Баннер 9 мая от газеты Атырау

Түнекте жүрген тағдырлар. ДАИШ – адами құндылықтан ада болғандар тобы

   Күні кеше Ақтөбе жерінде орын алған терро- ристік актілер лаңкестердің ешнәрседен тайынбайтынын көрсетті. «Жендеттер қатарын толықтыруға деген жанкештілік қайдан шығады?» немесе «адамдарды осындай деңгейге дейін зомбиландырудың артында кімдер тұр?» – Осы және өзге де сауалдарға облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек ШОҚАЕВ жауап береді.

РАДИКАЛ – НЕ ҒЫЛЫМИ, НЕ ДІНИ ІЛІМІ
ЖОҚ ЗОМБИ

– Орта Азия елдері, соның ішінде Қазақстан радикалдық идеялар қаупінен арыла алмай келеді. Бастапқыда агенттік болып құрылған Дін істері комитетінің жұмыс істей бастағанына да біраз уақыт болды. Арнайы заң да қабылданды. Десе де, Сирия секілді қатерлі аймақтарға өтіп кету фактілерінің еліміздің әсіресе батысында жиі тіркелуін қалай түсіндірер едіңіз?
– Бұл жерде біраз нәрсені түсініп алу керек. Біріншіден, діндарлармен арада профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Халықтың көпшілігі қазір халықаралық террористік ұйымдардың артында кімдердің тұрғанын білді. Және өзінің дін атын жамылған идеяның соңына еріп, адасқанын түсініп, асыл дінімізге қайта оралып жатқан бауырларымыз да бар.
 Екіншіден, Сирия асып кетуге асығатындардың дені негізінен әбден радикалданған топтар. Біздің теологтарымыз деструктивті ағым жетегінде жүргендермен де жұмыс атқаруда. Бірақ, радикалистерге көсемдері кімді тыңдап, кімді тыңдамау керектігі жөнінде әлдеқашан «үкім» беріп тастаған. Шындығына келгенде, дін атын жамылған радикалист – нағыз зомбиланған адам. Ол не теологиялық, не ғылыми дәлелдемелерді қабылдай алмайды. Үшіншіден, террористік идеялардың интернет-насихатшылары ақпараттық соғысты сәт санап үдете түсуде. Және мұндай соғыс бүгін-ертең тоқтамайды. Керісінше, ақпараттық шабуыл күн санап жаңа технология түрлерін игеруде. Мысалға, WhatsApp секілді тегін мессенджерлер жабық топтарға кез келген ақпарат жіберуге ең қолайлы құрал. Яғни, олар осындай механизмдер арқылы радикалдардың жаңа толқынын дайындап жатыр.
 Тарихқа үңілсеңіз, билікке таласқан топтардың діннің гуманистік және бейбітсүйгіш принциптерін шебер бұрмалағандарын көруге болады. Өкініштісі, мұндай эксперименттердің соңы трагедиялық жағдайларға, ал көзқарастардың барлығын догматизациялау мен абсолютизациялау қантөгістерге алып келіп отырған.
 Рас, кейде «радикалданған адамның көзқарасын өзгерту мүмкін емес» деген пікір айтылып жатады. Бірақ, біз олардың санасына қате көзқарастың түбі өзіне, отбасына және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін жеткізуге тиіспіз. Сол себептен де, экстремизм мен терроризмге қарсы профилактикалық механизмдерді, жат ағымды ұстанушыларды оңалту әдістерін дамыта түсу, жалпыұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауды күшейту маңызды.

ӘЙЕЛДЕР – ЖАНКЕШТІ ЖАСАУШЫ ҚУЫРШАҚ ҚАНА

«Халал жезөкшелік» деген нас ұғымды да осы ДАИШ деп аталатын террористік ұйымның лидерлері ойлап тапты. Кейде оны «джихадтық неке» деп ақтап алғысы келетіндер де бар. Ең жиіркеніштісі, радикалдық идеяларға әбден зомбиланған қыз-келіншектер ер адамдардың жыныстық қажеттілігін өтеу үшін сол «джихадтық некеге» әлемнің әр елінен өз еркімен ағыла бастады. Осындай масқаралық деңгейге түсудің себебін қалай түсіндірер едіңіз?
– Біріншіден, ДАИШ қатарында соғысып жүргендердің бойында ешқандай моральдық құндылықтар жоқ. Адамдардың басын қалай кесіп жатқандарын таспаға түсіріп мақтанып тұрған ондай баскесерлердің бойында қандай ізгілік болуы мүмкін? Аз десеңіз, кей жендеттер кішкене бүлдіршіндерін футболға үйрету үшін солдаттың кесілген басын тепкізіп жатады. Бұл картиналардың барлығы террористердің бойында бірде-бір адами қасиеттің қалмағанын көрсетеді. Сондықтан, «халал жезөкшелікке» таңдана қараудың өзі артықтау сияқты. Өйткені, даиштіктер адам бейнесіндегі айуандар ғана.
 – Екіншіден, әйелдерді ДАИШ қатарына тартудың артында оларды жеке күңіне айналдыру немесе кез келген сәтте сатып жіберетін тауар ету мақсаты да жатыр.
 – Үшіншіден, джихадшылар көп жағдайда тұрмыс құрмаған немесе жесір қалған әйелдер мен кәмелетке толмаған қыздарды қатарға тартудың арнайы технологиясын жасап шығарған. Мұндай әйелдерді радикалдандыру оңайдың оңайы. Себебі, олардың бірі әйел бақытына қол жеткізе алмады, енді бірі өмірлік тірегінен айырылды, жастар жағы албырттыққа салынып, тез шатасып жатады.
 – Төртіншіден, әйелдерді жанкешті дайындау үшін де пайдаланады. Бір ғана мысал. Мәскеудің Дубровка театрында орын алған терактіден кейін, барлық жанкешті әйелдердің жүктіліктің алғашқы кезеңінде болғандығы анықталды. Неге? Себебі, террористер әйелдерді, әсіресе, физиологиялық өзгерістер кезінде зомбиландырудың оңай болатынын жақсы біледі. Осының өзі террористер үшін әйелдердің жай ғана қуыршақ екендігін көрсетеді.

БАЛАЛАРҒА ҚАУІПСІЗ АҚПАРАТ ҰСЫНУ
МАҢЫЗДЫ

– Өзіңіз айтып өткеніңіздей, экстремистік, террористік бағыттағы идеялар, радикалдық үндеулер негізінен ғаламтор ресурстары арқылы жүргізіледі. Ғаламторды жиі қолданатын баланы интернет насихатшылардан сақтандыру үшін не істеу қажет?
– Мемлекеттік органдар жеткізуге тырысып жатқан ақпараттарды оқуға машықтану қажет. Бұл тікелей ата-анаға қатысты мәселе. Әке-аналарымыздың діни сауатсыздығы көп жағдайда балалардың жат ағымға ілесуіне әкеліп жатады.
Қазіргі таңда қажетті ақпаратты алуға толық мүмкіндік бар. Қазақстанның барлық аймағы бойынша, баспасөз беттерінде, телеэкрандарда, арнайы ашылған интернет-ресурстарда экстремизм мен терроризмге қарсы ақпараттық күрес жүргізіліп отырады.
Балаға ең алдымен көмекке келетін агент ата-ана болып табылады. Сондықтан, мамандармен кеңесе отырып, балаларға террористік ұйымдардан келетін қауіптер туралы ескертетін көркем фильмдер, деректі кинолар, бейнероликтер көбірек көрсетіңіздер. «Қазақтелеком» компаниясы ұсынған арнайы қызметті пайдаланып, балаңызды қауіпті сайттардан, қажетсіз ақпараттардан сақтандыра аласыз. Баламен жиі сөйлесіңіз, ашық пікірлесіңіз.

ШЕТЕЛДЕН ҚАРЖЫ ТОЛАСТАМАЙ ОТЫР

Салафтар проблемасы да қоғамда өткір тұр. Осы ағым жетегінде жүргендерді хақ исламға қайтаруға қаншалықты мүмкіндік бар?
– Салафтарды үш категорияға бөліп қарастыруға болады. Бірінші категориядағылар – деструктивті идеяларға терең беріліп кеткендер және ол идеяларды фанатизм деңгейінде насихаттайтындар. Мұндай адамдар әдетте үлкен немесе шағын топтардың басшысына айналады. Екінші категориядағылар діни ілімі, теориялық дайындығы болмаса да, өз іліміне берік сенеді. Үшінші топтағылар – салафизм бағытына енді-енді бой ұра бастағандар.

Ой. Пікір. Ұсыныс.
  Ақтөбедегі әріптестеріміз қанды оқиғаны салафилік-уахабилік идеяны қолдаушылармен байланыстыруда.
– Біріншіден, салафилікке ерушілердің діни сенімі мен ұстанымдары мемлекетке қарсы агрессиялық сипатта екені белгілі. Ал, адам баласының бойына қалыптасқан көзқа-растық агрессия түбінде іс-қимылға айналуы әбден мүмкін. Біз Ақтөбе оқиғасынан мұның іс жүзіндегі дәлелелін көріп отырмыз.
– Екіншіден, қазірге дейін ғаламторда жарияланған бейне материалдардан қылмыскерлердің жеткілікті деңгейде дайындықтары жоқ жастар екені көрінеді. Қаруды ұстауды да дұрыс меңгермеген. Бірақ, агрессиялық тұрғыдан қажетті деңгейде қан төгуге және өлуге дайын болған. Бұлардың арасында діни сауаты терең тұлғалар бар деп ойламаймын. Себебі, біздің еліміздегі салафилік ағымның уағызшыларының өзі жоғары деңгейде діни сауатты емес.
– Үшіншіден, бұл топты ДАИШ-пен байланыстырушылар да бар. Ол жағын құзырлы органдар анықтай жатар. Бірақ, сол ДАИШ-тің теологиялық және діни идеологиясының салафилік екенін ешкім жасыра алмайды. Сондықтан, салафилік ағымға қатысты есебімізден жаңылмау үшін бұл мәселені назардан тыс қалдырмауға тиіспіз.
– Төртіншіден, бұл оқиға елімізде салафилікке қатысты батыл саяси шешім қабылдауға тағы да қатаң негіз болады деп үміттенеміз.
  Біздің теологтарымыз, мамандарымыз олармен жеке жұмыс жүргізіп те отыр. Осы ретте оңалту процесінде кездесетін проблемаларды атап өткім келеді. Біріншіден, олар «хақ жолда жүрміз» деп есептейді. Сондықтан, біздің көмегімізді тура жолдан тайдырушылардың әрекетіне балайды. Екіншіден, жат ағым лидерлері оларға басқа ұстаздарды тыңдамауға «үкім» беріп тастаған. Сол арқылы олар салыстырып, шешім қабылдау мүмкіндігінен айырылып отыр. Үшіншіден, адасқандардың арасында топтан кетуді сатқындыққа балайтындар да бар. Яғни, теологтар пікірінің дұрыстығына көз жеткізе тұрып, адасқандардың арасында достарының барын айтып, екіұдай күй кешетіндер де табылады. Төртіншіден, жат ағымдар шет мемлекеттерден ұдайы қаржыландырылып отырады. Оларды қолдаушы беделді топтар еліміздің ішінде де бар. Атап көрсетілген алғашқы үш мәселемен біз күресе аламыз. Бірақ, төртінші мәселе – құқық қорғау органдарының құзырында.

Әңгімелескен:
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз