Баннер 9 мая от газеты Атырау

Исатайлықтар мал төлдетудің табысын көруде

Жаңалықтар

Төскейінде төрт түлікті түлеткен исатайлықтар мал төлдету науқанын да табысты өткізуде.

Күні бүгінде аудан бойынша 20778 мүйізді ірі қара, 29840 қой, 8358 ешкі, 21289 жылқы жəне 8465 түйе бағымда тұр. Осынша мал басын шығынсыз өсіріп, аман сақтауды мақсат тұтқан атакəсіп иелері жыл сайын одан алынатын төл санын көбейтуге жұмыстанып келеді.
Сəуір айы басталғанға дейін мұнда төлдеуге тиісті 10701 аналық сиырдан 4300 бұзау, 24559 саулық қой-ешкіден 17200 қозы-лақ, 11621 биеден 2900 құлын, 4336 інгеннен 650 бота алынды. Қазіргі уақытта мал төлдету жұмыстары одан əрі жалғасуда.

– Мұның өзі өңірде атакəсіпті өркендетуге өзіндік үлесін қосып отырған малшылар қауымының тынымсыз еңбегінің, қалаберді сала мамандарының малдəрігерлік-ветеринариялық шараларды тиянақты жүргізіп, науқанды нəтижелі өткізуге берік негіз қалап, дайындық шараларын тиянақты жүргізуінің арқасы. Міне, осылайша төрт түліктен дені сау төл өргізіп, жылдан-жылға санын молайтуға мүмкіндік жасалуда, Бұл іске лайықты үлестерін қосып отырғандардың қатарында Смағұл Досқалиев, Жексенбай Хамзин, Бұқар Бисенов, Жұмабек Əбішев, т.с.с. атакəсіпті атадан балаға жалғастырып келе жатқан малбегілері жетекшілік ететін шаруа қожалықтарын атауға болар еді, – дейді аудандық кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ризабек Жақсыбаев.

Оның айтуынша, аудандағы жеті ауылдық округте 241 шаруа қржалығы тіркелген болса, соның ішінде төртеуі («Мажанов», «Асылбек Əли», «»Сеул-Авто», «Тілегенова Р» шаруа қожалықтары) асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын өсірумен айналысады. Өткен жылдары өңірде бірнеше шаруашылық (атап айтқанда, «Бекет», «Жанерке», «Мерей» шаруа қожалықтары) герефорд, қазақтың ақ бас сиыры сияқты асыл тұқымды мал сатып алса, сонымен бірге соңғысы еділбай қойының тұқымын көбейтуге бағыт ұстап отыр.

Қолдауға сай қарекет

Өз кезегінде, шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсету мəселесіне де көңіл бөлінуде. Соның куəсіндей, тек биылғы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде мал тұқымын асылдандырумен шұғылданған екі шаруашылыққа 2,9 млн.теңге, аталық мүйзді ірі қара малын (бұқа) сатып алғаны алты шаруашылыққа, 130 бас аналық сиыр сатып алғаны үшін бір шаруашылыққа 19,5 млн.теңге (аудан бойынша барлығы 23,5 млн.теңге) сомасында субсидия төленген. Ал, былтыр осындай мақсатқа жалпы көлемі 99,2 млн.теңге қайтарымсыз қаражат берілген.

Бұдан бөлек, 2019-2020 жылдары жүзден астам шаруа қожалығы қолжетімді бағамен күн панельдерін сатып алып, бүгіндері соның игілігін көруде. Сөйтіп, құм өңірінле қоныстанған шаруагерлер күн сəулесінен жинақталған қуатпен үйлерін жарықтандырып, су соратын шағын сораптарын іске қосып, интернет байланысына шығуда. Былайынша айтқанда, орталықтан шалғайда отырып-ақ, өркениеттің жетістіктерін пайдалануда.

Қайырымдылықтан да құр қалмады

– Айта кету керек, ерлікке тең ерен еңбегімен елді асырап отырған малды өңірдің азаматтары еңбекте табысқа кенеліп қана қоймай, аудан көлеміндегі қайырымдылық шараларына атсатысып отырады. Əсіресе, былтырдан бері бүкіл елді жайлаған пандемия кезінде олар күнелтіс жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек көрсетіп, «Шаруагерден дəрігерге» акциясына сүбелі үлестерін қосты, – деді сөзінің соңында сұхбаттасымыз.

Дəулетқали АРУЕВ

Исатай ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз