АПТАНЫҢ АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАРЫ

ҰЛТТЫҚ ТАРИХҚА - ЖАҢАША КӨЗҚАРАС

Бүгінде еліміздің тарихын зерттеу, зерделеу мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Оның бірқатарын кешегі мәслихатта тарихшылар жетесіне жеткізіп айтып берді. ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның баяндауынша, мемлекет тарихы институтының ғалымдары 10-сыныпқа арналған қазақ және орыс тілдеріндегі Дүниежүзілік тарих пен Қазақстан тарихы оқулықтарына сараптама жасаған. Оқулықтар жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық сияқты екі бағытты негізге ала отырып дайындалыпты. Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы отырысының қорытындысы бойынша материалдар жинағы әзірленіп, баспаға жіберілген. 

 – Мұнда Қазақстанның ірі ғалымдарының ұлт тарихындағы бетбұрыс кезеңдеріне және оны жаңғыртуға арналған мақалалары жинақталған. Білім министрлігінің басқаруымен популяциялық генетика зертханасы, артефактарды археологиялық сұрыптау зертханасы, антропологиялық зертхана мен дүниежүзілік тарихты зерттеу ғылыми орталығы, Орта Азия халықтарының дәстүрлі мәдениетін ғылыми-зерттеу орталығы құрылды, – деді ғалым.
Баспасөз мәслихатына тікелей бейнебайланыс жүйесі арқылы қатынаса отырып, естігеніміз, зерттеу тобы көне дәуірден қазіргі күнге дейінгі Қазақстан тарихының базалық оқулығын жазуда. Мемлекет тарихы институты ғалымдары «Қазақстан тарихы» (көне дәуірден тәуелсіздік кезеңіне дейін), сондай-ақ «Қазақстанның жаңа тарихы» оқулықтарының және мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бағдарлама-құрылымның тұжырымдамасын дайындауға қатысты материалдарды әзірлеген.
Профессордың пікірінше, биылғы жылдың 25 қазанында Қазақстан тарихшыларының Конгресі өтеді. Ол ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында алға қойылған нақты мәселелерді іске асыруға арналатын болады.

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА –
ЖЕЗ НОҚТА

Баспасөз мәслихатының тағы бір тақырыбы, қаржы полициясының қазіргі қызметі турасында еді. Осы құрылымның ақпараттық-талдау департаментінің басшысы Олжас Бектенов баяндағанындай, ахуалдық орталықтың материалдары бойынша жыл басынан бері 250-ден астам қылмыстық іс қозғалды. Талдау жасау барысында жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға, ұйымдасқан қылмыстық топтардың іс-әрекеттеріне жол бермеуге ерекше назар аударылды.
– Талдау жасау арқылы Білім және ғылым министрлігінде, «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясында, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда облыстарында және Астана қаласы әкімшіліктерінде бюджеттік қаржыларды жымқырудың қалыптасқан жүйесі анықталды. Мысалы, Ахуалдық орталық қызметкерлері бірнеше жылдар бойы Ақтөбе облысы аумағындағы мемлекеттік сатып алуларға басымдық жасағанын анықтады. Талдау жүргізу арқылы компаниялар тобының нақты иесі – Ширяев, сондай-ақ, оның қылмыстық іске қатысы бар таныстары мен туыстары, бюджеттік қаржыларды жымқырудың жоғары қаупі бар айрықша күмәнді конкурстар анықталды,- деді О.Бектенов.
Ахуалдық орталықтың материалдары негізінде Астана және Алматы қалаларымен қатар, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, тағы басқа облыстардың аумағындағы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру тобы қызметтерінің жолы кесіліпті. «Бұл жұмысты жаңаша жүргізудің нәтижесінде мүмкін болды» дейді қаржы полицейлері. Егер 2012 жылы республика бойынша жалған кәсіпкерлік фактілері бойынша 282 қылмыстық іс қозғалса, онда ағымдағы жылдың тек сегіз айында 715 іс қозғалған. Яғни, өткен жылдың барлық көрсеткішінен 2,5 есеге асып түсіпті. «Бұл жұмыста Ахуалдық орталықтың үлесі айрықша. Мысалы, талдау жасау жолымен, бірнеше жылдар бойы Қостанай облысы және еліміздің басқа аймақтарында заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру кәсібімен айналысып келген жалған кәсіпорындар тобы анықталды. Тек бұл топ бойынша 140-тан аса қылмыстық іс қозғалды. Ағымдағы жылдың қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстанда әрекет еткен қолма-қол ақшаға айналдыру тобы жойылды. Заңсыз бизнесті ұйымдастырушы Бейсеевке қатысты қылмыстық қауымдастықты құрғаны және басқарғаны үшін қылмыстық іс қозғалды», – деді Қаржы полициясы ақпараттық-талдау департаментінің жетекшісі Олжас Бектенов.

Мәслихатта журналистер өздерін толғандырған өзге де сауалдарға жауап алды.
Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз