Бесқаланың баласы

oolьtьb e1714627847114 Қоғам

Атам қазақтан сөз қалмаған ғой, «Тәуекелсіз іс бітпейді, тәуекел етпеген арықтан өтпейді» депті баяғының қарттары. Шынында да пенде баласы қай іске де тәуекел ете білуге тиіс қой. Әйтпесе істеген істің берекесі болар ма?!

…Саналы ғұмыры орыстардың ортасында жалғыз өткен Ербаянның Қартамбайы САВО-ның санэпидстанциясын басқарған жылдары бұл сала «өте құпия» грифімен жабық жатқан тақырып болатын. 293 миллион халқы бар ұлан-байтақ Кеңес Одағының оңтүстік және шығыс шекараларына жауапты Түркістан (ТуркВО) және Орта Азия әскери округтерінің (САВО) қызметінен кейде республика Қорғаныс министрлігіндегі шенділер де сырт қалып жатушы еді. Өйткені, Иран мен Ауғанстанға деген көзқарас мүлде салқын, оңтүстік-шығыс елдерінен келетін есірткі трафигі, басқа да қауіп-қатер Одақтың қорғаныс арсеналына ауыр жүк салып тұрғаны рас. Қазіргі Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғыз Республикалары мен Ауғанстан Республикаларының аумағын қамтыған әскери округтің штабы Алматы қаласында орналасты. Бірнеше мыңдаған персонал мен аса қуатты әскери арсеналға ие САВО-ға алып держава басшылығының ерекше мән бергені соншалық, 40-армия мен 17-армиялық корпустан басқа да әскери округтерден жауынгерлік құрамалар қосылып, ірілендірілді. Одақтық әскери ведомство басшылығының бұл округке айрықша маңыз бергені сонша, САВО-ның қолбасшыларын айтпағанда, жауынгерлік құрамның Әскери кеңесінің мүшелері мен штаб басшыларының шені генерал-лейтенанттан төмен болмайтын. Тіпті, округ қолбасшысы, армия генералы Дмитрий Язовтың кейін КСРО Қорғаныс министрі болып тағайындалуының өзі ол кезде зор мәртебе. Ал, Язов жұмысты ұйымдастыру шеберлігі мен алғырлығы үшін Саудабековті өте жақсы құрметтеп, ерен еңбегі үшін «УАЗик» сыйлаған Одақтағы бесеудің бірі және Қазақстандағы жалғыз әскери Қартамбай Ербаянұлы болатын.

Алматы мемлекеттік мединститутын 1966 жылы бітірген лейтенант Қартамбай Саудабеков осы округке қарасты әскери медициналық құрылымдардан 1992 жылы отставкаға шыққанша әскери медицина саласындағы міндетін мүлтіксіз атқарып, полковник дәрежесіне дейін көтерілді. Бұл ол кезде шыған-тоғайда кездесетін мәртебе-тұғын. Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған дипломды дәрігер бұдан арғы ғұмырының әскери тәртіпке бағынышты боларын сезбеген де еді. Ол Ташкентте, сосын Отар станциясында екі жылдық әскери борышын өтеп болған соң Ленинградтағы С.М.Киров атындағы Әскери-медициналық академияның басқару факультетінің «эпидемиология» мамандығына «аға лейтенант» шенімен қабылданды. Бұл оқу орнын бітірген алғашқы қазақ Халел Досмұхамедов болса, сосын Қарекеңнен кейін үшінші атыраулық Фуат Төлеуішұлы Серіков еді.

Ал, майордан төмен шенділерді қабылдамайтын бұл оқу орнына аға лейтенанттың түсуі ол кезде «мүмкін емес» жағдай саналатын. Екі жыл бойы күні-түні кітаптан бас көтермей оқып, соны бітіріп келгеннен кейін полк медпунктін басқару ұсынылғанда Қ.Саудабеков те тәуекелге бел буды. 1970 жылы бірлестік эпидемиологы, 1973-1976 жылдары округ медициналық басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық бөлімінің бастығы болып істеген оның ойына мұндай жоғары лауазым бұрын-соңды кіріп-шықпаған болатын. Мұның бәрінде де колхоздың сиыр фермасында істеген анасы Айбазар мен ағасы Қарымсақтың қасында тұрмыс тауқыметін тартып, бесінші сыныпқа дейін теріден тігілген аяқкиіммен өскен Саудабековтің қиындықтан тайсалмай, қандай тығырықтан да жол таба білетін тәуекелшіл мінезі көп септігін тигізді, соған сай абырой-беделі де асқақтай берді. Бұдан әрі ол атқарған округ санитарлық-эпидемиологиялық Бас басқармасы бастығының орынбасары-бөлім командирінің орынбасары, Бас басқарма бастығы-бөлім командирі, Түркістан және Орта Азия әскери округтері санэпидотрядының бастығы деген лауазымдардың қай-қайсысы да ол дәуірде тек мүйізі қарағайдай майорлар мен полковниктер, оның үстіне үстем ұлт өкілдерінің маңдайына жазылғандай жоғары шендер екеніне бүгінде жұрт сене қоймас. Бұған қарап томашадай ғана ауыл баласы Қартамбай Саудабековтің батыл іс-әрекеті мен намысшыл қажыр-қайратын аңғаруға болады. Әйтпесе САВО-ның қолбасшылығына генерал-майорлардың өзін қоңылтақсып жүрген Одақтың Қорғаныс министрлігі ол кезде әлі «полковниктік жұлдызын» алмаған қазақты шүлдік құрлы көрмес еді.

Ал, Саудабековтің медициналық қызметтегі батылдығы сол, соғыс өрті өршіп тұрған Ауғанстандағы Кеңес Армиясының құрамаларында эпидемиологиялық аурулардың өршіп кетпеуі үшін темірдей тәртіп орнатты. Генерал-лейтенанттар мен генерал-полковниктер Қартамбай Ербаянұлын сөзінен таймас табандылығы, адалдығы мен жоғары жауапкершілігі үшін жақсы көретін. Ол Ауғанстанды бес саусақтай жақсы білетіні және заңға бергісіз қағидасының арқасында Ауғанстан жерінен кеңес әскерлерінің аман шығуына атсалысып, атышулы генерал, Кеңес Одағының Батыры Борис Громов мінген соңғы БТР-ді Термез көпірінен САВО офицерлерімен бірге күтіп алды. Бұл операцияны жүзеге асырушылардың тізіміне Саудабековтің енгізілуі де тегін емес, 200 күн ауған жерінде құпия іссапарда болғанда генерал Громовпен жақын араласып, жақсы жолдас болып алып еді. Бірақ сол іссапарларды отбасы да, жақын достары да білмейтін, өйткені тәртіптің қаталдығы сонша, ол аттанарда «Ташкентке немесе Ашхабадқа кеттім» деп айтып жүрді.

Кеңес-ауған әскери операциясы кезінде Саудабековке жүктелген өте күрделі миссиялардың бірі – биік таулы аймақта бактериологиялық қаруды қолдану кезінде кешенді иммунизация әдістерін дайындау. Сол үшін мұның табандылығын ескеріп, әскери командование тау ғылымы экспедициясының жетекшілігіне тағайындады. 1979-1981 жылдар аралығында басын қауіпке тіге отырып, атқарылған кешенді жұмыстардың нәтижесінде деректі фильм түсіріліп, 1981 жылы жазған құпия монографиясы Ленинград қаласынан жарық көрді. Сол үшін оған «медициналық қызметтің подполковнигі» шені берілді.

Қ.Саудабековтің санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы ұйымдастыру шеберлігі мен тегеурінді іс-қимылы 1986 жылғы мамырда күллі әлемді дүр сілкіндірген Чернобыль АЭС-індегі апат кезінде де керек болды. Атом тажалын ауыздықтауға қосқан белсенді үлесі үшін ол басқарған отряд мүшелерінің еңбегі жоғары бағаланып, Қартамбай Саудабеков полковник шенімен №64615 әскери бөлімнің командирі болып тағайындалды. Бастапқыда шағын отряд болған бөлімді ірілендіріп, нығайтқан Бесқаланың баласы Алматыдағы осы бөлімді алты жыл басқарып, 1992 жылы отставкаға шыққанда оны жұмысқа шақырып, таласқандар көп болды. Коммерциялық бағытта да, оқытушылық, тіпті қаржы-шаруашылық басқару салаларында да абыройлы еңбек еткен Қарекең бүгінде құрметті еңбек демалысында, Алматы қаласында тұрады.

Зайыбы, Балықшының қызы Зәуре Ғұмарқызы да 1966 жылы отау көтергеннен бері Қарекеңнің қатал мінезі мен қайырымды құлқына әбден үйренген. Себебі, жұмысқа асқан қаталдықпен қарайтын отағасы отбасында сондай мейірімді, үш қызын еркелетіп өсірді. Тек кенжесі Дананың кенеттен болған қазасы екеуінің де қабырғасын қайыстырғаны болмаса…

Бүгінде тұңғышы Эльмира философия ғылымдарының кандидаты, ЖАК доценті болса, Лариса математика пәнінен сабақ береді. Шүкір, екеуінен өрбіген ұрпақ көбейіп, Қартамбай мен Зәуренің тамыры тереңдеді. Ширек ғасырдан аса ғұмырын арнаған әскери медицинадағы абырой-дәрежесі олардың шалқып-тасып өмір сүруіне септігін тигізіп келеді.

Отан алдындағы сіңірген зор еңбегі үшін сый-құрметке ие болған азамат Түркіменстандағы ішек инфекциясы, Қырғызстанда оба ауруларының ошағын ауыздықтау шараларын жедел ұйымдастырып, өте қысқа мерзімде алдын алды. КСРО және Қазақстанның денсаулық сақтау ісінің үздігі, Түркіменстан және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген дәрігері, КСРО Қорғаныс министрлігі «Денсаулық сақтауды ұйымдастыру мен эпидемиология жөніндегі жоғары дәрежелі дәрігер» атағының иегері, жоғары санатты дәрігер, отставкадағы полковник Қартамбай Саудабеков Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының дәрігерлік-географиялық жағдайын да зерттеп, оны 1989 жылы кітап етіп шығарғанын бүгінде екінің бірі білмейді. Себебі, ол Түркістан және Орта Азия әскери округтерінің санитарлық-эпидемиологиялық гигиенасына толық қадағалау жасады. Сол кездің талабына сай бұл лауазым КСРО Қорғаныс министрлігінің штатына енетін, мұндай басымдық ол кезде Қазақ КСР Қорғаныс министрлігіндегі шенділерге де берілген жоқ.

Бірақ ол Атыраудың перзенті, халқымыздың қабырғалы ұлдарының кіндігі кесілген Қаракөлдің қасындағы Бесқаланың баласы. «Туған жердің жуасы да тәтті» демекші, Қартамбай Ербаянұлы – он шақты жылдай Атыраудың дамуына да зор үлес қосқан азамат. Экологиялық ахуалды жақсарту үшін қала маңынан «жасыл белдеу» қалыптастыру идеясын батыл қолға алғанын көз көрді. Сол мақсатта қаржының қолды болмауы үшін басын бәйгеге тігіп, алқалы жиындарда жаны шырылдап, мәселе көтергеніне де талай куә болғанбыз.

Алыста болса да, туған жерінің аман болуын тілейтін Қарекең сәуір айындағы тасқын судан зардап шеккен жерлестерінің қиын тұрмысын жақсартуына жеке жинағынан қол ұшын да берді. Бұл да ерлік!.. Әйтпесе су келетінін естіп, бала-шағасы мен дүние-мүкәммалын ала қашқан пенделер де болғанын несін жасырамыз.

Ал, Қартамбай Ербаянұлы әркез елімен бірге, халқының ортасында. Қадір-қасиетінің асқаны сол, өнеге-үлгісін қазақтың біртуар ұлдары, жақын досы Әбіш Кекілбаев ерекше қастерлеп, жақын тартса, Сейілбек Алтынбековпен достық байланыс әлі күнге дейін үзілген жоқ. Иә, ол қашан да құрметке лайық жан!..

Назарбек ҚОСШИЕВ,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз