Атыраулық ғалымдар да ортақ іске үлес қосуда

img 5406 1.jpg Білім

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында  ел аумағындағы бірқатар өңірде су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдай білікті мамандар мен ғалымдарға деген қажеттіліктің көп екендігін көрсетіп отырғанын атап өткен болатын. Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін пайдалану қажеттілігі күн тәртібіне шығып отыр.

Соңғы 15 жылдың ішінде табиғи апаттардың саны екі есеге көбейсе, оның жартысына жуығы – суға қатысты апаттар. Табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл бола алатын ғылыми зерттеулер мен шешімдердің маңыздылығын уақыт көрсетті. Бүгін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Атырау облысына жұмыс сапары аясында төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық жедел штабта өңір ғалымдарымен кездесу өткізді.

Университеттердің профессорлық-оқытушылар құрамы су тасқынына байланысты тиімді іс-шараларды әзірлеу және іске асыру үшін өз білімі мен тәжірибесін қолдануға дайын. Ғалымдардың күш-жігері мен ғылыми көзқарасы өңір қауіпсіздігін қамтамасыз етіп,  инфрақұрылымын сақтауда шешуші рөл атқарады.

– Қазіргі озық технология дәуірінде ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Алдымызда  өте күрделі, ауқымды жұмыстар тұр. Осындай сын сағатта ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі,-деп атап өтті министр Саясат Нұрбек.

Кездесу нәтижесінде министр өңірлік университеттердің басшыларына су саласын кадрмен қамтамасыз
ету көрсеткішін арттырып, салаға қатысты жаңа мамандықтар ашу, Жедел штабтағы ғалымдар санын көбейту, жұмыс тиімділігін қамтамасыз ету, ғылыми әзірлемелер дайындау бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, Ғылым және жоғары білім министрлігі ел аумақтарындағы су тасқыны жағдайлары мәселелерін шешуге отандық ғалымдарды, университтер мен ғылыми-зерттеу ұйымдарын тартады.

Жайық өзені көлемінің математикалық моделдеуіне аймақтағы жоғары оқу орындарының ғылыми күші жұмылдырылып отыр.  Олардың арасында тәжірибелі, математик, физик, механик, гидрогеолог, геология инженері, эколог, химик, геодезист-инженер мамандар бар. Олар Атырауда су деңгейінің көлемін күн сайын  есептеп жатыр.

“Ең алдымен қазір келе жатқан мол ағынның келу уақыты мен көлемін болжамды есептеуіміз қажет. Бұл мақсатта Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне Атырау облысының ТЖ штабына тартылған ғалымдар санын көбейтуді және жедел есептеулер жүргізу үшін ғалымдарға қажет жағдайлар жасауды тапсырамын. Осындай сын сағатта ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі”, – деді Саясат Нұрбек жедел штаб отырысында.

Сонымен бірге, Саясат Нұрбек Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде су саласы үшін кадрлар даярлау бағытын ашу мәселесін зерделеу қажеттігін атап өтіп, тиісті тапсырмалар берді. Өз кезегінде, ғалымдар су келуінің есептелген уақытын көрсетіп, бөгеттерді нығайтуға арналған нүктелер мен олардың су соққыларына төтеп беру есептеулерімен таныстырды.

Айта кету керек, қазір төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық жедел штабта өңір жоғары оқу орындарының ғалымдары ТШО компаниясының аналитиктерімен қатар есептеулер жүргізуде. Сонымен қатар, бұл жұмыстарға алматылық университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандары да тартылды.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде ғалымдармен
өткен қорытынды жүздесудің соңында министр өңірде су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын оң бағалады.

Кездесуге қатысушы ғалымдарды  ұлттық ғылым мен жоғары білім жүйесін дамытудың жеті жылдық (2023-2029) мерзімге арналған тұжырымдамасының жобасымен таныстырды.
Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз