КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ӨЗ ОРТАЛЫҒЫ

отандық бизнестің өрісін кеңейтуге жол ашады
Бизнеске бет бұрып, өз кәсібіңізді ашқыңыз келгенмен, неден бастарын білмей жүрсеңіз, кәсіпкерлерді қолдау орталығына барыңыз! Өткен бейсенбі күні елімізде оныншы рет «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтық филиалы жанынан бизнес иелеріне қызмет көрсету орталығының ашылу салтанаты өтті. Кәсіпкерлердің басын біріктіретін орынның лентасын облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев пен «Даму» қорының басқарушы директоры – басқарма мүшесі Ғабит Лесбеков кесті. Салтанатты тұсаукесер рәсіміне аймақтағы бизнесмендер мен банк филиалдарының басшылары қатынасты.

Бизнесі қарқынды дамыған ел ешқашан да ұтылмақ емес. Аталған орталық «бір терезе» қағидатымен жұмыс істей отырып, кешенді қызмет түрлерін ұсынатын болады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы айтқандай, республика бойынша оныншы болып ашылған бұл орталықтың жергілікті кәсіпкерлер үшін маңызы зор.
– Елбасының тікелей тапсырмасымен шағын және орта бизнеске қолдау ұдайы жалғасын тауып келеді. Тіркеуді жеңілдету, құзырлы мекеме тарапынан орынсыз тексерулерді азайту жайы күн тәртібінен түскен емес. Тіпті министрлікке ісін жаңадан бастаған жандарға салық төлемеу мәселесін қарау ұсынылды,-деген ол өңірімізде де кәсіпкерлікке жәрдемдесу бағытында бірқатар шаралар қолға алынғанын айтты. Мәселен, бюджет есебінен субсидиялар бөлу, жер телімдерін тездетіп беру және тағы да басқа көмектер берілген. Соған сай шағын және орта бизнестен түскен салық көлемі де аз емес. Мұнайлы өлкеде осындай 29 мыңға тарта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. «Атқарушы органның басты мақсаты – еліміздің дамыған отыз елдің қатарына кіруіне үлесін қосу. Ол үшін кәсіпкерлік саласы сақадай сай болуы қажет. Мысалы, Германия экономикасының 65-95 пайызы – шағын және орта кәсіпкерліктің еншісінде. Дегенмен, өткен жыл атыраулық кәсіпкерлер үшін табысты жыл болды деуге толық негіз бар», – деген Ғұмар Ислямұлы келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, шынайы лебізін жеткізді.
Ал, «Даму» қорының басқарушы директоры – басқарма мүшесі Ғабит Лесбеков аталған орталықтың бизнесмендердің екінші үйіне айналатынына сенім білдірді. Себебі, кәсіпкерлікті жандандыруға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер аз емес. «Дамудың» мақсаты – осынау мүмкіндікті кәсіпкерлерге кәдеге жаратуға жол ашу. Бұл ретте қор келесі жылы мұндай орталықтарды аудан орталықтарында да ашуды жоспарлап отыр екен. Сөйтіп, бизнес туралы толығырақ ақпар алуға ниет білдіргендер аталған орталық мамандарының көмегіне жүгінеді. Жоспарлаған міндеттер жүзеге асса, мәлімет алуға қатысты мәселелер туындамауы тиіс. Осы жайтты атап көрсеткен Ғ.Лесбеков алға қойған мақсаттар да ауқымды екенін жасырмады.
– Бизнес саласы бойынша рейтингіде біз 50-орында екенбіз. Егер отандық кәсіпкерлік қарқынды дамитын болса, алдыңғы орындарды иемденетінімізге сенімдімін,-деді ол.
Ресми бөлімнен соң орталықтың алғашқы меймандары жаңа ғимарат ішін аралап көрді. «Даму» қоры Атырау филиалының директоры Ербол Қайранбаев оның көрсететін қызмет түрлерімен таныстырды. Бірінші қабатта орналасқан кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңесшілері бизнесмендерге қор атқарып жатқан мемлекеттік қолдау бағдарламалары, оған қатысу мен құжат жинау туралы ақпарат беріп қана қоймай, керекті ісқағаздарын жинауға қол ұшын созады. Сондай-ақ қаржылық есеп, логистика, маркетинг, заңнамалық, ІТ-технологиялар бойынша тегін кеңестер беріледі.
«Даму» қорының бизнес жүргізу негіздеріне оқытатын қысқа мерзімді курстары да көптеген кәсіпкердің өз ісін бастауына мұрындық болды. Бұл бағдарламамен елімізде 50 мыңнан астам адам білімін жетілдірді. Келешекте қор тегін курстармен шектеліп қалмай, кәсібін ашуға бағытталғандарды оқытатын тегін семинарларға қатыстыру жайын қолға алмақ.
Орталықтың ашылуы кезінде банк филиалдарының басшылары да «Даму» қорымен бірлесіп тұрақты қызмет атқарып келе жатқандығына тоқталды. Жұмысын жаңадан бастаған Ұлттық экономикалық палатаның Атырау аймақтық өкілдігі де, кәсіпкерлер де бірауыздан болашақта атқарылар істердің ауқымды екенін жеткізді.
«Даму» қорының Атырау филиалымен ұдайы байланыс жасап келе жатқан «Эко-техникс» ЖШС директорының орынбасары Евгений Горбачев жиналғандарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
– Енді кәсіпкерлерге көрсетілетін қызмет аясы кеңейді. Осыдан жыл жарым уақыт бұрын қордың көмегіне жүгіндік. Соның арқасында бизнесімізді жандандырдық. Мемлекеттен субсидия түрінде көмек алдық. Ыңғайлысы сол – бүгінгі таңда қолдауға ие болу үшін пәленбай құжат жинаудың да қажеті жоқ. Барлығы ашық түрде өтеді. Келер жылдың да жағымды жаңалығы көп болсын,-деді бізбен пікірлескен Е.Горбачев.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз