«ІНЖУ-МАРЖАН» – ҮЗДІК САЛЫҚ ТӨЛЕУШІ

Балық шаруашылығын дамытуда зор үлес қосып жүрген «Інжу-маржан профилакториясы» ЖШС тағы бір мәртебелі марапат иесі атанды. Бұған дейін де еселі еңбегі еленіп, бірнеше төсбелгілерге ие болған Гүлфара Исмағұлова республика көлеміндегі кәсіпкерлер арасында салық төлеп, қазына қаражатын толықтыруда да үздік деп танылды. Мемлекет басшысының кәсіпкерлік саласына көрсетіп келе жатқан қамқорлығын сезініп, айтқан тапсырмасын бұлжытпай орындап келе жатқан оған жақында Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасында жоғары деңгейлі төсбелгісі салтанатты жағдайда табысталды.

 

Жалпы, Қазақстан экономикасы көшбасшыларының жалпымемлекеттік республикалық рейтингтік «Сала көшбасшысы-2014» бағдарламасының елімізде алатын орны ерекше. Атап айту керек, ұлттық бизнес-рейтинг ТМД және Кеден Одағы елдері арасында кәсіпорынның шынайы қызметін бағалайтын бірегей коммерциялық емес кешенді халықаралық рейтингтік жоба ретінде танымал.

Атырау облыстық Салық департаменті басшысының  міндетін атқарушы Айгүл Рзағұлованың айтуынша, мұнайлы өлке тек «қара алтын» қорымен ғана емес, балығымен де белгілі. Сол себепті, балықшылардың да еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Осы орайда департамент басшысының міндетін атқарушы жыл сайын ұйымдастырылатын ұлттық рейтинг байқауының маңыздылығына тоқталды. Сонымен, Қазақстан Республикасының халықаралық беделін нығайту, экономика мен құрылыс салаларын нығайтуға қосқан үлесі үшін Гүлфара Ысмағұлованың кеудесіне «Қазақстан экономикасы. Даңқ жұлдызы» ордені тағылды. Ал, «Еңбегі мен жетістіктері үшін» медаліне «Інжу-маржан профилакториясы» ЖШС-нен Гаухар Базарғалиева ие болды.

Салтанатты шара барысында марапат иесі нәтижелі еңбегі еленіп, бағаланғаны үшін ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да бұл саланы дамыту үшін жұмыстана беретінін айтты:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бизнес саласына үлкен қолдау білдіруде. Біз әрдайым оның қамқорлығын сезініп келеміз. Мәселен, мораторийдің жариялануы ісімізді біраз жеңілдетті. Қазірде қарамағымызда үш ірі өндірістік кооператив бар. Маусымдық кезеңде үш жүздей жұмысшыны еңбекпен қамтимыз. Басқа уақытта мал шаруашылығымен де айналысамыз. Осыдан үш жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы алдымызға екі мәселе қойған еді. Оның бірі салықты уақтылы төлеу болса, екіншісі жұмыссыздарды еңбекпен қамту еді. Содан бері қызметімде осы екі позицияны ұстанып келемін. Сонымен қатар, қолымыздан келгенше халыққа жәрдемдесуге тырысудамыз.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз