Өрісі кеңейген өңір

Қызылқоға ауданы бойынша жұмыстың барлық саласында өсім байқалады
Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» реформасының басты қағидаттарының бірі – атқарушы орындардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету. Бұл ретте аймақтық коммуникациялар қызметінде Қызылқоға ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде аудан әкімі Мақсот Мұқанов баяндады. 
БАСТЫ МАҚСАТ – ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕС
  Белгілі болғанындай, биылғы көрсеткіштер бойынша ауданның әр саласында өсім байқалады. Мәселен, осы жылы бес айда өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 30 578 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімінде 25 529 млн. теңге болған еді. Ал, негізгі инвестицияның көлемі былтырғымен салыстырғанда 151,4 пайызды көрсетті. Өңірдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуда ауданның арнайы картасы жасақталды. Кәсіпкерліктің дамуында да қарқын бар. Былтыр 393 млн. теңге бөлініп, 91 жоба жүзеге асса, биыл 380 млн. теңгеге 101 жоба қаржыландырылады. 
 Мәдениет саласында 50 мекеме қызмет етуде. Барлық білім беру нысандары қажетті жабдықтармен қамтылған. Денсаулық сақтау, спорт салаларының даму көрсеткіштерінің жоғары екенін айтқан аудан басшысы өңірдегі жұмыссыздық мәселесіне де тоқталды. 
–  Бүгінде жұмыссыздар есебінде  596 адам бар. Оларды жұмыспен қамтуда барлық мүмкіндік қарастырылуда. Осы кезеңде 167 адам әртүрлі жұмыс орындарына қызметке орналасып, көрсеткіш 20,8 пайызға орындалды. Жалпы жыл аяғына дейін 800 адамды жұмыспен қамту жоспарланды,– деді М.Мұқанов. 
  Жұмыссыздық  деңгейін азайтудың басты тетігі – жаңа жұмыс орындарын ашу. Бұл бағытта 750 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Былтыр осы мерзімде 143 жаңа жұмыс орны ашылған. Аудан аумағы негізінен мал шаруашылығына, жайылымдық жерлерге ыңғайлы болғандықтан, ашылған жұмыс орындарының дені осы саламен байланысты. Бұл жөнінде баяндаған аудан әкімі алдағы уақытта да бұл саланың дамуына кеңінен басымдық берілетінін айтты. 
ҚЫМЫЗ БЕН ШҰБАТ ӨНДІРІЛЕДІ
– Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнім өнімділігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жасалуда. Қой және ірі қара малды бордақылаумен айналысатын барлығы 45 шаруашылық бар.  «Қызылқоға Бастау» несие серіктестігі мал азығын дайындайтын жылжымалы сервистік дайындау орталығын ашуға қажетті техникалар мен ет және жүн өнімдерін өңдейтін цехтың құрал-жабдықтарын алды. Аталған орталық шілде айының ішінде ашылады. Аудан орталығы Миялы ауылынан коммуналдық меншіктегі бос тұрған ғимаратты кәдеге жаратып, шұбат, қымыз өндіретін цех ашу қолға алынуда. Сонымен қатар, Мұқыр ауылдық округіне қарасты Жантерек елді мекенінен «Абердин-Ангус-Атырау» ЖШС арқылы 500 ірі қара малын бордақылайтын нысан салынуда. Қазір құжаттары жасақталып жатыр, – деді Мақсот Сайполұлы. 
Жергілікті жердегі атқарылған істерге тоқталған аудан әкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сауалдарына да жауап берді. 
– Елді мекендердегі мәдениет үйінің жай-күйі қалай? Әсіресе, Қарабау ауылындағы көп қабатты мәдениет үйінің қаңырап, бос тұруына не себеп? Ғимаратты қайта қолға алып, жұмысын жандандыру жоспарланып отыр ма?
– Қызылқоғада бір аудандық, алты ауылдық мәдениет үйі, төрт ауылдық және он елді мекенде клуб бар. Олар қажетті құрал-жабдықтармен қамтыл-ған. Ал, үш ауылға мәдениет үйі қажет. Соның бірі Қарабау ауылындағы кеңестік кезеңде  салынған мәдениет үйі. Техникалық жағдайы белгіленген талаптарға сәйкес келмегендіктен оны бұзу жұмыстары жүргізіледі. Арнайы лецензиясы бар мекеме жуырда бұл істі қолға алады. Биыл селода жаңа типтегі 300 орындық мәдениет үйі салынады. Мұндай жұмыс Тасшағыл селосында да жоспарланды. Ал, Мұқыр ауылында 400 орындық клуб құрылысы басталмақшы. Бұдан кейін ауданның барлық өңірі мәдениет үйімен толық қамтылады.
БРУЦЕЛЛЕЗДЕН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?
– Қызылқоға ауданында өткір тұрған мәселе – бруцеллез ауруы.  Оның пайда болуының себеп-салдары неде? Оған қарсы күрес жұмыстары қалай жүргізілуде?
–  Бруцеллез Қызылқоғада 1980 жылдардың ортасынан бері байқалып келеді. Шарықтау шегі – 2006 жыл. Бұл уақытта ірі қараның арасындағы көрсеткіш 6,5 пайыз болса, қазір 1,5 пайызды құрайды. Ауданның орналасу территориясы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданымен, шығысында Ақтөбе облысының Ойыл аудандарымен шекаралас болғандықтан, мұндағы малшылардың бәрі бір қоныста. Сондықтан, осы аудандарда бруцеллез ауруы өршіп, оны тоқтату қиынға соғуда. Қалай десек те, онымен қарсы күресте вакцинация жұмыстарын жүргізу маңызды. 2007 жылы ұсақ малдарды егу жұмыстары тоқтап қалғаннан бері ауру күшейіп кетті. Ендігі уақытта арнайы тіркелген вакцинацияны жүргізу қажет. Оны халық арасында түсіндіріп жатырмыз. Өткен жылы бруцеллез ауруына шалдыққан малдар үшін 20 млн. өтемақы төленді. Биыл да өтемақы беріледі. Ал, малды вакцинациялау жеке адамдар есебінен жүргізіледі. Делдалдарды тарта отырып, бұл жұмысты атқару жоспарда бар.
АУДАННЫҢ ЖЕР ҚОРЫ КӨБЕЙДІ
– Бұған дейін Ресей Федерациясына қарасты болған Тайсойған полигонындағы жердің қанша көлемі Қазақстанға қайтарылды, оны қандай мақсатқа пайдалануға рұқсат беріледі?
– Тайсойған учаскесінде полигон аймағына жататын 749 мың гектар жер болды. Бұл аймақ соңғы жетпіс жыл бойы Ресей Федерациясына жалға беріліп, биыл Қазақстанға қайтарылды. Мемлекетаралық келісіммен 125 мың гектар жер полигон аумағында қалдырылды. Қалған 624 мың гектары ауданның жер қорына алынды. Бұл Миялы селосы мен Мақат ауданына дейінгі аумақты қамтиды. Жер ауыл шаруашылығына, мал өсіруге өте қолайлы. Мұнда мал азығын дайындаушыларға 269 мың гектарды құрайтын бес учаске бөлінді. Биылғы көктемгі жауынның әсерінен шалғын мол шықты. Сексен-жүз мың тонна мал азығын дайындау жоспарда бар. 
Негізінен жерді игеру жұмыстары басталды. Ауданның ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер көлемі – 356 мың гектар. Онда 189 шаруа қожалығы жердің 15 пайызын ғана пайдаланып отыр, қалғаны бос жатыр. Сондықтан кәсіп ашып, шаруашылықпен айналысамын деушілерді қолдаймыз. 
– Жастардың кәсіпкерлікке ынтасы қандай?
– Жастардың кәсіпке белсенділігі жыл сайын артып келеді. Бірқатары қоғамдық бірлестіктер ашуда. Олардың ауданда өтетін шараларға қатысуы өте жоғары. Тазалық, қайырымдылық жұмыстарын да қарқынмен атқарады. Жалпы, жұмыс іздеп, қалаға ағылмай, ауылда тұрақтап қалуларына мүмкіндік мол. «Кәсіпке бет бұрамын» дегенге зор қолдау бар. Мұны қызылқоғалық жастар ұтымды пайдалануда. 
– Газбен, сумен қамтамасыз етілмеген елді мекендер бар ма?
– 25 елді мекеннің 19-ы, жалпы аудан халқының 96 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Газ құбыры жүргізілмеген  алты  шағын елді мекен инвестициялық жобаға ұсынылды. «Ақбұлақ» бағдарламасымен таза ауыз суды 13 елді мекен толық пайдалануда. Ауданның 93 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Шағын және орта кәсіпкерлік:
Тіркелген субъектілерінің саны – 1219. 
Кәсіпкерлік нысандарында қызмет ететін адам саны – 1750.
Өндірілген өнім сомасы – 1015,0 млн. теңге. 
Былтырғы салыстырмалы мерзімнен 27 пайыз жоғары.
Ауыл шаруашылығы саласы: 
Жалпы өнім көлемі – 3 362,3 мың теңге. 
Асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысатын қожалық саны – 9.
Жылыжай шаруашылығы:
Ауданда төрт  жылыжай жұмыс жасауда.
 
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз