Жастар – ұстаздық жолында

1411124509299 Білім

Дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның базасында «Мәңгілік елдің жастары – жарқын болашаққа» тақырыбында жас мұғалімдер слеті ұйымдастырылды.

1411124509299

Оған «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, облыстық білім беру басқармасы мен әдістемелік орталық басшылары және 29 жасқа дейінгі мұғалімдер қатысты. Шара аталған бірлестік төрағасы Қылышбай Сүндетұлының кіріспе сөзімен ашылды.

Ал, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, академик, «Парасат» орденінің иегері Қадыр Жүсіп ұстаздық жолдың қыр-сырын әңгімелеп, өз тәжірибесімен бөлісті. Махамбет аудандық Сарытоғай орта мектебінің мұғалімі Асылжан Сәрсенғалиев ұйым марапаттарын иелеріне тапсырды. Сөйтіп, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның директоры Нұрлыбек Даумов, Мақат ауданы, Доссор поселкесі, С.Шәріпов атындағы мектеп-интернатының мұғалімі Раушан Сатайбаева және Индер ауданы, М.Мөңкеұлы атындағы орта мектептен Қарлығаш Мырзахметова марапатталды.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасының орынбасары Бақберген Қарабаев ұстаздарға облыстық мәслихат пен «Нұр Отан» партиясының алғыс хаттарын табыстады. Облыстың «Алтын белгі» иегерлері мен халықаралық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған ұстаздар шипажайға жолдама алды.

Соңында жоғарыда аталған университеттің 70 жылдығына орай жазылған Қылышбай Сүндетовтің «Ұлағатты ұя» атты кітабының тұсауы кесілді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз