ЖАҚСЫ ЖОБА нәтижесімен құнды

жаңа кәсіпорындар толық
қуатында жұмыс істеп тұр ма?

Мемлекет басшысы айтқанындай, республикада индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында қатарға қосылған кәсіпорындардың кейбірі межеленген өндірістік қуатына әлі шыға алмай келеді. Мұндай көрініс, өкінішке орай, бізде де кездеседі. Оның себебі - өңделген өнімнің өтпеуінде. Егер әр жобаның тиімділігі дайын тауарлардың сатылуымен өлшенетінін ескерсек, бұйымдары өтпейтін зауыттардан қандай пайда болмақ? Олар ел экономикасын дамытуға нендей үлес қоспақ? Ал, мұндай ахуалдың қалыптасуына не себеп?

Мәселен, облыстық саңыраулар қоғамы шығарған өнімдер сапалылығымен ерекшеленетін көрінеді. Тіпті, өткен жылы республикалық байқауда ел бойынша үздік жүз кәсіпорын қатарында саналған. Ендеше, мұнда қандай проблема болуы мүмкін?
Сөйтсек, тендер ашық жүргізілетін болғандықтан, мұндағы нарықты республиканың оңтүстігінен келгендер басып алыпты. Олар өздерімен бірге арзан маталарын да ала келген. Демек, көп шығынға бармайды. Сондықтан, тендер кезінде арзан баға ұсынып, тапсырысты жеңіп алған. Ал, атыраулықтардың сол жаққа барып, қажетті шикізатты әкелуіне және одан дайын өнім шығаруына біраз қаражат қажет. Сол себепті, бұлар төмен баға ұсына алмаған.
Әрине, заңмен бекітілген тендер тәртібін ешкім бұза алмайды. Ашық сайысқа әркімнің де қатысуға құқы бар. Әйтсе де, сырттан келгендер дайындап жатқан өнімдердің сапасына да назар аударған абзал. Әйтпесе, облыстық әкімдікте шағын және орта бизнесті қолдауға арналған басқосуда бұл бағытта сын да айтылды. Оның үстіне, атыраулық саңыраулар мен зағиптар қоғамдарының еншісіне жеңіл-желпі өнім өндіру көлемінің 20-30 пайыздық мөлшерін қалдыру ұсынылды. Мұқтаж жандарды әлеуметтік қолдау үшін мұндай қадамға барған да жөн секілді.
Елбасының нұсқауымен республикада шағын және орта бизнесті қолдауға Үкімет пен Ұлттық банк бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдады. Соның аясында Ұлттық қордан 100 млрд. теңге бөлініп отыр. Оны мақсатты жұмсау үшін «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамдары 13 қазақстандық банкімен несиелік келісім жасады. Бұл қаржылық құрылымдар қатарында «Халық банкі», «Цеснабанк», «Дельтабанк», «Центркредитбанк», т.б. бар. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиеваның айтуынша, қазір олар өздеріне кәсіпкерлерді тарту жөнінде өзара бәсекелестікке түскен. Өйткені, алты ай ішінде шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген қаражат мақсатты жұмсалуы қажет. Бұл үрдістен көріне алмағандар келесі бағдарламаға қатыса алмауы ықтимал.
Қолға алынған бағдарламада азық-түлік өнеркәсібін дамытуға айрықша көңіл бөлінген. Мәселен, қаралған қаражаттың елу пайызы шағын және орта бизнес саласындағы жаңа жобаларға жұмсалады. Ал, қалған жартысы бұрынғы несиегерлерді қайта қаржыландыруға беріледі.
Мемлекет қаржыны банкілерге екі пайыздық жылдық үстемемен ұсынады, ал банкілер өз кезегінде оны алты пайызбен өткізеді. Бұл – бұрын-соңды экономикада болмаған талап. Демек, оны барынша тиімді пайдалануға ұмтылу қажет.
Мемлекет инфрақұрылымды жүргізуді өз мойнына алып отыр. Мәселен, біздегі 200 гектарлық индустриялық аймаққа жол салып, электр энергиясын, байланыс жүйесін, су құбырларын, т.б. жеткізу үшін төрт миллиард теңге жұмсалмақ. Жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға ғана 40 млн. теңге берілмек. Бірақ, егер сол аймаққа ешкім бармаса, кәсіпкерлер өз ісін бастамаса, онда ешқандай инфрақұрылым да қолға алынбайды.
Жалпы, кәсіпкерлердің өздері тауарларын өткізуде жан-жақты мониторинг жүргізгендері абзал. Атыраулықтардың, мәселен, іргелес Батыс Қазақстан, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарымен, көршілес Астрахан аймағымен байланысын нығайтқаны абзал. Әйтпесе, бизнесін барынша қолдаған мемлекетке енді өнімін өткізуде де салмақ салған жараспас. Мәселен, өңірде жаңадан ашылған машина құрастыру зауытының басшысы Евгений Легин Орал қаласына барып, өзіміздің аудандарды аралап, біраз тапсырыс тауыпты. Бәрі де тың кәсіпорынның ауыз су жүйесіне қажетті құралдарына қызығушылық танытқан.

М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген
Ә.ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз