Қазіргі ахуал білікті ғалымдардың қажеттілігін көрсетеді

img 20240412 wa0284 1 Білім

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында отандық ғылымды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді атап өтіп, алдағы уақытта атқарылуға тиіс міндеттерді айқындады. Ел аумағындағы бірқатар өңірде су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдай білікті мамандар мен ғалымдарға деген қажеттіліктің көп екендігін көрсетіп отыр. Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін пайдалану керектігін айтқан Мемлекет басшысы: «Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан, жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек», – деді. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Ғылыми кеңесінде де осы мәселе көтерілді. Біздің ғалымдарымыз «Атырау облысы (Атырау қаласы) су ресурстарының қорларын саралау, оларды тиімді пайдалану мүмкіндіктерін ұсыну және тасқын су басу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді негіздеу» жобасын қолға алады. Техникалық университеттер аймақ экономикасын да­мы­туға үлес қосып, кәсіпорындарды білікті кадрлармен қам­­­тамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар осындай ғылыми-зерттеу жобалары, технологиялар мен бағ­дарламалар бойынша оң шешімдер ұсына алады. Жаңа жоба өңірдің экологиялық проблемаларының зерттеліп-зерделенуіне үлес қосатын қадам деп білеміз.
Ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлауды қолға алып, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік қуниверситеттердің филиалдарын экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлау ісіне жұмылдыру, инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеу, өңірлік жоғары оқу орындарының базасында озық инженерлік мектептер ашу, әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін Өңірлік экономика атласын дайындау бойынша да Президент тапсырма берді.

«Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» боламыз десек, осы мақсатты жүзеге асыруымыз керек» деген Мемлекет басшысының сөзі бізді алға жетелеп, жігерлендіреді. Ғылым, инновация, экономиканың үйлесімді дамуы тұтастай ел­дің дамуына ықпал ететінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Мемлекет пен ғылыми қауымдастықтың өзара байланысы отандық ғылымның өркендеуіне темірқазық болары анық.

Гүлзада ШАКУЛИКОВА,

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз