Тариф өссе, талап та өзгереді

bez imenibbbb Саясат

Атырау облысын электр қуатымен қамтамасыз ететін бірден-бір компания – «Атырау-Жарық» АҚ өз қызметінің тарифін екі есеге өсіргісі келіп отыр. Бұған дейін жеке тұлғалар тұтынған 1 киловатт электр энергиясы үшін 6 теңге 55 тиын төлеп келсе, енді оны 4 теңге 75 тиынға қымбаттатуды сұрайды. Яғни бұдан былай жеке абонент әр киловатт қуат үшін 11 теңге 30 тиынды санап беруі ықтимал. Мұның өзі электр қуатын тұтынғаны үшін төленетін өзге де коммуналдық қызметтердің құнын есепке алмағандағы бағаның шамасы екен.

Компания басшылығы Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментіне 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап энергия тасымалдау тарифін екі есеге өсіруге рұқсат беру жөнінде ұсыныс жолдап, өтініш білдірген. Осыған орай өткен қоғамдық тыңдауға қала тұрғындары, жергілікті мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

Ойымызды өрбітпей тұрып, әуелі күн тәртібіне қойылып отырған мәселенің мән-жайына үңіліп көрелік. Басқосуға төрағалық етуші – Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Арман Өтегеновтің түсіндіруінше, қоғамдық тыңдауды өткізуге «Атырау-Жарық» АҚ тарапынан «электр энергиясын беру» – реттеліп көрсетілетін қызметіне «ынталандыру» тарифін енгізу, соған байланысты тарифтік сметаны бекіту жөнінде өтініштің түсуі себепші болған. Және оның биылғы 1 шілдеден бастап 2029 жылдың 30 маусымына дейінгі аралықты қамтитыны да атап көрсетілген.

Ал, «ынталандыру» әдісі республиканың «Табиғи монополиялар туралы» Заң талаптарына сәйкес реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігіне  және субъектілер қызметінің тиімділігіне қол жеткізудің, яғни сондай жүйені қалыптастырудың оңтайлы тәсілі екен. Осы тұрғыда бекітілген қағидаға сәйкес, мұндай тарифтер шілде айының алғашқы күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Осыны басшылыққа ала отырып, департамент бұл туралы құзырлы органға тиісті өтініш қабылданған сәттен бастап тариф бекітілместен бір ай бұрын қоғамдық тыңдау өткізуге міндетті көрінеді. Соңғы шешім 24 мамырда қабылданады.

Бағдарламада бәрі жақсы…

Өтініш жолдаушы табиғи монополия субъектісі – «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының президенті Мейірбек Ғұбашевтің баяндауынша, ұсынылып отырған «ынталандырушы» әдістің басты ұстанымдары:

– тариф қолданысқа енгізілген жағдайда көзделіп отырған пайданың (кірістің) кемінде 50%-ын инвестицияға салу;

– негізгі қорды құрайтын құрал-жабдықтардың тозу деңгейін төмендете отырып озық технологияларды өндіріске енгізу;

– көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасы мен сенімділігіне қол жеткізу;

– бақыланатын және бақыланбайтын шығындарды айқындау;

– инвестицияланған капиталды қайтару мен кірістілік нормасын, сондай-ақ активтердің теңгерімдік құнын анықтау.

Тарифтерді қалыптастыру кезінде шығыстардың өзі бақыланатын және бақыланбайтын болып екі түрге бөлінеді. Бақыланатын шығыстар нақты құн деректеріне негізделеді. Нақтылай кетсек, жобада қаралған бес жылға есептелген шығын көлемі елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын (инфляция) ескере отырып, бірінші (базалық) жылдың көрсеткіштері негізінде құралады. Осылайша, оның бастапқы кезеңіне кіретін жұмысшы-қызметкерлердің еңбекақы шығындары субъект персоналының нормативті санынан және экономикалық қызмет түрлері бойынша өңірдегі орташа айлық жалақыдан аспайтын мөлшерде, 2023 жылдың ІІІ тоқсанындағы статистикаға сай есептеледі екен.

Бақыланбайтын топқа экономикаға тікелей әсерін тигізбейтін шығындар кіреді. Атап айтқанда, олар:

– мемлекеттік реттеуге жататын стратегиялық тауарларды тасымалдау тарифтеріне бағытталатын;

– нормативтік-техникалық ысыраптардың деңгейіне қарай есептелетін;

– сақтандырудың міндетті түрлеріне, салықтарға, алымдар мен төлемдерге жұмсалатын шығындар.

Сайып келгенде, электр энергиясының бағасы оны бірыңғай сатып алушы және теңгерімдеуші нарықтың жұмысын регламенттеу арқылы жүзеге асады. Соған сәйкес, ресімделген хаттама бойынша электр қуатын сатып алудың болжамды бағасы 15,96 теңге квт/сағ. көлемінде қабылданған.

Назар аударарлық жайт, республика Энергетика министрінің бұйрығымен бекітілген «Бірыңғай сатып алушының электр қуатының жүктемені көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету жөнінде көрсетілетін қызметке бағаны есептеуі және интернет-ресурста орналастыруы туралы» қағидасына сай, оның 2024 жылға белгіленген көлемі – 1 195 963 теңге/мвт (қосымша құн салығынсыз). Ал, қолданыстағы тарифтегі баға – 690 007 теңге/мвт.

– Тарифтің «ынталандырушы» әдісіне кезең-кезеңімен көшуге кепілдік беріп, мүмкіндік туғызатын 2024-2029 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында облыс пен оның орталығындағы энергетика нысандарын жаңғырту мен қайта құрылымдау мақсатында 19 миллиард 285 миллион 288 мың теңгенің жұмысын істеу жоспарланған. Бағдарламада көзделген іс-шаралардың толықтай жүзеге асуын қаржылық жағынан қамтамасыз ету үшін электр қуатын тасымалдау тарифін 2024-2025 жылы – 11,98 теңге, 2025-2026 ж.ж. – 12,60, 2026-2027-де – 13,14, 2027-2028-де – 13,69 және соңғы жылы – 14,25 теңге/квт.сағатқа көтеру көзделген. Мұның бәрі өтінішімізді департамент басшылығы мақұлдап, қолдау тапқанда ғана мүмкін болады. Оның үстіне, көрсетілген тарифтердің,  қосымша құн салығынсыз, яғни оны есепке алмастан шығарылып отырғанын қаперге береміз, – деді компания басшысы Мейірбек Уахитұлы.

Қымбат қызметтен қайыр бар ма?

Әрине, қағаз жүзінде бәрі үйлесімін тауып тұрғандай болып көрінгенімен, шынтуайтында бұл басқосудың тұрғындар тарапынан көптеген түсініспеушіліктер мен сан түрлі сауалдардың туындауына септігін тигізгеніне куә болдық.

Әңгімеміздің әлқиссасында айтқанымыздай, электр қуатын тасымалдау тарифіне өзгерістер (өсіру жағына қарай) енгізу мәселесін қозғамас бұрын «Атырау-Жарық» АҚ басшылығы жеке тұлғалардың тұтынған қуатына төлейтін ақысының былтырғы қарашадан бастап бірден екі есеге көтерілгені, сол кезде ешқандай түсінік жұмыстарының жүргізілмегені, мұның өзі тұрғындардың орынды ренішін туғызғаны алға тартылды.

– Бұған біздің еш қатысымыз жоқ. Сол кезде абоненттерден алынатын қызмет ақысының қымбаттап кетуіне түрткі болған – тұтынушылармен тікелей жұмыс жүргізетін «Атырауэнергосату» ЖШС болатын. Өйткені, серіктестік тұрғындарға берілетін энергияны «Атырау-Жарық» АҚ-нан сатып алады да, соңынан өзі зиянға қалмас үшін осылай тарифін көтеріп қояды, – деп жауап берді М.Ғұбашев.

Қалай сырғақсытса да, құны қымбаттағанмен қызмет сапасы жақсармаған компанияның басшысына тыңдауға қатысқандардың да уәжі орынды көрінді. Қыс болса жарықтың жиі-жиі өшуі, жазда жетпей қалып, тапшылық етуі үйреншікті құбылысқа айналды. Сонда қабылданған инвестицияның қайыры, салынған қаржының қайтарымы қандай? Жоспар бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың нәтижесі қайда? Қанша жерден айтылып келе жатса да, қарапайым халық көбінесе жаңғыртылған желілер мен қайта құрылымдалған қондырғы-құрылғылардың игілігіне кенелуден гөрі, «қағазда қатып», іс жүзінде жасалмаған жұмыстың зардабын тартып, қиындығын көруде.

Тұтынушыны тығырыққа тіреп, қинайтыны да осы.

Илегені бір терінің пұшпағы

Электр қуатын тасымалдап, жеткізуші компания өкілінің жоғарыда келтірілген сауалға қарсы тосқан жауабының мазмұны төмендегідей болды.

«Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, жұмысымыздың түпкі нәтижесі де бір-бірімізге тығыз байланысты, былайша айтқанда тәуелді. Өйткені, біріміз қуатты өндірсек, екіншіміз оны таратып, жеткіземіз, үшіншіміз тұтынушыға сатамыз. Сол үшін де көрсеткен қызметіміз үшін бір-бірімізге ақша төлейміз, ал оның орнын тарифті көтеру арқылы толтыруымызға тура келеді. Оның үстіне, амортизациялық шығындар мен ысыраптар, жабдықтардың моральдық тозуы, жұмысшы-қызметкерлерге төленетін еңбекақы, басқа да бюджетке тиесілі түрлі аударымдар бар. Соның салдарынан пайдадан гөрі зиянмен жұмыс жасауға мәжбүр болатынымыз жасырын емес. Тарифтерді өсіру – тығырықтан шығудың төте жолы, банкрот болып қалмаудың амалы».

«Бізге делдалдың қажеті жоқ!..»

Тиісті компаниялардың жауабына қанағаттанбаған тұрғындардың бірі қоғамдық тыңдауда: «Қанша жерден ақталып, ақтарылсаңыздар да одан жағдайымыздың жақсарып кетпейтіні, «баяғы жартастың бір жартас» күйінде қала беретіні кәміл. Тарифтің өсуіне байланысты талаптың да өзгеріп, қызмет сапасының артып, деңгейінің жақсаруы заңдылық. Өкінішке қарай, осыны ескере бермейміз. Қателікке ұрынып, кемшілікке жол берудің басты себебі де сонда болса керек.

Бүгінгі әңгімеден түйгеніміз, ендігі жерде халықтан ақша алуды ғана білетін, басқасына жауап бермейтін «Атырауэнергосату» сияқты қымбатшылықты қолдан жасайтын алыпсатар мекеменің қажеті жоқ. Сол себепті оны мүлдем таратып жіберу керек деп есептейміз. Бұған не дейсіздер?» деп сұрағын төтесінен қойды. Мұны көпшілік те қостап, қолдады.

Жиынға қатысушы жұртшылықтың жанайқайына құлақ түріп, қойған сұрақтарына қарай жауаптарын жолдап, орамды ойларымен ортақтасып, пайымды пікірлерімен бөліскендердің қатарында Атырау қалалық мәслихатының төрағасы Нұрбол Құрман, тәуелсіз заңгер Салтанат Рахимова, қоғам белсендісі Гүлсім Биташева және басқаларының есімдерін атауға болар еді.

*Сіз не дейсіз?

Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА, табиғи монополияларды реттеу қызметінің ардагері:

– Баршаңызға белгілі, мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Үкіметке берген, шұғыл шешімін табуын талап еткен тапсырмасының бірі – экономиканы демонополизациялау мен қолдан жасалған аралық құрылымдарды жою. Осыны басшылыққа алған орталық атқарушы орган бірінші кезекте энергиямен жабдықтау нарығында қалыптасқан жағдайды ретке келтіруге кірісті. Түпкі мақсат – тұтынушылар үшін электр қуатының құнын негізсіз қымбаттатуға дағдыланған делдалдарды бұл қатардан шығару.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтың тапсырмасына сәйкес, биылғы 1 сәуірден бастап елдегі реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы құрылымдардың жұмысы тоқтатылды. Жиырма жылдан бері энергетика нарығында өзіндік орнын иеленіп келген мұндай құрылымдар осынау уақыт ішінде жеке тұлғалардан бөлек, бизнес субъектілері мен бірқатар бюджеттік мекемелер үшін де дербес тарифтерін бекітіп, білгенін жасап келді. Сөйтіп, саладағы басқа компаниялармен салыстырғанда олардың көретін пайдасы да (30-50%-ға немесе 5-тен 20 теңгеге дейін) көп болды. Оның үстіне бұлардың тапқан табысы энергетика жүйесін жаңғыртуға бағытталған жоқ, яғни мақсатты жұмсалмағаны анық.
Бұл бағыттағы жұмыстар «Жылу энергетикасы туралы» Заң шеңберінде одан әрі жалғастырылады. Үкімет ең алдымен осы санатқа кіретін құрылымдардың қызметін шектеу жөнінде шешім алды. Келесі кезекте олардың қызметін өңірлік электр желілері компанияларына жүктеу міндеттелген.
Сайып келгенде, мұндай қадамдар электр қуатын тасымалдау мен пайдалану тарифтерін реттеп, тиімділігін арттыруға, оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Біріншіден, заңды тұлғалар үшін тариф айтарлықтай төмендейді. Бизнес субъектілерінің жүктемесі, тұрғындардың төлейтін ақысының сомасы азаяды.
Екіншіден, бюджеттік мекемелерге арналған тариф те арзансып, олардың коммуналдық шығындарды төлеуден үнемделген қаражатын әлеуметтік мәні бар жобаларға жұмсауына жол ашылады.
Үшіншіден, өзгерген тарифтердің тұтынушыларға тигізетін ықпалын мейлінше төмендетеді.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз