Баннер 9 мая от газеты Атырау

ЭЛЕКТРОНДЫҚ ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІ

ОЛ ҚАЛАЙ ІСКЕ АСУДА?
ҒАЛАМТОР ҒАЛАМАТЫН ПАЙДАЛАНЫП...

Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының  басты жаңалықтарының бірі - білім ошақтарының электронды оқытуға көшуі. Қазір Атырау облысындағы 24 білім беру мекемесінде электронды оқыту жүйесі жұмыс жасайды.

 

electrondКелер жылы облысымыздағы 30 мектеп аталмыш жобаға қосылып, ал 2020  жылға дейін барлық білім беру мекемелері толықтай электронды тәсілмен оқытылмақ. Бұл туралы электронды оқытуға қосылған 24 мектептің басшылары мен ақпараттық жүйе мамандары бас қосқан семинарда айтылды. «Электронды оқытуды енгізудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы семинарда «е-learing» оқыту жүйесінде кездесіп жатқан мәселелер мен электронды оқытуға дайындықтың алғышарттары туралы түсіндірмелі баяндамалар оқылып, педагогтар өзара пікір алмасты.

«Биылдан бастап электронды оқытуға қосылған кей мектептерде интернет желісінің жиі үзіліп кетуі, жылдамдықтың баяулығы сынды кемшіліктер көрініп қалып отыр. Әсіресе, ауылдық жерде жаңбырдың, қатты желдің әсерінен ескірген электр желілерінің үзілуінен электрондық оқыту жүйесін жүйелі жүргізе алмау жағдайлары бар. «Қазақтелеком» мекемесі бұл мәселелердің оң шешімін табуға жұмыстанулары керек. Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап оқушының ата-анасына электронды хабарлама жіберу тәсілі қолданысқа енеді», – деді облыстық білім беру басқармасының бөлім бастығы Алмагүл Қайырлиева.

Бұрын ата-ана мектептегі баласының сабағын, тәртібін аяқтай барып біліп, ұстаздарынан сұрап жүрді. Ендігі кезекте ата-ана мектепке бармай-ақ, электрондық оқыту жүйесі арқылы үйде отырып біледі. Яғни, әрбір компьютердегі оқушының жеке «e-mail», құпия сөзі арқылы ата-ана қолайлы уақытта өз баласының сабақ үлгерімін мониторингтен көре алады. 

Ал, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»  АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ақпараттық технологиялар бөлімінің бастығы Жаңыл Балапанованың бізге берген мәліметінде, оқушы автоматтандырылған жүйеде өзінің жеке портфолиосын, күнтізбесін, күнделігін жүргізеді. Ал, мұғалім күнтізбелік-тақырыптық жоспары бар электрондық дәптерді, сынып журналын, хабарландыру қызметін (алда болатын жоспарлы және жоспардан тыс жиналыстар мен кездесулер туралы оқушылардың ата-аналарына e-mail немесе sms-хабарламалар, есептер және т.б. жіберу) толтыратын болады.

Ата-аналар қауымы тәрбие мәселелері бойынша кеңестер алу, сондай-ақ қашықтықтан баласының сапалы орта білім алуы мен жетістіктері туралы ақпараттық хабарлама алу мүмкіндігіне ие болады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз