ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛЫ ЖЕҢІЛ ШАРУА ЕМЕС

Облыс экономикасының дамуында басқаларымен қатар жолаушы және жүк тасымалымен айналысатын   автомобиль көлігі қызметкерлерінің де өзіндік үлесі барлығы кәміл.

Жетпістен астам маршрут қызмет көрсетеді

Бүгінгі таңда облыста жолаушы тасымалын жүзеге асыратын 14 мекеме, 72 маршрут (оның 34-і – қалаішілік, 18-і – облысішілік, 17-і – ауданішілік, екеуі – облысаралық және біреуі халықаралық) тұрақты жұмыс жасайды. Бұлардың қатарында «Лава-Транс», «Теңізавтокөлік», «Еділ мен Жайық», «АйсТрансХолдинг», «ЖайықСтройСервис», «Данияр и К», «АнуарбекТранс», «Айдын и Ко», «Автостоянка-А», «Атырау-Такси», «МамитовТрансСервис» ЖШС-терін, сондай-ақ, «Баймұханов С», «Қағазов Б», «Қаспаев Ж» жеке кәсіпкерліктерін атауға болар еді.

Қазіргі уақытта халықаралық маңыздылықтағы «Атырау-Астрахан-Атырау» бағытына күніне екі, облысаралық «Атырау-Орал-Атырау» бағыты бойынша бес, «Атырау-Бейнеу» аралығына бір және облысішілік «Атырау-Құлсары-Атырау» бағытымен алты реттен автобустар қатынайды. Қала ішінде түрлі бағыттарда 21 автобус маршруты жолаушыларға қызмет көрсетеді.

Осы міндетті мойнына алған «АйсТрансХолдинг» ЖШС 2013-2014 жылдары кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жаңадан 20, одан бөлек «Атырау-Орал» және «Атырау-Бейнеу» аралығын қамтитын «Лава-Транс» ЖШС төрт бірлік  автобус көлігін жаңадан сатып алған. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында өзінің жобасын ұсынған «Қуаныш» жеке кәсіпкерлігі 2012 жылы Атырау қаласынан жаңа автовокзалдың құрылысын бастап, 2013 жылдың үшінші тоқсанында аяқтады.

Автобекет пен такси тұрағы көбейді

Елбасының Жарлығымен биылғы жылдың қаңтар айында «Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мерзімге арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданып, бекітілген. Аталған бағдарлама аясында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында облыстағы барлық аудан орталықтарынан автобекеттер, селолық елді мекендерден талапқа сай келетін такси тұрақтарын салу жоспарланған. Осыдан екі жыл бұрын облыс орталығы – Атырау қаласының халық көп шоғырланатын жерлерінде такси тұратын орындар анықталып, құжаттарын ресімдеу жұмыстары жүргізілген.

Әлеуметтік қолдау айшықтары

Айта кетуіміз керек, жолаушы тасымалына тартылған кәсіпорындар әлеуметтік осал топтағыларға қолдау көрсету жағын да ұдайы назарда ұстап келеді. Осылайша, олар Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалардың, зағип жандар мен 17 жасқа дейінгі мектеп оқушыларының сабақ мезгілінде қалаішілік маршруттарда тегін жүруі қарастырылған. Сонымен қатар, зейнеткерлер мен еңбек ардагерлеріне жолақы құнының 50 пайызы көлемінде жеңілдіктер жасалынған. Сол сияқты, жалғызілікті, өздігінен жүріп-тұра алмайтын жандарға қызмет көрсететін 50-ден астам әлеуметтік қызметкер де қала ішіндегі маршруттарда жолақы төлеуден босатылыпты.

Адал еңбекке – құрмет пен марапат

Жақында ғана Көлік-коммуникация саласы қызметкерлерінің күнін атап өткен атыраулық автокөлікшілер де осы саладағы барша әріптестерімен бірге құрметке кенеліп, өндірісте озат танылғандары еңбектеріне лайық марапаттарды иеленді.

Атап айтқанда, «Теңізавтокөлік» ЖШС-нің тәжірибелі, жоғары санатты  жүргізушісі Қабидолла Мәмбетов «Құрметті автокөлікші» атағын еншіледі. Ал, осы кәсіпорынның автослесары Қанат Садуов, «АйсТрансХолдинг» ЖШС-нің бас механигі Әліп Шайхиев, жүргізушісі Қисметолла Мұхамбетов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Асхат Кенжәлиев «Үздік автокөлікші» төсбелгісін кеуделеріне тақты. Сол сияқты, аға диспетчер Ақборан Құлымбетова, жүргізуші Ақдүйсен Нетжанов («Теңізавтокөлік» ЖШС),   «АйсТрансХолдинг» кәсіпорнының жүргізушілері Елемес Жұбанәлиев пен Еркін Омаров салалық министрліктің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз