Баннер 9 мая от газеты Атырау

Ұлттық болмысқа жат құбылыс

vmmvymvm Қоғам

Соңғы жылдары қоғамда қара киініп, тұмшаланатындар белең алғаны рас. Мұны олар сән көре ме, әлде қандай да бір наным-сенімнен бе, түсініксіз. Осы турасында ардагер ұстаз Темірбек Мардановпен сұхбаттасқан едік. Ол жастардың бұл әрекеті діни фанатизмнен туған деп топшылайды.

– Тарихтың сан тарам беттеріне көз тастасаңыз, Алтай мен Атырау арасындағы ұланғайыр атырапта діни қақтығыстардың болмағанын көресіз. Ал, қазір өз идеяларын абсолютті ақиқат ретінде санайтын дәстүрлі емес діни ағымдардың әсерінен діни негіздегі алауыздық пен бөліну көбейді. Осы деструктивті ағым ұстанушылардың кесірінен «діни фанатизм» атты дерттің одан сайын асқынып келе жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Олардың қандай да бір сенімнің немесе көзқарастың ықпалында болуы және өзге көзқарастарға шошына қарауы әрқайсымызға ой салатындай жағдай. Өйткені, көзін шел басқан, өзінен басқа ешкімді мойындамайтын, ешкіммен санаспайтын діни фанаттар өзінің қалауы мен ой-пікірін басқа адамдарға телігісі келеді. Осы әрекеттерімен олар өзгелерді ақиқатқа жеткіземін деп санайды. Мұндай фанаттық сана типінен радикалды ойлар өсіп шығатынын ескеретін болсақ, оның арты үлкен қауіпке алып келуі мүмкін,- деді Т.Марданов.

Маманның айтуынша, мұндай фанаттардың пайда болуына жат ағымдағы «сананы бақылау» әдісі себепші. Өйткені, осы бағыттағы лидерлердің, шейхтардың берген бағыт-бағдары, сендіріп айтқан сөздері, кітаптары т.б. әсер етеді екен.

– Жат ағымдағылар жаңа адамды өз қатарына қосардан бұрын бірінші оларға «сананы тазарту» операциясын жүргізеді. Нақтырақ айтқанда, тұлғаның өткен өмірін толық ұмыттырып, оған деструктивті ұйымның идеологиясын сіңіру мақсатында жұмыс жасайды. Теріс бағыттағы діни ұйымға кірген адам жаңа ортаның талаптарын бұлжытпай орындай бастайды. Тұлғаны өздеріне толықтай тәуелді ету – деструктивті діни ұйымдардың басты мақсаты,- дейді ардагер ұстаз.

Сұхбаттасушымыз Президенттің көтерген мәселесі орынды екенін және жастардың арасында осындай жағдайлардың көбейіп кеткендігін айтады. «Дін жолына енді қадам басқандар дұрыс білім алмай, кейде айналасындағылардың сырт бейнесіне еліктеп, ұлтымызды ішінен ірітеді» деді ол.

– Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Соңғы уақытта қазаққа жат киім киген қыздарымыздың теріс жолға түскендігін айқын аңғаруға болады. Сондықтан бізге әрбір дүниеге байыпты әрі салмақты, сараланған көзқараспен қарау керек. Ақ пен қараның ара-жігін ажырата білейік. Бізге бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізді сақтап қалу міндет. Ол үшін ұлттық бірегейлік пен тұтастықтың тұғырын құлатып алмауымыз шарт. Діни фанатизм мен соқыр сенімнен ада болайық!,- деп сөзін қорытындылады Темірбек Марданов.

Малика ТӘКЕЖАНОВА

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз