Ұстаз «Ерен еңбегі үшін!» медалімен марапатталды

ccc Білім

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Атырау қаласындағы №3 орта мектептің мұғалімі Татьяна Любина халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Айтулы награданы иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі салтанатты жағдайда тапсырды.

           Ол 1961 жылдың тамыз айында Атырау облысы Индер ауданының Көктоғай ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Есбол ауылындағы Ж.Жабаев атындағы орта мектепті бітірген. Еңбек жолын өзінің туған ауылындағы Кеңестер Одағының Батыры Б.Нысанбаев атындағы орта мектепте тәлімгер болып бастаған.1978-1984 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде оқып, осы жоғары оқу орнын «Қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

            Ұстаздық қызметін Көктоғай ауылындағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектепте мамандығы бойынша шәкірттерге дәріс беруден бастаған Татьяна Нестеровна кейіннен отбасылық жағдайына байланысты еңбек жолын Атырау қаласындағы А.Чехов атындағы орта мектепте жалғастырады. Ал 2005 жылдан бүгінге дейін облыс орталығындағы №3 орта мектепте орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытып келеді.  

            –Мұның өзіндік себебі де жоқ емес. Қашан да шәкірттеріне білгенін үйретуден жалықпаған, әрдайым шығармашылық әзденіс үстінде, өзін-өзі кәсіби тұрғыдан дамытып, біліктілігін жетілдіру үстінде жүретін әріптестесіміз еңбектен қол үзбестен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін «Қазақ тілінен өзге тілде оқытатын мектептерге арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Міне, содан бері ол шәкірттерге екінші мамандығы бойынша дәріс беріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге өлшеусіз үлесін қосуда. Біз әріптесімізді әркез мақтан тұтамыз. Ол – отбасылық өмірде де өнегелі жан, қазақтың келіні. Педагогтың мерейін өсірген марапат барша ұстаздар қауымына көрсетілген зор құрмет деп бағалаймыз. Бұған дейін Татьяна Нестеровнаның педагогика саласындағы жетістіктері облыстық, республикалық мерзімді басылым беттерінде жариянып жүр, – дейді мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Венера Хайдарқызы.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз