УАҚЫТ НАЙҚАЛУДЫ КҮТПЕЙДІ

«Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар, тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар...» деп Ыбырай Алтынсарин жырлағандай, жас шақта терең де сапалы білім алғанға не тең келер? Мұны Елбасымыздың өзі жылма-жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында тереңнен толғап, көптің назарын қайталап білім-ғылымға ден қоюға шақыруда.

Қазірде бұл үлкен міндетті іске асыруда Атырау қалалық білім бөліміне қарасты 56 мектеп, 36 балабақша, 6 саз мектебі және екі мектептен тыс мекеме жұмыс жасауда. Олардың 47-сі орталық жылу жүйесіне қосылған. Күні бүгін оның он сегізінің жылу  жүйелерінің қысқы маусымға дайындығы тексеруден өткені белгілі болып отыр.Өзгелерінде де, белгіленген кестеге сәйкес, осы айдың 10-ына дейін аяқталады деп күтілуде.

 Қыс шанаңды жаз сайла

Міне, осы тақылеттес мәселелер таяуда Атырау қалалық әкімдігінде өткен қала аумағындағы орта білім ошақтарының жаңа оқу жылына және қысқы маусымға дайындығына арналған мәжілісінде кеңінен әңгіме болды. Қала әкімі Нұрлыбек Ожаев аталған мәжілісті ашып, жүргізе келе оқушыны бүгінгі күн талабына сай тәрбиелеуге ұстаздар мен ата-аналар тарапынан үлкен мән берілуі қажеттігін баса айтты. 

Мәжілісте  Атырау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанболат Сұлтанғалиев қаладағы білім беру саласының жалпы жай-күйіне тоқталды. Ол өз сөзінде қалалық білім бөліміне қарасты 53 мекемеде жеке жылу қазандары жұмыс жасайтыны, 19 мектеп пен балабақшаларға қажет құралдар үшін 23,0 млн. теңгеге сұраныс дайындалып, қалалық экономика бөліміне жолданғаны жайлы әңгімеледі. Баяндамашы бұған қоса жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының ойдағыдай ұйымдастырылып, жөндеу жүргізілген мектептердің арнайы актпен қабылданып жатқанына тоқталды. Сонымен бірге, бес мектепті (Ф.Оңғарсынова, Жамбыл, Еркінқала, Смағұлов, Ф.Досымова атындағы №12  орта мектептер) күрделі жөндеуден өткізу үшін «бір көзден сатып алу» тәсілімен жобалық-сметалық құжаттарын жасау үшін мердігер мекемемен келісім-шартқа отырған.

– Қала бойынша он бес мектепте асхана жоқ, – деді бұдан әрі баяндамашы Жанболат Қашымұлы. – Биыл асханалары жоқ он мектепке жапсаржай құрылысының және бір мектептің асханасына күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары жасалуда… Бүгінде №1, №20, «Шағала» (Теңдік), №8, №15 балабақшалар, Ғ.Мұратбаев, №10, №24, Амандосов, №25, №26 мектептер күрделі жөндеуді қажет етеді.

Атырау қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының бастығы Темірбек Мусағалиев мектептердің 2014-2015 жаңа оқу жылына дайындығы барысына талдау жасады. Ол өз сөзінде күні бүгін өздеріне қанша мектептің басшысынан мектептің жаңа оқу жылына дайындығын тексеруге өтініш түскенін, қаншасы қандай күйде екенін, әлі 20 мектептен өтініш түсе қоймағанын айтты.

ҰБТ – үлкен сын

Әр мамандықтың жұмыс сапасын анықтайтын өзіндік өлшемдері бар. Мұғалімдер жыл бойы оқытып, тәрбиелеген шәкірттерінің білімімен ғана мақтана алады. Қазіргі таңда сондай көрсеткіштің бастысы – Ұлттық бірыңғай тестілеу.

Қала мектептері бойынша жалпы орта балл – 61,6, бұл былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 19,8 баллға төмен. Конкурстық орта балл – 48,7, өткен оқу жылымен салыстырғанда тағы да 16-ға төмен. Мектептердің орта балл көрсеткіші бойынша алдыңғы лекте – ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектеп-гимназиясы, №17 мектеп-лицей, №16 орта мектеп. «Алтын белгіге» үміткер 40 оқушының бесеуі, «Үздік аттестатқа» үміткер 43 оқушының төртеуі, «Алтын белгі» алуға бір ғана балы жетпей қалған төрт оқушы – барлығы сегіз оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды.

Конкурстық 50 балдан төмен жинаған 876 оқушы болса, «2» алған оқушылар саны 240-қа жетті. Ал, әртүрлі пәндерден «екілік» алғандар 273 болды. Қала бойынша ҰБТ қорытындысында жалпы орта балы төмен болған мектептер қатарында №6 орта мектеп (49,9), №22 орта мектеп (50,2), №1, №11, №12, №25, Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектептер (51) бар. Өкінішке орай, қаладағы 47 мектептің оқушылары «екі» бағасын алды. Ең көп «екілік» алғандар – №12 орта мектептен 18 оқушы, №22 орта мектептен 15 оқушы, №30 мектеп-гимназиядан, №24 орта мектептен 13 оқушы, №21, Еркінқала орта мектептерінен 12 оқушы, №19 орта мектептен 11 оқушы.

«Аш бала тоқ баламен ойнамайды»

Мұнан әрі мәжіліске қатысушылар орта мектептерде оқушыларды ыстық тамақпен қамту жайынан хабардар болды. Бұл мақсатта қалалық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін 56 мектепте 40 асхана, 12 буфет жұмыс жасап, 15 мектепте тасымал арқылы ыстық тамақ ұйымдастырылған. Бүгінгі күні қала мектептерінде 5-11 сыныптар аралығындағы 1 043 оқушы, 1-4 сыныптар аралығындағы 21 057 оқушы ыстық тамақпен қамтылды.

Өткен 2013 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 206 жетім, 1 317 жартылай жетім, 1 649 көп балалы, 1 072 аз қамтылған оқушы болса, осылардың өз еркімен (ата-аналарының өтініші негізінде) 351-і тамақ ішуден бас тартты. Сонда барлығы 3 893 оқушы тамақтандырылды.

2013-2014 оқу жылында ыстық тамақпен қамту бойынша жеңімпаз кәсіпкерді қалалық білім бөлімі анықтаса, 2014-2015 оқу жылында әр мектеп басшыларынан құрылған комиссия конкурс өткізіп, ағымдағы жылдың 15-ші тамызынан қалдырмай анықтап, нақтыламақшы.

«Әркім өз міндетін орындаса, шешілмейтін мәселе жоқ»

Мәжілісте қала әкімі Нұрлыбек Ожаев өз пікірін ортаға салды. Ол әдістемелік кабинеттер жыл бойы ҰБТ-ға дайындықты күшейтуі керектігін, оқушыларды ыстық тамақпен қамту, апатты жағдайдағы мектептер жайын тереңнен толғады. «Мектептер қысқы маусымға дайын болмаса, онда директорлар демалысқа жіберілмейді, бюджет қаражаты ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей, мақсатты жұмсалуы тиіс, оқу кезінде мектепті жөндейміз деп, оқушыларды қаланың бір шетінен екінші шетіне сенделтпеуіміз керек. Бұл олардың біліміне нұқсан келтіреді, – деген пікірлерін білдіре келе әкім, – әркім өз міндетін толық орындаса, шешілмейтін мәселе болмайды» деп тұжырымдады. Бұған қоса қала әкімі мектептердің қысқа дайындығын өзі аяқтай барып тексеретінінен хабардар етті.

Қала әкімі мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту, мектептердің қысқы маусымға дайындығын жіті қадағалауды өзінің орынбасары Гүлмира Шәкіроваға тапсырды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз