Вирусты гепатиттерден қалай сақтану керек?

gepartidfsdg«Вирустық гепатиттер диагностикасы және олардың алдын алу» тақырыбында облыстық аурухананың мәжіліс залында көшпелі конференция өтті. Оған қала, аудандардағы емдеу мекемелерінің эпидемиологтары, инфекционистер, терапевтер мен педиатрлар қатысты.

Семинарда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық комитетінің санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторингтік ғылыми практикалық орталығы директорының орынбасары, медицина ғылымның кандидаты Эльмира Өтегенова, осы орталықтың бөлім бастығы, медицина ғылымының кандидаты Айнагүл Қуатбаева «В» және «С» вирустық гепатиттерін анықтау үшін шаралар алу мен ем беру жайында баяндамалар жасады.
Мамандардың дәйектемелерінде айтылғандай, «В» гепатиті қан арқылы берілетін өте қауіпті ауру, бауырды қатты залалдауымен сипатталса, ал, «С» гепатитінде аурудың созылмалы түрі дамиды. Оның ең үлкен қаупі-цирроздың пайда болуына себепкер болады және қатерлі ісікке әкеліп соқтыруы мүмкін. Қазіргі заманауи диагностика кезінде вирусты гепатиттерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік бар. Осы ретте Атырау облысында аталмыш вирусты гепатиттерден аурушаңдық деңгейі бес есеге төмендеген. Ал, балалар арасындағы аурушаңдық біршама азайған.
Бұл аурушаңдық көбінесе ине арқылы есірткі қабылдайтын және кездейсоқ жыныстық қатынасқа түсетін адамдар арасында тіркеліп отыр.
Науқас пен вирус тасымалдаушы адам жұқпаның негізгі көзі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша әлемде вирус тасымалдаушы 350 млн.-нан астам адам тіркелген. Министрліктен келген мамандар семинарға қатысушыларға кеңінен мағлұматтар берді.
Семинарды облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті директорының орынбасары Ерболат Уайысов қорытындылап, министрлік мамандарына аймаққа келіп, жергілікті медицина қызметкерлеріне келелі кеңестер бергендері үшін алғысын білдірді.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз