«ТУҒАН ЕЛГЕ ТАҒЗЫМ»

жобасы аясында мұнайлы өлкенің үлкен мүмкіндіктері белгілі болды

Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Оқжетпес» шаңырағының үздік 24 оқушысы мен бір топ ұстаздар қауымы «Туған елге тағзым» өлкетанулық–танымдық экспедициясы аясында Атырауда болып, мұнайлы өлкенің тыныс-тіршілігімен танысты.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бастамасымен туған жерді танып білуге, оқушылардың бойында патриоттық сезімді арттыруға бағытталған жарқын жоба республика көлеміндегі зияткерлік мектептердің өзара бағыт алмасуы арқылы Қазақстан аймақтарымен танысуға мүмкіндік жасауда.

Араға жылдар салып тарих қойнауына ене бастаған көне ескерткіштер қай өлкеде де аз емес. Осы ретте біздің де алғашқы күніміз Сарайшықтан бастау алды. Бала кезден оқулықтан оқып, тарихтан миға тоқылған көне шаһардың әрі-бері тарихынан қызғылықты сыр шерткен сол жердегі тарихшы-ғалым Молдаш Бердімұраттың аузынан естіген аңыз әңгімелер мен археологиялық қазба жұмыс материалдары қай-қайсымызды да толғандырмай қоймады. Тарихтың шежіре хабаршысы болған ақын Шынияз Шанайұлы айтқандай, «Сарайшықта жеті ханның моласы бар». Бұл – Хандар Пантеоны.

Жыл сайын Жайық өзені тасып, арнасынан асқан кезде Сарайшық қаласының орнын шайып кететініне қаныққан соң, көне қаланы ашық аспан астындағы мұражай жасауға үлесімізді қосып, мектеп оқушыларын ғылыми жұмысқа баулу арқылы Сарайшық қаласына қатысты тақырыптарды ұсыну керектігі жайлы тоқтамға келдік.

Күннің келесі жартысы индустриалды жаңа бастамалар мен құлашын кеңге жайған ірі кәсіпорындарды аралауға арналды. Бұл бастаманың да маңызы жоғары. Ел Президенті «Қазақстан 2050» стратегиясында атап өткендей, жаңа онжылдыққа аяқ басқан кезеңде, ғылым мен техника қарыштап дамыған заманда индустрияландыруға мол серпіліс беруіміз керек. Атырау аймағында да аталмыш бағытта ауқымды істер атқарылуда. Бұған Атырау полиэтилен құбырларын дайындайтын зауыт пен «Рауан Налко» кәсіпорнына барған сәтте куә болдық. Мұнайлы өлке үшін аса маңызды қызметтер атқаратын бұл өндіріс орындарында атқарылатын жұмыс барысымен танысқан соң, келесі нысанға аттандық.

Атырау – мұнайлы астана. Бұл жердегі барлық зауыттардың мақсаты да, шығаратын өнімдері де дәл осы салаға байланысты. Қала жұртының көпшілігі де осы «қара алтын өндіру» саласында қызмет етеді. Біздің мақсатымыз Облыстағы мұнай зауыттары мен сол сала туралы толық мәлімет алып, етене танысу. Осы ұстаныммен «АтырауНефтеМаш» зауытына жеттік.

Негізінен мұнай өңдеуге арналған өнімдерді жасап шығаратын, халықаралық сапа стандартына ие болған зауыт қазіргі таңда химия, құрылысқа қажетті өнімдерін де жасап экспорттауда. Екі сағатқа созылған танымдық сапар барысында оқушылар бойындағы қызығушылықты анық байқадық. Сапаның жоғары болуы – зертханалық тексерістерге байланысты екені айдан анық. Мамандар зауыттың зертханалық бөлмелеріндегі құрылғылармен таныстырып, әр металдың жіті тексерістен өткен соң ғана қолданысқа берілетінін жеткізді. Бұл өз кезегінде отандық өнімнің сапалы болуының түп негізі.

«BRANDO» – отандық шприц шығаратын медициналық өндіріс орны. «Атырауда жасалған» деген таңбасы бар бұл шприцтер еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізіледі. Өндіріс орнына кірмес бұрын бірнеше сатылы процедуралардан өтіп, арнайы киіммен қамтамасыз етілген соң, үлкен цехқа аяқ бастық. ХХІ ғасыр талаптарына сай жабдықталған өндіріс ошағы өнімдерінің толық дайындалу үрдісімен таныс болдық. Зауыт жылына әртүрлі көлемдегі 250 миллион шприц, бір ғана қызметкер басқаратын қондырғы арқылы 4 800 000 дана бір реттік қолғап шығарады.

Атырау мұнай өңдеу зауыты – мұнай өнімдерін шығаратын кәсіпорын. Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарының ең ежелгісі. Қазіргі кезде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны болып табылады. Ол Каспий теңізінің солтүстігінде, Атырау қаласында 1945 жылы мұнайды отындық бағытта өңдеу мақсатында салынған. Зауыт өнімдерін шығару нарығы негізінен Қазақстанның батыс және оңтүстік аймақтарын қамтиды. Ұшса құс қанаты талатын ауқымды аймақты екі сағатқа жуық автобуспен аралап, жұмыс барысымен таныстық. 2600 қызметкері бар аталмыш зауыт жылына 4 906 000 тонна мұнай өңдейді.

Атырау қаласы – сонымен қатар, бекіре балығын өсірумен де алдыңғы қатарда. Еркінқала елді мекенінде орналасқан өндіріс орны бізді таңғалдырды. Уылдырық кезінен бастап 15 келілік бекіре балығына дейінгі кезеңде өндіріс қызметкерлері үлкен жұмыс атқарады.

Келесі кезекте рухани азық алу мақсатында халықтың азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, өр рухты ақын Махамбет Өтемісұлының мазарына тағзым етпекке облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Индер ауданына аттандық. Аудандық тарихи-өлкетану мұражайына ат басын тіреп, Махамбет батыр туралы мол мағлұматқа кенелдік. Бұдан алған әсеріміздің нәтижесінде баба кесенесіне жетуге асықтық. Құран бағыштап, ақын өлеңдерін жатқа оқыдық. Қалыптасқан дәстүр бойынша кесене жанындағы ағаштарды суарып,        Индербор поселкесінен 15 шақырым жердегі Тұздыкөлге бет алдық. Табиғаттың сыйлығы болып табылатын тұзды күмбезде Менделеев кестесінің 16 түрлі қазба байлығы жасырынып жатыр. 500 метр тереңдікте орналасқан көл суының құрамында бром, калий, йод, ас тұзы бар. Көлдің қара балшығы да түрлі ауруларға ем. Табиғаттың тылсымы мен ғажайыбына тәнті болып, Павлодар қаласындағы Маралды тұзды көлі мен Индердегі тұзды көлді салыстыра отырып ғылыми жұмыс жазуды мақсат тұттық.

Өлке тарихымен етене танысу мақсатында Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен бейнелеу және сәндік қолданбалы өнер мұражайына да сапар шектік.

Мұғалжар тауларынан басталып, көрші Атырау облысының біраз жерін аралап барып, құмға сіңіп жоғалатын Жем өзенінің жағасында Ақмешіт дейтін жер бар. Тау дәрежесіне көтерілмеген қыратқа теңеуге болатын осы жотаның баурайын ала қорым жатыр. Сонау заманнан бері төңіректегілер ғана емес, алыстан ат сабылтып келгендер де Ақмешіттің басында түнейді, мал сойып, дұға оқиды. Өйткені, бұл корымда Бекет әулиенің атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл, анасы Жәния және баласы Тоғай жатыр екен. Қасиетті Рамазан айында дәл осы қасиетті мекенге ат басын тірегенімізге баршамыз қуанышты болдық. Түс ауа бес сағаттық жолдан соң Ақмешіттегі шырақшы Ислам атаның үйіне тоқтап, кейін кесенеге қарай жол тарттық.

Сапарымыздың соңында Ислам ата берген батамен қанаттанып, сапарымыздың сәтті болғанына шын қуандық.

Нұрболат ТЕМІРОВ,
Павлодар қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тарих
пәні мұғалімі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз