Атырауда агрокешен маманға зəру

1655869816 mal Экономика

ЕЛІМІЗДІҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРҒА ЖӘНЕ БІЛІКТІ ЖАС КАДРЛАРҒА МҰҚТАЖ. БҰЛ БАҒЫТТА БІРШАМА ҚАРЕКЕТ ҚОЛҒА АЛЫНСА ДА, ӘЗІРГЕ АХУАЛ ОСЫНДАЙ.

Жұмысқа шақырады

Жыл сайын мектеп түлектерінің бірқатары ауыл шаруашылығы саласын таңдағанымен, кейін ойынан айнып жатады. Себебі, жастар мол табыс табуды мақсат етіп, тезірек танымал болуға ұмтылады. Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Рүстемов саладағы кадр мəселесі, əсіресе, негізгі басым бағыттар бойынша біраз жұмыс жүзеге асқанын айтты.

– Ел Президенті Жолдауда атап өткен сала бағыттары бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Облыстық əкімдік жанынан ауыл шаруашылығы мамандарына 5 бағыт бойынша гранттар бөлінді. Оның екеуі өсімдік шаруашылығына, үшеуі мал шаруашылығына бөлініп отыр. Қазір колледждерде 320-ға жуық студент білім алып жатыр. Биылғы оқу жылында студенттердің қатары көбеюі мүмкін, – деді Бағдат Үсенғалиұлы.

Ауылдық жерде ветеринар мамандарының тапшы екенін айтқан басшының міндетін атқарушы мəселені ауыл тұрғындары есебінен шешуді ойластырып отырғанын айтады.

– Облыста ауыл шаруашылығы саласына фермерлер, агрономдар, зоотехниктер, жылыжайда жұмыс істейтін агроном мамандар қажет. Егер басқа өңірлерден ауыл шаруашылығы мамандығын бітірген жерлестеріміз болса, сол жоғары оқу орнының басшылығына хабарласып, түлектерді Атырауға келіп жұмыс істеуге үндеуге шақырамыз. Əйтсе де, біз оларды мəжбүрлей алмаймыз ғой. Негізі өз өңірімізде тұратын мамандарға сұраныс бар, басқа өңірлерден келе бермейді. Осы салада оқып келген мамандардың өзі оқуларын əрі қарай жалғастырса, енді бірі басқа жұмысқа орналасып кетеді. Жылдағы дəстүр бойынша студенттерді шаруа қожалықтарына тəжірибеден өтуге жіберіп отырамыз. Əсіресе, егін жинау науқанында көбірек жіберуге жұмыстанамыз. Қаласа, сол шаруа қожалығында қалып жұмыс істеудің де мүмкіндігі бар – деді Бағдат Рүстемов.

Басқарма өкілінің сөзінің жаны бар, ауыл шаруашылығы саласын жетік білетін кəсіби мамандардың қажеттілігі жыл сайын үлкен сұранысқа ие болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінде көрсетілгендей, арнайы жоғары білім алып шыққан жас мамандардың 5-6 пайызы ғана өзі қалаған мамандығы бойынша жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы мамандығын таңдаған жастар ауылдарға барып, шаруалардың жұмысының жандануына көмектессе, ел экономикасы қарқын алып, еңсесі көтерілер еді.

Шаруалар бірігуі керек

Басқарма мəліметіне қарағанда, облыстың ауыл шаруашылығы саласында тамшылатып суару əдісі қолға алынып жатыр екен.

– Қазірдің өзінде Махамбет ауданынан үш жаңбырлатқыш техника орнатып жатырмыз. Бұл шаруаны тағы да жалғастырамыз. Жаңбырлатқыш техниканың құны қымбат болғанымен, өнімділігі жақсы. Мұны шаруаларға түсіндіріп, 50 пайызға дейін субсидиясын беруге дайынбыз. Экологиялық өзгерістерге байланысты тамшылатып суаруды қолға алуды ұлғайтып жатырмыз. Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан шаруалардың өзара ұжымдасуы бізде бұрыннан да қолға алынған. Шаруалардың біріккені дұрыс, бұл туралы жиі айтамыз. Егін егетін шаруалар біріксе, бір-бірін толықтырар еді, – деді Бағдат Үсенғалиұлы.

Биыл ішкі өнімді арттыру мақсатында егіс көлемін арттыру үшін аудан əкімдіктерімен бірлесе жұмыстар қолға алынбақ. Əлеуметтік маңызы бар тауарлардың көлемін арттыруға да біраз шаралар жасалмақшы. Басқарма басшысы міндетін атқарушының мəліметінше, биыл картоптың көлемі 1255 гектар болса, алдағы уақытта оның көлемін 2500 гектарға дейін арттыру көзделіп отыр. Сəбіз, пияз, қырыққабат секілді көкөністердің өнімін арттыруға да жұмыстар қолға алынған. Облыстағы ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының негізгі проблемаларының бірі – су, жұмыс күші жəне жер мəселелері. Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап еліміздің агроөнеркəсіп кешені жаңа əрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет екенін қадап айтқан болатын. Бұл ата-бабадан мұра болып келе жатқан атакəсіпті қолға алып, жандандыруға біршама қолдау болары сөзсіз.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз