Эпидемиологиялық ахуал бақылауда

yvvya Жаңалықтар

Жылыой ауданындағы су тасқыны салдарынан малдың өлекселері далада қалып, зираттағы мәйіттер бөлек шығып қалған еді. Мұның аудандағы эпидемиологиялық ахуалға қандай да бір әсері туралы сұрақтарды Жылыой ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Талғат Хабибуллинге жолдағанбыз. Оның айтуынша, Жылыой ауданы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты.

Су басқан кезден бастап күнделікті орталықтандырылған ауыз су құбырынан сынама алынып тексерілуде. Бүгінгі күнге дейін алынған санитарлық-химиялық зерттеулерге – 178, микробиологиялық зерттеуге – 185 сынаманың нәтижелері таза болған.

– Жылыой ауданында сібір жарасы ауруының екі ошағы бар. Сол кезде ол жерлер тиісті талаптарды сақтай отырып, толық оқшауланды. Әйтсе де үрейленудің жөні болмас, өйткені ол жерлерді су баспаған. Біріншіден, халық тұтынатын ауыз су ұдайы бақылауда. Суы сорылып, қоқыстан тазартылған тұрғын үйлер мен үй аумақтарында дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 18 жасқа дейінгі жоспарлы екпесін алмаған балаларға А гепатиті, қызылша, көкжөтелге қарсы екпе салынуда, – деді Талғат Әділбекұлы.

Бүгінгі таңда Құлсары қаласында үй-жайлар мен басқа да әлеуметтік нысандардың айналасындағы және көшедегі 70 мың текше метрден астам су сорылып құрғатылған. Қаладағы шағынаудандар, ауыл аумақтарындағы үй-жайлар, басқа да әлеуметтік нысандар су тасқынынан кейінгі күл-қоқыстан, қатты тұрмыстық қалдықтардан, лай көшкіндерінен тазартылуда. Ауданның бас эпидемиологының айтуынша, «Жылыой Тазалық» ЖШС Құлсары қаласы бойынша барлығы 1200 тонна қоқыс шығарыпты.

– Ветеринарлық мамандардың көмегімен жануарлар мен құстың өлексесі арнайы орынға жинап өртеліп жатыр. Бүгінгі таңда 317 бас ұсақ мал, 9 бас сиыр, 3 бас жылқы, 3 бас түйе, 50 ит, 12 мысық және 523 үй құстарының өлексесі жойылды, – деді Т.Хабибуллин.

Алмас ҚАБДОЛОВ

* Маман кеңесі

Жылыой аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары су басқан өңірдегі тұрғындар өз денсаулығы үшін мына қарапайым қадамдарды жасауға кеңес береді:

– Тасқын судан аулақ болу;

– Тасқын суды кешкен жағдайда арнайы киімдерді қолдану (резеңке етік, резеңке қолғап, т.с.с.);

– Су басу орындарында бұлақ, құдық және ұңғымалардан су ішпеу;

– Тасқын суға малынған тамақ өнімдерін пайдаланбау;

– Бөтелкедегі және қайнатылған суды ішу және тамақ пісіру үшін пайдалану;

– Жемістер мен көкөністерді бөтелкедегі немесе қайнатылған сумен жуу;

– Қолды сабынмен мұқият жуу немесе антисептик пайдалану;

– Жануарлар және олардың мәйіттерін қолмен ұстамау;

– Жұқпалы аурулардың белгілері байқалса (қызу, жүрек айну, құсу, нәжістің босауы, тамақ ауруы, бөртпе, т.б.) дереу медициналық көмекке жүгіну.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз