ОНЛАЙН ОҚЫТУ: тиімді ме, тиімсіз бе?

2020 12 11 internet 960x500 1 Білім

Ақпараттық заманның ағыны осыдан төрт жыл бұрын білім берудің жаңа жүйесін өмірге әкелді. Ол – қашықтан оқыту немесе онлайн білім беру. Бұл оқушы мен ұстаздың сыныпта емес, бір-бірінен қашықта жолығуы. Өңірдегі төтенше жағдайға байланысты әуелі Құлсарының, сосын Атырау қаласы мен Махамбет, Исатай аудандары мектептерінің онлайн оқуға көшкеніне міне, он күннен асты. Елде оқытудың мұндай жүйесі бұдан бұрын COVID-19 пандемиясы секілді халыққа қырғидай тиген қауіпті вирус тараған уақытта қабылданған еді. Дегенмен кейін заңмен бекітілген онлайн оқудың пайдалы да, зиянды да жақтары барын жасыра алмаймыз. Елде карантин енгізіліп, адам өміріне қауіп төнген шақта бұдан тиімді білім беру жүйесі болмады, ал қазір сыныққа сылтау іздегендер күн суытып, жарық сөнсе де онлайн оқу сұрап жүр.

Бұл жолы оқытудың мұндай жүйесіне көшуге не себеп? Осы жолғы шешімнің тиімділігі қандай? Виртуалды әлемде алған білім күні ертең-ақ зардабын тигізбей ме? Жалпы, онлайн оқу – қандай жағдайда қабылданатын шешім?

Облыста су тасқынының алдын алуға байланысты төтенше жағдай жарияланғаннан кейін 10 сәуірден бастап Атырау қаласындағы мектептер онлайн оқуға көшті. Қазір қаладағы 75 мемлекеттік және 10 жекеменшік мектеп, Жылыой ауданында – 17, Махамбет ауданында – 15, Индер ауданында – 1, Исатай ауданындағы 16 мектептің оқушылары осылай білім алып жүр. Оқушылар толықтай онлайн оқуға қатыспаса да, тиіп-қашып білім алып жатқанын жасыра алмаймыз. Тіпті, тасқын судан қауіптенген кейбір ата-аналар қолхат жазып, балаларын басқа өңірге алып кеткен.

Ал, облыс орталығындағы оқушылардың қашықтан оқуға көшетіні туралы қалалық білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова хабарлаған еді.

– Республика Оқу-ағарту министрінің №42 бұйрығына сәйкес Атырау қаласындағы әрбір білім беру мекемесінде өткен кеңестің хаттамасымен мектептерді 10 сәуірден бастап толықтай онлайн оқуға көшіру туралы шешім қабылданды. Бұл бірінші кезекте, ата-аналар тарапынан балаларды онлайн оқуға сұраған өтініш талаптардың көп түсуіне байланысты. Қазір Атырау қаласындағы мектептерде 6037 ұстаз, бұдан өзге педагог емес қызметкерлер бар. Білім беру мекемелерін онлайн форматқа көшірген жағдайда сабақтарды ауысыммен өткізіп болған соң қызметкерлер жаға бекіту жұмыстарына белсене араласып, көмек қолын созуға ниет білдіруде, – деп түсіндірді қалалық бөлім басшысы.

Дегенмен мұны ата-аналар екі жақты қабылдады. Әсіресе бір айдан соң мектеп бітіріп, аттестат алатын балалары бар ата-аналар оқу жылының аяқталуына онсыз да аз уақыт қалғандықтан білімді дәстүрлі форматта жалғастыруды қалайды.

Естеріңізде болса, карантин уақытында үйден білім алған балалардың үлгерімі төмендеп, ол облыстағы білім сапасы көрсеткішіне де кері әсер еткен еді. Бұған дейін де білім көрсеткіші тұрғысынан соңғы орындарда келе жатқанмен, білім беру басқармасы сапаның құлдырауын осымен байланыстыруға тырысты. Өйткені, онлайн оқу әсіресе бастауыш сынып және үлгерімі төмен оқушыларға ауыр тигені рас. Тіпті араларында әріп танымай қалған балалар да бар. Мұғалімнің нұсқаулығы бойынша баланы үйден оқыту ата-аналарға да оңай тиген жоқ.

Әлемдік тәжірибеде болса да, онлайн білім берудің қиындығын бастан өткізген атыраулық тұрғынның бірі Айзада Өтемұратова мұның қиын тұстарын да жасырмайды.

– Өзіміз көп қабатты үйдің тұрғынымыз. Коронавирустан сақтанып төрт қабырғаға тығылған сәтте шынын айту керек, үш баланы бірдей онлайн оқыту оңай болған жоқ. II, IV, V сыныптарда оқитын балаларыма әр сабақтың тақырыбын түсіндіру қиынның қиыны еді. Үш балаға екі телефон, Online Mektep платформасы да дұрыс қосылмай, мұғалімдерге WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы жіберген тапсырмаларын орындатып, біраз әбігерге түскенім бар. Ата-ананың үйреткені бір бөлек, өз ісінің маманы ұстаздың балаға көз алдында білім бергені бір бөлек екен. Сол сәтте отбасымызбен ұстаз ұғымының қадірін ұғындық. Балалар мектебін сағынды. Қазір де үйден сабақ оқыту оңайға соғып жатқан жоқ, – дейді ол.

Мұндай тәсілді қолданғанда Айзада балаларының сабаққа зауқы болмағанын, тіпті мұғалім оқушыларды түгендегенде «жай қосу белгісін баса салсам болды ғой» деп сабаққа салғырт қарайтынын да жасырмады. Иә, Айзаданың басынан кешкен жағдай әр ата-анаға жақсы таныс. Бірақ ол кезде адам саулығына қауіп төніп, халық ажал құшып жатқанда одан басқа амал болмаған еді. Ал, қазір ше?..

Иә, қазір де ахуал мәз емес. Тасқын су қалаға кіріп, мектептер жабылмағанымен одан келер қауіптен, «сақтанған сақ жүреді» демекші, алдын ала қамданып, оқушылар қашықтан білім алуға көшірілді. Атыраулық балалардың басы Алматы, Астана асса, соңы Ақтөбе, Маңғыстау өңірлерінде жүр. Мол судан қауіптенген ата-ананың дені балаларын ата-әжелерімен бірге өзге облыстарға жіберген. Бұл да жөн бе дерсің. Бірақ…

Психологтардың пікірінше де қашықтан білім алушының оқуға деген ынтасы болмаса, ондай сәтте оқушыға ұстаздың берер көмегі аз. Ал, мектеп қабырғасында ұстаздар өзінің харизмасымен кез-келген баланың оқуға деген ынтасын оятып, білімге деген құлшынысын арттырады. Мұны ұстаздар да жоққа шығармайды.

– Қашықтан оқыту, əсіресе мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бірінші сынып оқушылары үшін оңай болмайды. Олар мектепке барып, әуелі əріп тануы қажет. Жалпы, онлайн сабақ беру студенттер үшін ғана тиімді деп санаймын. Оқушылар үшін көзбе-көз мұғалім мен оқушы біте қайнасып жұмыс жасағанда ғана сабақ мақсатына жетеді. Сонда ғана бала бір нәрсе үйренеді. Ал, онлайн сабақ бола қалған жағдайда балалар мұғалімдерінің жіберген видеосабақтары негізінде оқиды. Сондықтан, əр ата-ананың ұстазбен барынша бірлесе жұмыс атқаруына тура келеді, – дейді Атырау қаласындағы №40 орта мектептің директоры Жанаргүл Атшыбаева.

Облыстық білім беру басқармасынан сұрап білгеніміздей, қолайсыз ауа райы жағдайында аудандық білім беру бөлімдері дербес шешім қабылдау арқылы сабақты онлайн оқуға көшіре алады.

«Аталған аудандар мен облыс орталығындағы мектептерді қашықтан оқыту Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 27 қарашадағы №349 бұйрығы және облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төтенше жағдай жариялау туралы 7 сәуірдегі №3 шешіміне сәйкес қабылданып отыр», – деп түсіндірді облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова.

Қашықтан оқыту біз ойлағандай жаңа пайда болған әдіс емес екендігін бірі білсе, бірі біле бермейді. Оның тарихы сонау XVIII ғасырда поштамен қатар пайда болған екен. Студент қажетті кітаптарды пошта арқылы алып, ұстазымен оқу барысында хат алмасып тұрған. Ал, емтиханды ұстаздың сол қаладағы сенімді адамына немесе ғылыми жұмыс ретінде жазбаша тапсыратын болған.

1990 жылдары көпшілікке қол жетімді бола бастаған «дербес компьютерлер» онлайн білім берудің дамуына жаңа серпіліс берген. Мәселен, Америка Құрама Штаттары қашықтан оқитындардың саны күрт артуына байланысты үкімет білім беру мекемелерінде бұл әдістің 50 пайыздан аспауы керектігі туралы заң қабылдауға мәжбүр болған.

Шындығында бұрынғы бала мен бүгінгі баланың айырмашылығы жоқ. Тек қоғам дамып, тұрмыстық жағдайдың жақсарып, адамдардың талабы күшейе түскені рас. Бірақ біз баланы өбектеу  арқылы оның болашағына балта шауып жатқан жоқпыз ба?!

Бізді ойландыратын да осы сауал!

Түйін:

Бұл мәселеде де қоғам пікірі екіге жарылары анық. Уақыт өте келе білім берудің онлайн білім беру жүйесі де сүзгіден өтіп, саралана жатар. Ал, бұл жүйенің басты мақсаты – жас ұрпақты білім нәрімен сусындату. Онда дәстүрлі білімнің бәрінен озық екеніне ешкімнің дауы болмас. Ал, онлайн білімнің оқушыны «оңдырмайтынын» уақыттың өзі дәлелдеп жатқандай.

Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?..

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз