ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ – МЕРЕЙЛІ МІНДЕТ

Атырау облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы қызметкерлерінің патриоттық жауапкершілігін арттыру мақсатында жоспарлы шаралар өткізіп келеді.

Соның бірі, таяуда полиция ұжымдарының жеке құрам қызметкерлерінің қатысуымен кешенді жаттығу, арқан тарту, кір тасын көтеру, Макаров тапаншасын шашып, кері жинау сынды спорттық сайыстар өткізілді. Сол секілді, Тұңғыш Президент күніне орай, мекеме қызметкерлері арасында өткен кіші аяқдоптан ашық турнир де жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Салтанатты шарада басқарма бастығы, полиция полковнигі С.Молдашев: «Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізген жылдар ішінде әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. Ғасырлар бойы бабалар армандаған егеменді ел атанып, 150-ден астам елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты, өзге мем­лекеттердің даму жолдарын саралай келе, өзінің жолын таңдады. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды» деп атап өтті. Бұдан соң сөз алған мекеме кадр жұмысы бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Қ.Дүйсенбаев, ардагерлер қеңесінің төрағасы А.Шудабаев та тәуелсіз Қазақстанның қол жеткен жетістігі мен салаға қатысты жаңашылдықтары туралы тереңірек тоқталды. Бұл күні жеке құрам қызметкерлеріне «Елбасы жолы» кинофильмі көрсетіліп, патриоттық бағыттағы ауқымды шараның маңызын арттыра түсті.

Әртүрлі спорттық аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталып, грамоталар, құттықтау хаттар табысталды. Басқарма қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік концерт те көпшіліктің көңілінен шықты.

Қ. Дүйсенбаев,

Облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бөлім бастығы. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз