Баннер 9 мая от газеты Атырау

«Бақытымды қазақтан таптым»

whatsapp image 2024 03 09 at 01.03.38 Жаңалықтар

Наурыз айындағы мерекелер қарсаңында орыстың қызы, қазақтың келіні, діні мұсылман Светлана Калмыковамен сұхбаттасудың сәті түскен-ді. Ол Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында тұрады.

Кейіпкеріміздің туған жері – көршілес Талдыкөл (бұрынғы Редут) ауылы. Кіндік қаны осында тамған. 60-жылдардың басында отбасымен Бейбарысқа (әуелде «Первомайский» кеңшарының орталығы Чкалов аталған) қоныс аударған. Әкесі Иван Калмыков ауылдағы орта мектепте шаруашылық меңгерушісі, анасы Наталья Наумовна бастауыш сыныптарға дәріс берген. Светлананың өзі де сол кісінің жолын қуып, ұзақ жылдар ұстаздық еткен көрінеді. Қазіргі уақытта құрметті еңбек демалысында. Алға ауылының тумасы Хамит Жақанов есімді азаматпен көңіл жарастырып, жанұя құрған. Жұбайы да осында шәкірттерге еңбек және трактор жүргізу пәнін оқытып, ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды даярлауға үлесін қосқан.

– Жолдасымыз екеуміз бір ауылда, бір мектепте қатарлас оқығанбыз. Ата-енем өте жақсы адамдар еді. Шаңыраққа келін болып түскенімде мені жылы қабылдап, өз қыздарынан артық болмаса, кем көрмеді. Бірден тіл табысып, бірлігі бекем, тірлігі тату отбасына айналдық. Екінші анамдай болып кеткен Жамал апаның маған қарап «Қазақтың шаңырағына келін болып келген екенсің, ендеше, сен де біз секілді қазақша сөйлейсің қарағым. Басқа саған қояр талабым жоқ» деп айтқан бір ауыз сөзі бүкіл өмірімді өзгерткендей болды.

Мектепте орысша оқығаныммен қазақтардың арасында өскендіктен де енемнің бұл өтінішін орындау қиынға түскен жоқ. Қайта босаға аттаған елімді бұрынғыдан да жақын тартып, ағайын-туыс, жақын-жұрағатпен арамызды жақындата түсуге оң әсерін тигізді. Қазақтың ғасырлардан жалғасып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрін меңгергенім өз алдына, мақал-мәтелдерін де үйрендім. Ененің мектебінің қаншалықты тәлімі зор, ғибраты мен үлгі алар тұстарының мол екенін өзім де кейін ұлдарымыз үйленіп, келін түсіргенде сезіндім. Оларға мен қыздарымдай қарасам, келіндерім де мені аналарындай сыйлап, құрметтейді, үлгі-өнеге тұтады. Бертінде өз еркіммен, ықтиярыммен мұсылмандықты қабылдадым. Менің осы қадамымды құптап, түсіністік танытқан отбасы, әулетіме, қала берді ағайын-туыс, ауылдастарыма әркез ризашылығымды білдіріп, алғысымды айтып отырамын, – дейді Светлана Ивановна.

Әңгіме үстінде сұхбаттасушымыз тағы бір қызықты жайтты айтты. Сөйтсек, оның әжесі грузин қызы екен. Отан соғысына қатысып, майданда ауыр жарақаттанған атасы Грузия еліндегі әскери госпитальде емделген. Сонда болашақ жарымен танысып, табысқан. Содан атасы әжесін сонау Кавказ тауының төріндегі Кутаиси шаһарынан Атырау өңіріне алып келіпті. Анасының айтуынша, жалпы ата-бабалары ежелден осы Жайық бойын мекендеген, құтты қоныс еткен адамдар екен. Өзі де ауылда туып, қазақтардың арасында өсті, қазақтың келіні. Сол үшін де ол осындай бақытты маңдайына жазып, пешенесіне бұйыртқан тағдырына шексіз разы екенін жасырмады.

«Бұл отбасы жөнінде ыстық лебіз бен жылы сөзден басқа айтарым жоқ. Біздің олармен аралас-құраластан да әрі ағайындай араласып, бауырласып  кеткеніміз соншалықты, отағасын Хамит аға десек, отанасын Света апа деп атаймыз. Әсіресе, апамызбен кездескенде қазақша сәлемдесіп, қал-жағдай сұрасып, шұрқырасып жатамыз. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, қашан да игілікті істердің ортасынан табылатын да осылар. Шаңырақтарын шаттыққа бөлеп, өнегелі өмір жолдарын өрісті еткен ұрпақтары бүгінде қоғамға пайдалы іспен шұғылданып, халыққа қызмет көрсетіп, көптің алғысына кенеліп жүргеніне куәміз.

Тұңғыштары Рүстем отбасымен қарашаңырақта тұрады. Кенжелері Дастанның тұрағы – Атырау қаласында, өзі жеке кәсіпкер, Бейбарыс ауылындағы «Болашақ» мейрамханасының иесі. Атыраулық болғанымен, кіндігі ауылынан қыл елі ажырамаған азамат ауылдастарының шаңырақ қуаныштарын, қайырымдылық шараларын өткізуге атсалысып отырады. Екеуінің ортасындағы Назгүл қыздары ел қатарлы тұрмыс құрып, перзентті болғанымен өкінішке қарай, өмірден ертелеу өтіп кетті. Алфариз атты жиендерін бауырларына басып, алдындағы нағашы ағаларының соңынан ерген інісінен кем етпей тәрбиелеп отыр. Ол да бұл күнде ержетіп, Алматы қаласындағы жоғары оқу орнының студенті атанған. Ұлдарынан өрбіген немерелерінің атасы мен әжесі болып отырған ағамыз бен апамыз қарттық шақтарын да шат көңілде өткізуде» дейді Бейбарыс ауылдық аналар кеңесінің төрағасы Мәншүк Жәленова. 

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз