«ЗАҢДЫЛЫҚТЫ БІЛМЕГЕН ҰТЫЛАДЫ…»

Құқықтық сауаттылықтың жетіспеушілігі салдарынан көп ретте жас кәсіпкерлердің бармақ тістеп қалып жататын жағдайлары аз емес. Жұмыс беруші мен қызметкер арасында келісім-шарт жасақтау, жас шамасына қарай еңбекке тарту уақыты секілді жайттарға келгенде тосылып қалатындар баршылық. Осындай келеңсіздіктер орын алмау үшін не істеу қажет немесе қандай заңдылықтарды білген дұрыс? «Тарлан-Атырау» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «дөңгелек үстелде» осы сауалдарға жауап ізделді.

Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Гүлшат Төребаеваның айтуынша, мекеме тарапынан жұмысшылар мен жұмыс беруші арасындағы қатынастарға тексеріс өткізіп тұрады екен. Әрине, онда да бір тараптан берілген арыз болса ғана. Мұнайлы өлкеде шағын және орта бизнестен қызмет көрсету саласы айтарлықтай дамыған десек, көбіне-көп кафе, кәуапханада кемшіліктер кездесіп жататын көрінеді.
Облыстық жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Арман Азаматов еңбек кодексі бойынша кәмелет жасына толғандарға қанша сағат жұмыс істеуге болатыны туралы сұраған еді.
Еңбек инспекторы заң бойынша 14-16 жастағыларға 24 сағат, 16-18 жастағыларға 36 сағат жұмыс істеу керектігін жеткізді. Дегенмен, заңдылықтың бұл талаптарының үнемі орындала бермейтіндігін жасырмады. Осы орайда, Г.Төребаева орынды мысал келтірді. Жуырда қала орталығында орналасқан кафелердің бірінде даяшы болып қызмет етіп жатқан жасөспірімге клиенттері есепшотын төлемей, қашып құтылады. Ақыр соңында құқық қорғау органдарының қызметкерлерін шақырғанда полицейлер заң талабымен түнгі мезгілде жұмыс жасап жүрген жастың өзіне бас салады. Мұндай жағдайларда жұмыс берушілер ата-аналарының рұқсатын алғандығын уәж етеді екен.
Гүлшат Төребаеваның тағы бір келтірген дерегі, соңғы уақытта облыста жиі орын алатын рекрутингтік бизнеске қатысты болды. Мәселен, үш-төрт қызметкерден құралған жекеменшік компания бір шағын ғимаратқа орналасады да, мыңдаған жұмысшыны қызметке алады. Сосын басқа бір компаниялардың сұранысы бойынша мамандарды жібереді де, өздері жалақының белгілі бір мөлшерін алып қалады. Құжат айналымының барлығы да көзбе-көз емес, электронды түрде жүзеге асады. Кейін әлгі жұмысшы мен жұмыс беруші арасында түсінбеушіліктер орын алған жағдайда рекрутингтік компанияның заты түгіл, аты да болмай шығады. «Тұтастай алғанда, бұл – адам саудасы деп айтуға да болады. Негізі көрсететін қызмет түрі жұмыспен қамту орталығымен бірдей. Бірақ олар сол үшін ақша алады. Басқа қалаларға қарағанда бізде осындай компаниялар көбірек. Жеңілдігі сол – рекрутингтік компания ашу үшін лицензия қажет емес»,-деген еңбек инспекторы жастарға мұндай мекемелерден аулақ жүруді ескертті.
«Дөңгелек үстелге» «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатынан қатысқан Жаңылсын Қадырғалиева жастармен қатар, орта буын өкілдері де заңсыз жұмыстан шығару сияқты арыз-шағыммен көптеп келетінін алға тартты.
Жаз айларында жастарды еңбекпен қамтыған «Жасыл ел» штабы да келеңсіздіктерге кездесіпті. Көгалдандыру, абаттандыру шаруаларымен айналысқан жас жұмысшыларға кейде 23.00-ге дейін жұмыс істеуге тура келіпті. Сол сәтте құқық қорғау органдарының қызметкерлері оларға ескерту жасапты.
Шыны керек, заңдылықтарды жетік білмегендіктен осы тәріздес жағдайлар орын алып жатады. Еңбек инспекторы Гүлшат Төребаеваның мәліметінше, тексеріс барысында Құрманғазы ауданындағы жиырмаға тарта шаруа қожалықтарындағы жұмысшылар ешқандай келісім-шартсыз еңбек етіп отырғандығы белгілі болған. Мысалы, бір шаруагер мал бағуға қырға баласы мен келінін жіберіпті. Жұмысы үшін келініне күніне 2 мың теңгеден төлеп, қаймақ, сүтін де беріп тұратын көрінеді. Бірақ жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында ешқандай шарт жасалмаған. Жүктілік кезеңінде төленетін декреттік ақшасын да алмаған. Бұл екі жаққа да тиімді болғанмен, маманның сөзінше, заңсыз болып есептеледі. Сондықтан, шаруа қожалығының иесіне ескерту жасалыпты. Осы орайда тағы бір айта кететін жайт бар. Біздің елімізде шағын кәсіп иелеріне үш жыл бойы тексеріс жүргізілмейді. Артынан кемшіліктер табылса, бизнесмендер білмегендігін айтып азарда-безер болатын көрінеді.
Бұл ретте Гүлшат Төребаева биылғы жылдың шілде айынан бастап заң шеңберінде зейнет жасына екі жыл қалғандарды жұмыстан қысқартуға болмайтынын айтты. «Дөңгелек үстелде» бұдан басқа да сауалдарға жауаптар қайтарылды.

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз