АДАМНЫҢ САУЛЫҒЫ – ҚОҒАМНЫҢ БАЙЛЫҒЫ

654464gОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫНА АРНАЛҒАН ЖИНАЛЫСЫНАН

2012 жылы медицина саласында облыс халқының денсаулығын жақсарту бағытында нендей жұмыстар мен іс-шаралар атқарылды, кемшілігі қайсы, 2013 жылғы міндеттер қандай? Осы тұрғыда облыстық аурухананың базасында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның қатысуымен денсаулық сақтау басқармасының алқалы жиыны өтті. Оған қала, аудандардағы емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері, денсаулық сақтау басқармасының мамандары, сондай-ақ, қала, аудандар әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Облыс медицина саласының өткен жылғы атқарылған жұмыстары мен ағымдағы жылғы міндеттері туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан Өтепқалиев баяндама жасады.
Баяндамада атап айтылғандай, өткен жылы денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде біршама жұмыстар атқарылған. Сала қызметінің басты көрсеткіші азаматтардың өмір сүру ұзақтығының өсуі болса, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша қабылданған іс-шараларды орындау барысында облыста бір жыл ішінде тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 1,4 жасқа ұзарған (68,5 жастан-69,9-ға дейін).
Соңғы үш жыл ішінде ана өлімі 3,2 есеге, сәбилер шетінуі 5,3 пайызға төмендеген. 74 науқасқа кардиохирургиялық көмек көрсетілсе, облыстық аурухана базасында 30 кереуеттік нейроинсульттық орталық ашылған. Қатерлі ісікпен ауру 100 мың тұрғынға шаққанда бұрнағы жылмен салыстырғанда 6,9 пайызға бәсеңдеген. Жедел медициналық көмек көрсету желісі бойынша емдеу орындары12 жедел жәрдем автокөлігімен қамтылған. Көптен бері шешілмей келе жатқан 5 жедел жәрдем бригадасын жасақтауға жергілікті бюджеттен 132 млн. теңге қаржы бөлінген. Республикалық бюджеттен облыстың барлық аудандарына, облыстық перзентхана және санитарлық авиация бөліміне заман талабына сай жабдықталған реанимобиль автокөлігі алынып жұмысқа қосылған.
Меңдіхан Мырзалыұлы бұдан әрі ана мен баланы қорғау саласының 5 маманы шетелде оқып келгенін, Ресей Федерациясы Мәскеу қаласының перинаталды орталығынан, Германия, Бүкілдүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы (ДДҰ) мен Белоруссияның Гродно перинаталды орталығы мамандары шақыртылып өткізілген мастер-класс пен семинарда 150 маман оқығанын тілге тиек етті. Соңғы үш жылда 75 тәжірибелі маман қызметке келсе, медицина қызметкерлері бюджет есебінен 250 жайлы пәтерге қол жеткізді. Болашақта ауылдық жерде жұмыс жасайтын дәрігерлердің қатарын толықтыру мақсатында облыстық басқарма мен «ЭксонМобил Казахстан Инк» компаниясы арасындағы келісім бойынша 31 студенттің оқу ақылары төленген.
Облыстың бас дәрігері 2013 жылы денсаулық сақтау саласында жүзеге асуға тиісті шаралар мен міндеттерді де саралады. Құлсары қаласынан ауысымына 250 келушіге арналған емхана, Атырау қаласынан 180 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасы, облыстық балалар ауруханасына қосымша ғимарат, облыстық СПИД-ке қарсы күрес орталығы бой көтереді. Республикалық бюджет арқылы Атырау қаласының Өркен шағын ауданынан ауысымына 250 келушіге арналған емхана, аудандарда 8 дәрігерлік амбулатория, 1 ФАП салынып, пайдалануға берілмек. Денсаулық сақтау саласының жылдық қорытындысына арналған бұл алқалы жиында ҚР ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Атырау облысы бойынша департамент директоры Өмірзақ Зинуллин, Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев, ҚР ДСМ МФҚБК Атырау облысы бойынша департаментінің директоры Байтолла Ғазизов, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Жексенбай Нысанов, Индер аудандық ауруханасының бас дәрігері Анар Доспаева өз ұжымдарының денсаулық саласында атқарған жұмыстары мен шешімін күткен мәселелер жөнінде ойларын ортаға салды.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан 2013 жылда денсаулық сақтау саласы өткен жылдағы қол жеткен игі істерді жалғастырады дей келіп, түйінді мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, кейбір емдеу орындары мен дәрігерлер атына арыз-шағымдардың аз айтылмайтындығы, мамандардың тапшылығы, бас дәрігерлерді іскерлігі мен ұйымдастыру қабілетіне қарай іріктеу, емделушілерге сапалы қызмет көрсететін дәрігерлердің еңбек ақысын көтеру басты мәселелердің бірі болуға тиіс. Ана мен бала өмірін қорғау, қан қысымы, туберкулез, онкологиялық аурулардың алдын алып, емдеу бағытында атқарылар жұмыстар ауқымды. Мамандарды жергілікті жастардан оқытып дайындау, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайына жете көңіл бөлу, осы тұрғыда денсаулық сақтау жүйесін жақсарту бағытында қолдан келген бар мүмкіндіктерді пайдалану керектігін облыстың бас дәрігеріне қадап айтып,нақты тапсырмалар жүктеді.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз