Баннер 9 мая от газеты Атырау

ӨНЕРЛІГЕ – ӨРІС КЕҢ

Балалар мен жасөспірімдерге қосымша білім беруде, олардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруда Атырау қаласы бойынша мектептен тыс жұмыс орталығы  жұмыс жасайды. Атырау қаласының мектептен тыс жұмыс орталығы 2000 жылы көп балалы және аз қамтылған жанұя балалары үшін  құрылды.

 

Қазіргі уақытта аз қамтылған жанұя балаларымен қатар, ата-ана сұранысына сай кейбір үйірмелерде ақылы топтар  ашылған.  Ақылы топтарда  балалардың жеке дайындалуына мүмкіндік бар. Үйірмелерге қатынасу барысында  қосымша білім беру ата-аналардың, балалардың таңдауын іске асырып, баланың мүмкіндіктерін есепке алады, яғни дамытады, жетілдіреді. Орталық облыстық және қалалық мәдениет басқармалары, облыстық, қалалық кітапханалар, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, қарттар мен мүгедектер үйі, саңыраулар қоғамы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, облыстық Ш.Сариев атындағы өнер мұражайы, «Ақжелкен», «Жерұйық» шығармашылық орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс түрлерін жүргізеді.

Орталықтың өнерлі өрендері ағымдағы жылы қаңтар-маусым айлары аралығында Алматы қаласында өткен «Күншуақ» халықаралық байқауында, «Қысқы ертегі», «Рауан», «Сәлем, Астана» республикалық фестиваль-байқауында вокал номинациясы бойынша жүлделі орындарды иеленіп келді. Қалалық оқушы ақындар айтысында, «Жарқын болашақ» қазақ тілі  олимпиадасында, «Ақ берен» көркемсөз байқауында да оқушыларымыз марапатсыз қалмады. Жаз бойы орталықтың үйірмесіне қатысқан оқушылар әртүрлі шығармашылық жұмыстармен айналысты.

 Айзада ТҮСІПҚАЛИЕВА,

мектептен тыс жұмыс

 орталығының директоры,

Атырау қаласы.

Кітапхана – ақпараттың қайнар көзі

Соңғы үш жылда Жылыой ауданындағы мектеп кітапханаларында «Ең үздік кітапхана» сайысын ұйымдастыру дәстүрге айналып отыр. Мақсаты – әрбір кітапханашының өз жұмысына деген шеберлігін, жан-жақтылығын байқау. Себебі, әр іс-шараның жастардың рухани жан дүниесін, ой-өрісін байытуға тәрбиелеуде маңызы зор.

Мысалы, соңғы жылдары «Мектеп баспасы» «Атамұра», «Алматы кітап» баспаларымен жеткізілген оқулықтар – осының айғағы. Сондай-ақ, электронды оқулықтарды пән мұғалімдері өз қажеттеріне пайдаланып келеді. Ауданда кітапханашылар білім жетілдіру курсынан өтіп, мектеп кітапханалары «Маrk-A» бағдарламасымен жұмыс жасауда. Бүгінгі таңда кітапхана қорында 58 000 дана кітап бар. Оның ішінде 45 000 дана оқулық, 2747 дана көркем әдебиет, 2165 дана мұғалімдердің әдістеме-нұсқаулығы бар. Жаңа оқу жылына мектепте өткізілетін мазмұнды іс-шаралардың жоспарын дайындап отырмыз.

Ақайжан ТАҒАЕВА,

 №9 орта мектептің кітапхана меңгерушісі,

Жылыой ауданы.

Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы

Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу – әр мұғалімнің борышы. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін жан.

Аса көрнекті қазақ геологы, ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, академигі Қаныш Сәтбаев: «…1 қыркүйекте не салтанатты шеру, не салюттер болмайды. Бірақ, бұл күн ешқандай мерекемен тең келмейтін, білімнің асқар шыңына жетелейтін, қайталанбайтын күн. Бұдан асқан ұлы мереке жоқ», – деп толғанған екен. Олай болса, мұғалім бақыты – шәкірт құрметі. Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. Өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да, ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан әріптестеріме, ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында биік белестер мен шығармашылық табыстар тілеймін.

Ұлмерек ЕЛУБАЕВА,

Л. Шахатов атындағы орта мектебінің

қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі,

Мақат ауданы,

Мақат поселкесі.

Төгілген тердің өлшемі

Бүгінгі таңда жүзеге асып жатқан ең өзекті мәселе – мектептерді Назарбаев зияткерлік мек­тебінің оқыту дәрежесіне жеткізу. Осы мақсатта «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты мұғалімдерді жоғары деңгейлік курстардан өткізуді қолға алып отыр.

Сонымен қоса бұған ақпараттық – желілік қызметті кеңейту, әрбір істің ашық болуы, мүдделі тұлғалардың жұмыс нәтижесіне деген жауапкершілігін арттыру жатады.

Қазіргі кезде оқу үрдісінде жаңа ақпараттық технология қолданылады, бұл білімді ұрпақ даярлауда тиімділік пен сапаны жоғарылатуға әсерін тигізеді. Білім беру мекемелерінде техникалық және мазмұнды талаптарға сәйкес ақпараттық сайтты қайта құру жұмысы қарқынды жүргізіліп келеді. Оқу үрдісі кеңінен қолданылатын телекоммуникациялық технологияға сүйенеді. WAP-портал инновациялық жоба жұмыс істеуде, бұл кез келген ата-ананың баласының білім нәтижесін көруіне мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні білім саласындағы оң өзгерістерді тез меңгеріп, әріптестермен тәжірибе алмасу, оқыту мен оқудағы жаңа әдіс-тәсілдерді бірігіп оңтайландыру, басымдықтарды анықтап шешу жолдарын жүйелеу істері лайықты нәтижелерін беріп келеді.

Ертеңгі күннің еншісі де осы бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өлшемімен таразыланады. Болашағымыз жарқын болу үшін, жастардың ел мүддесін қорғайтын жан-жақты дамыған азамат болып өсуіне өзіміздің азаматтық, ұстаздық үлесімізді қосуымыз керек. Сонда ғана ертеңіміз сәулелі болып, мәңгілік ел атанарымыз анық.

Бақытгүл ҚЫДЫРОВА,

Қ.Сәтбаев атындағы №19 орта мектебінің

І деңгейлі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі,

Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз