ДСҰ: ТЕКСЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨРЕЛІ ӨЗГЕРІСТЕР ӨРІСІ

Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып қабылдануы бұл жаhандану дәуірінде Қазақ елінің экономикасын алға бастайтын тарихи оқиға.

 

Халықаралық экономикалық қатынастардың дәстүрлі және ең көп дамыған нысаны – сыртқы сауда. Америка ғалымы Д.Ж.Сакс «Қандай да бір ел болмасын, оның экономикалық жетістігі сыртқы саудаға байланысты. Дүниежүзілік экономикадан оқшауланып, ешбір ел дені сау, жөні түзу экономика жасай алған жоқ» деген екен. Ал, осы сыртқы сауданы дамытуды реттейтін бірден-бір халықаралық ұйым – Дүниежүзілік сауда ұйымы.

Дәлірек айтсақ, Дүниежүзілік сауда ұйымы – халықаралық сауда ережелерін еркіндік қағидаларына қарай реттейтін халықаралық экономикалық ұйым. Оның тарихы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бастау алғанымен, ол 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. ДСҰ-ның басты міндеті – іркіліссіз халықаралық сауда-саттыққа мүмкіндік туғызу.

ДСҰ талабы бойынша бүгінгі таңда әлемдік сауда жүйесі негізгі бес ұстанымға сәйкес келуі тиіс. Олар саудада еш кемсітушіліктің болмау шарты, яғни, бірде-бір мемлекет қайсыбір мемлекетке экспорт   пен импортқа шектеушілік қоюға құқығы болмайды. Сауда кедергілерін азайту, немесе қайсыбір елдің нарығына шетелдік тауарлардың келуіне кедергі келтіретін факторларды жою, оларға бірінші кезекте кедендік алымдар мен импорттық квоталар жатады, басқаша айтқанда, импортқа қойылатын көлемдік шектеулерді болдырмайды. Тұрақтылық пен сауда шартының алдын-ала болжамдылығы, бұл шетелдік компаниялар, инвесторлар мен үкіметтер қолданыстағы сауда шарттарының кенеттен және бір тараптың еркімен өзгертілмейтініне кепілдік береді. Халықаралық саудадағы бәсекелестікті ынталандыру, яғни, түрлі елдер фирмаларының тең құқықты бәсекелестігі үшін «әділетсіз» тәсілдерді жою, оған экспорттық субсидиялар (экспортшы-фирмаларға мемлекет демеушілігі), жаңа сату нарықтарын иелену мақсатында демпингтік бағаларды пайдаланады. Жоғары дамымаған мемлекеттер үшін халықаралық саудада жеңілдіктер жасайды.

Шет елдер мен ғылыми-техникалық салада да алыс-беріс көбейеді. Кәсіпорындар бәсекелестікте өмір сүруге тез бейімделеді, мүше елдер арасында шикізат, дайын өнім, жұмыс қолы әртүрлі қызметтер көрсету үшін еш кедергісіз жүре алады.

ДСҰ-ның тағы бір маңызды талабы – тауар өндірушілер мен сатушыларды жөнсіз тексерулердің шектелуі болып табылады. Осы орайда ДСҰ-ға кіруге дайындық шеңберінде елімізде тексерулер жүйесіне үлкен өзгерістер енгізілді.

Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес 2015 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жататын өнім мен эпидемиялық маңызы бар объектілердің тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде кәсіпкерлік жөніндегі және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдармен келісу бойынша бекітеді.

Эпидемиялық маңыздылығы жоғары нысандар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәуекелдерді басқаруды бағалау жүйесіне сәйкес ерекше тәртіппен жүргізілетін тексерулерден босатылады. Ал, эпидемиялық маңыздылығы болмашы нысандарға қатысты жоспардан тыс тексерулер ғана жүргізіледі.

Осылардың нәтижесінде және Елбасының 2014 жылғы «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік жұмыспен айналысу үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, мысалы, Атырау облысында 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында 1213 кәсіпкерлік субъектілер нысандарына санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарымен жоспарлы тексерулер жүргізілсе, 2014 жылдың 1-ші сәуірінен осы уақытқа дейін кәсіпкерлік субъектілеріне жоспарлы тексерулер жүргізілген жоқ. Алайда, бұл өнімдер қауіпсіздігі бақылаусыз қалдырылады деген сөз емес.

Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар туралы, олар әкелетін өнім және әкелінетін өнімнің сәйкестігін растау жөніндегі құжаттар туралы мәліметтерді кеден органдары табыс етеді. Ал, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың және Қазақстан Республикасының аумағына өнімді әкелумен және (немесе) өткізумен айналысатын, өнімнің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін декларациялайтын жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты өнімнің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында оларды сатып алу жолымен сараптамалар жүргізіліп, бұзушылықтар болған жағдайда оларды алдын алу шаралары қолданылатын болады.

Түйіндеп айтқанда, ДСҰ-ға кіру өнім өндірушінің де, өнімді шеттен әкеліп сатушы кәсіпкерлердің де жауапкершілігін арттырады. Оларға үлкен міндеттер жүктелетіні анық. Осы қадам Қазақстан экономикасының өркендеуіне, халықтың әл-ауқатының одан әрі жақсаруына өзінің игі әсерін тигізетіндігі сөзсіз.

Ерболат УАЙСОВ,

Атырау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау

департаменті басшысының орынбасары.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз