғанын айтып өттік.

Тәубе делік, Чернобыльде болған қайғылы оқиғадан кейін өткен ширек ғасыр ішінде әлемде бірде-бір апат болған емес. Өйткені, адамзат өз сабағын алды. Қазіргі кезде атомдық қуат технологиялары өткен ХХ ғасыр еншісіндегі жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз деуге болады.

Ал, әлемде қалыптасқан ахуалға байланысты Қазақстан, уран кенін жетекші өндіруші бола отырып, ядролық отынды өндіруге әлеуетті иеленіп, ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) қатаң талаптары шеңберінде және Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттікпен (АЭХА, орысшасы — МАГАТЭ) тығыз ынтымақтастықта атом қуатының бейбіт мақсатта пайдаланылуына өз үлесін ұлғайтуына мүдделі.

Бүгінде Қазақстан уран өнімін өндіру жөнінен көшбасшы болып келеді. Кепілдіктерді қолдану туралы келісімге сәйкес, Қазақстанның барлық ядролық нысандары АЭХА-нің бақылауында және барлық ядролық қызмет Агенттіктің ережелеріне сәйкес және стандарттары бойынша жүзеге асырылады.

Қазақстанның ядролық қаруды таратпау ісіне қосып келе жатқан айрықша үлесі әлемдік деңгейде атап айтылып келеді. Біздің елімізді дүние жүзі елдері ядролық қарусызданудың өнегелі үлгісі ретінде тануда. Елбасымыздың осындай көрегенділігінің нәтижесінде еліміздің экономикасына шетелдік инвестицияларды молынан тартуға қол жеткізілді, әлеуметтік сала жаңғырып, болашаққа байыпты бағдар ретінде «Қазақстан-2050» стратегиясы жүзеге асырылуда.

Бақтыбек Таубаев,

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау

мемлекеттік университетінің профессоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз