Мақсат – айқын, міндет – зор

izobrazhenie 2021 02 23 115349 Жаңалықтар

Қазіргі уақытта «Nur Otan» партиясының Атырау қалалық филиалына қарасты 31 бастауыш ұйым бар, 9235 партия мүшесі есепте. Белгіленген кестеге сәйкес жүргізілген партия мүшелерін түгендеу жұмыстары нәтижесінде соңғы екі жылда Жарғыға сәйкес 5165 мүше шығарылса, 2053 адам партия қатарына қабылданған. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Атырау қалалық ХХХІХ есеп беру – сайлау конференциясында партияның Атырау қалалық филиалы төрағасы, қала әкімі Қайрат Оразбаев баяндады.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн форматта өткен конференцияға 40 делегат қатысты. Күн тәртібінде көтерілген бірінші мәселе «Nur Otan» партиясы Атырау қалалық филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстарының есебі туралы баяндама жасаған конференция төрағасы Қайрат Оразбаев соңғы екі жылдың көрсеткіштерін келтірді.

– Биыл Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Бұл уақыт жылнамалар биігінен қарағанда көп уақыт емес. Дегенмен, көптеген тарихи шешімдер қабылданып, елдігіміз бекіп, бірлігіміз артқан кезеңде елдің тізгінін бекем ұстаған Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесі деп білемін. Қазіргі уақытта осы игі істер жалғасын тауып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңіріміздің дамуын басты назарға алып, Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте 7 басым бағытты айқындап берді, – деген ол атқарылуы тиіс жұмыстарға тартылатын инвестицияларға тоқталды.

 Есепті мерзім ішінде «Nur Otan» партиясы Атырау қалалық филиалының кезекті және кезектен тыс 6 конференциясы, 2 Саяси кеңес және 16 Саяси кеңесі Бюро отырыстары өткенін атаған Қайрат Құлымұлы қалалық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 2736 адам жүгініп, 898 өтінішке заңдық тұрғыда кеңес беріліп, 1827 азаматтың мәселелері оң шешімін тапқанын айтты. Елімізде пандемияға байланысты өткізілген түрлі акция, қайырымдылық шараларына депутаттық фракция мүшелерінің белсенді атсалысқанын ерекше атап өткен қала әкімі партиялық бақылау комиссия мүшелері қоғамда резонанс тудырған мәселелер бойынша да жұмысшы тобын құру арқылы мониторинг жүргізіп, бірқатар проблемалардың шешілуіне ықпал еткендерін баяндады. Солардың қатарында қаладағы «Насиха», «Дина», «Көктем» сауда үйлерінің және «Сарайшық» коммуналдық базарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізу жөніндегі жұмысшы топ мониторинг жүргізіп, ұсыныстар бергенін атады. Былтырғы тамыз айында бастау алған партияішілік праймериз – партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі.

 Саяси науқанға қатысу үшін «Nur Otan» партиясы Атырау қалалық филиалының ұйымдастыру комитетіне 136 үміткер өтініш беріп, оның 135-і кандидат болып тіркелді. Дауыс беру кезеңіне 124 үміткер қатысып, сайлаушылар өз таңдауларын жасады. Қалалық мәслихаттағы 24 мандаттың 18-ін «Nur Otan» партиясы иеленген. Қазіргі уақытта Атырау қаласының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасы» әзірленіп, әр бағыт бойынша орындалу мерзімі белгіленіп отыр. Қоғамдық пікірді ескеріп, бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуына мониторинг жасауды қамтамасыз ету, партияның сайлауалды бағдарламалары мен «Жол карталарын» іске асыруды бақылау мақсатында аумақтық деңгейде 10 кеңес құрылып, тиісті жұмыстарға кірісуде.

Соңғы 2 жыл ішінде «Nur Otan» партиясы Атырау қалалық филиалында атқарылған жұмыстар есебін ұсынған конференция төрағасы алда атқарар жұмыстар көп екенін атап, тапсырмалар мен міндеттерді орындауда бар күш-жігері мен мүмкіндіктерді жұмылдыруға мүдделі екендерін жеткізді. Есепті баяндамадан соң, жиынға қатысушылар білім, жастар, сайлауалды бағдарламаның орындалу барысы туралы сөз қозғады.

Конференция барысында сайланбалы органдардың өкілеттік мерзімдері аяқталуына байланысты қалалық партия филиалы Саяси кеңесінің жаңа құрамы сайланды. Сонымен қатар күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық ХХХIII есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар ұсынылып, бірауыздан қолдау тапты.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз