ПОЛИЭТИЛЕН ЖОБАСЫ: италиялық компаниямен байланыс орнатылды

2022 06 06 brjmjvxmhxetqllwvnxatlcxlcvgq6k6aatboabr Экономика

Полиэтилен жобасы бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай-газ химиясы саласында тәжірибесі бар Tecnimont компаниясымен ынтымақтастық байланыс орнатты. Бұл туралы жақында ұлттық компанияның басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің Maire Tecnimont S.p.A. компаниясының атқарушы директоры Алессандро Бернинимен кездесуі барысында белгілі болды. 

Елімізде полиэтилен жобасы бойынша сең қозғалып, жобалау жұмыстары басталғаны жөнінде хабарлаған едік. Жуырда тараптар осы саладағы нақты бағыттарды талқылап, халықаралық жетекші компаниямен тығыз қарым-қатынас орнатуға ынталы екенін айтқан. Бүгінде қуаты 1250 млн. тонна полиэтилен өндіруге қауқары жететін алып жобаны іске асыру басты міндет болып отыр. Сондықтан, мұнай-газ және мұнай-химия жобаларын салу және басқару бойынша тәжірибесі мол, толық инженерлік қызмет көрсете алатын халықаралық жетекші ЕРС компания ретінде жеткен жетістіктері біз үшін маңызды.

– Біз аталған компанияның көрсеткіштерін жоғары бағалаймыз, – дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Полиэтилен жобасы бойынша ынтымақтастық шеңберінде Tecnimont S.p.A. компаниясы полимерлеу, альфа-олефиндер мен зауыттың жалпы шаруашылық нысандары үшін «EBD» кеңейтілген базалық жобасын әзірлеумен айналыспақ.

«ҚазМұнайГаз» бен Maire Tecnimont S.p.A. арасындағы келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастық өзара даму, білім мен тәжірибе алмасу үшін, сондай-ақ халықаралық деңгейде энергетика саласының дамуына үлес қосатын бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.

Maire Tecnimont S.p.A. – машина жасау, технология және энергетика саласындағы бірнеше ұйымнан тұратын италиялық компания. Мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсібіндегі зауыттарды жобалаумен, жасыл химия және энергетикалық өзгерісті қолдайтын технологиялармен айналысады. Компания полимер өндіретін, көмірсутектерді өңдейтін және энергия өндіретін күрделі инженерлік жобаларды  жүзеге асырып келеді.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз