Халықтың мүддесі – БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ

Бірінші шақырылған Атырау қалалық мәслихаты  1994 – 1999 жылдар аралығында қызметін атқарды. Алғашқы сессия 1994 жылдың 24 наурызында өтіп, оған 22 депутат сайланды. Бұл кез қайта құрулармен бетпе-бет келген егемендіктің елең-алаңындағы өліара шақ еді. Қалалық мәслихаттың алдында жаңа мемлекетті қалыптастыруға, құруға атсалысу, жас мемлекеттің барлық салаларына заман талабына сай өзгерістер енгізумен бірге, әлеуметті қалыптасқан ауыр ахуалдан алып шығу міндеті тұрды. Сол себепті қалалық мәслихаттың бірінші шақырылымына өз мамандығының кәсіби шеберлері ғана емес, өмірден көрген-түйгені мол, ылғи сайдың тасындай азаматтарды сайлауға тура келді. Өйткені, Ата Заңымызға сәйкес, мәслихат халықтың еркін білдіретін және оның мүддесін мейлінше қорғайтын бірден-бір орган еді.

Атырау болашағы зор, экономикасы мен әлеуметтік дамуы тұрғысынан қарыштап дамып келе жатқан бірегей орталықтардың бірі десек, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында қалалық бюджеттен үнемі мол қаражат бөлініп келеді. Соның ішінде, жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмек көрсетуге де қомақты қаражат қарастырылуда.  Қазіргі кезде облыс орталығы мен қала маңындағы селолық округтерде республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың есебінен бірнеше балабақша құрылысы жүруде. Мұның барлығы депутаттардың халықтың әл-ауқатын арттыруға айрықша көңіл бөліп, ұдайы назарда ұстап отыратындығын көрсетеді. 

Мемлекеттік тіл саясатын қолдау мақсатында Атырау қаласындағы бірқатар орысша аталып келген көшелер мен өткелдер атауларының транскрипциясын мемлекеттік тілдің мәтініне өзгерту жөніндегі  шешімдер мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, қолданысқа енді. Мәселен, «Жеңіс саябағы» алдындағы көшеге атақты композитор Нұрғиса Тілендиевтің, «Нұрсая» шағынауданындағы №3  көшеге күйші Рысбай Ғабдиевтің және тағы басқа атаулар беріліп, Акбулакская көшесі – Ақбұлақ көшесіне, Кокчетавская көшесі Көкшетау көшесіне өзгертілді. Сонымен қатар, қала көшелеріндегі жарнама атаулының сапасыздығы депутаттардың заңды алаңдатушылығын тудырған еді. Осыған орай, қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында «Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасының» орындалысы туралы мәселе тыңдалып, кемшіліктерді жою мақсатында нақты шаралар алу ұсынылды. 

Депутат қаланың белсенді тұрғыны ретінде де қоғамдық өмірге бір кісідей атсалысуы тиіс. Айталық, бағаны тұрақтандыру бағытында ірі монополистік компаниялармен бірлесіп, тұрмыс деңгейі төмен отбасылардың коммуналдық төлемдеріне қарасу, халық тұтынатын тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз ету өзекті мәселе болса, депутаттар әл-ауқаты төмен жанұяларға өз тарапынан және жергілікті бюджеттен қаржы қарастыру жолдарынан тартынған жоқ. Халық қалаулылары өз сайлаушыларымен жергілікті жерлерде де үнемі кездесіп отырады. Кездесу барысында тұрғындар мектептің, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, автомобиль жолдарын жөндеу, жылу беру, жұмыспен қамту, жастар тәрбиесі сынды мәселелерді көтереді. Осыған орай депутаттар тарапынан ұдайы тиісті шаралар алынып келеді.

Азаматтарды қоғамдық қабылдау жұмыстарына тоқталатын болсақ, «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің «Депутат күні» іс-шарасына сәйкес жүйелі қабылдау кестесі жасақталды. Бекітілген кестеге сәйкес қалалық мәслихат депутаттары аптаның әр бейсенбісінде «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалында азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдаулар жүргізіп отырады. Оның ішінде табиғи газ құбырын тарту, электр жарығын іске қосу, дәрі-дәрмекпен көмектесу, жұмысқа орналастыру сынды мәселелер бойынша көмектер көрсетілуде.

2005 жылдан бастап құрылған «Атырау қалалық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі қалалық мәслихат пен оның органдарының   ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырып, депутаттарға өздерінің өкілеттігін жүзеге асыруға көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар, Мәслихат хатшысы мен тұрақты комиссиялар төрағаларымен азаматтарды қабылдау жүргізуді қамтамасыз ету, қалалық мәслихат хатшысының атына  түсетін өтініштеріне уақытында жауап жолданып, үнемі бақылауға алынып отырады. Оған дәлел қабылдауда болған адамдардың  көптеген өтініштері оң шешімін тауып, кейбір өтініш-арыздары заңдылықтарға сәйкес қаралып, тиісті органдарға шара алуға жолданды. 2012 жылдан бері әр жылда 40-қа жуық арыз-шағым түсіп, барлығы дерлік оңды шешімін тапты.

Мәслихат аппаратының қызметкерлері депутаттарға қызметін атқару барысында көмек көрсетіп, қажетті ақпараттық-анықтамалық материалдармен, құқықтық кеңестермен қамтамасыз етіп отырады. Қазіргі уақытта депутаттар «Мәслихат депутатының үстел кітабы туралы» оқу құралын белсене қолдануда. Аппарат қызметкерлері оқу орталықтарында өз біліктіліктерін арттырып, депутаттарға үнемі әдістемелік көмек көрсетіп отырады.

Қалалық мәслихат аппараты тәжірибе алмасу мақсатында депутаттар үшін басқа өңірлерге іссапарларға шығуды ұйымдастырып келеді. Өткен жылдың 18-20 маусым аралығында Парламент Сенатының, Орталық сайлау комиссиясының, министрліктердің, «Қаз-МұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басшыларымен Атырау облысындағы мәслихат хатшыларының және мәслихат аппарат басшыларының  кездесуі өтті. Онда депутаттар мен аппарат басшылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  басшылығымен жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық саясатқа қолдау білдіре отырып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында көптеген ұсыныстарын жеткізді.  

Болашақтың барысына айналуды көздеп отырған мемлекетімізді биік шыңдарға жетелеуде мәслихаттар үлесінің зор боларына сенеміз. 

Бекболат ҚАЗИМАНОВ, 
Атырау қалалық 
мәслихатының хатшысы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз